Ол өзін «Ермек Атақазиевпін» деп таныстырды. Әйелінің есімі Мархамат екен. Қыздары Айлин бір жарым жастан енді асыпты.
«Шіркін, – дейсің, – жанары сау болса мына жігіт ел арқасындағы жүктің бір шетін көтерісіп-ақ жүретін азамат қой. Бой десең бой, түр десең түрі бар. Күш-қуаттан да кенде емес. Жасы да қылшылдаған қырықта...».
Бірақ бұл біздің ішкі толғанысымыз. Оның өзі мұндай күйреуік сезімді жақтыра бермейді.
– Отбасыңмен тұрып жатырсың ба? Ата-анаңа салмақ салмайсың ба? – деп ем:
– Қалай салмақ саласың? Жас болса қырыққа келді. Қайта оларды біз асырауымыз керек емес пе? – деп шарт ете қалды.
Ермектің әйелі Мархамат Тараз қаласындағы теміржолшылар ауруханасында сырқаттарға массаж жасайтын болып шықты. Өз күндерін өздері көретін кәсіпкерлердің «тілімен» айтсақ сол мекемеден бір бөлмені жалға алыпты. Жалға беретін ақшасын қоспағанда бір айда 45-50 мың теңге көлемінде табыс табады. Ал Ермектің зейнетақысы 29 мың теңгенің о жақ, бұ жағында.
Одан кейін Ермек те қол қусырып қарап отырмайтын азамат көрінді. Соқырлар қоғамында спорт бөлімі ашылып, қазір соған жетекшілік жасап жүрген жайы бар. Оның жұмысы, негізінен, зағиптарды спорттық жаттығулар арқылы сауықтыруға, яғни уақыттарын мәнді өткізуге атсалысу. Әңгімесін тыңдап отырсам, уақыты спорттық жарыстарды ұйымдастырудан, спортшыларды қадағалаудан босамайтын сияқты.
Сонда олар спорттың қандай түрімен шұғылданады? Айтайық, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ және жүзу. Сонымен бірге түрлі деңгейдегі жарыстарды да ұйымдастырады. Араларында өз чемпиондары да бар. Мысалға, қасындағы Ерлан Арғынбаевты алайық. Дүниеге 1985 жылы келген оның жүгіруден «чемпион» деген атағы бар. Атап айтсақ, осы өңірде өткен республикалық спартакиаданың бәсекесінде 200 метр қашықтықты 32 секөнтте жүгіріп өтіп, жеңімпаз атаныпты. Аяқ-қол буындары ауыратын адам үшін бұл оңай меже емес. Осы қашықтықтағы әлемдік рекордтың көрсеткіші, мысалы, 28 секөнт екен. Ал ол Ерланның көрсеткішнен небары 4 секөнтке ғана аз.
Ермек ағасын тілшілер қосынына жетелеп келген де осы «желаяқ» Ерланның өзі. Шаршамай келіп, қиналмай тапқандарына тәнті болдым. Әйтпесе, екі көзі бірдей зағип Ермектің өздігінен жүруі қиын.
– Ереке, туа бітті зағипсыз ба?
– Жоқ, осыдан 4 жыл бұрын болды.
– Апаттан ба?
– Көз ауруының әсері. Асқына берді де, аяғы осылай болды. Болашақта спортқа жетекшілік етумен қатар, басқа кәсіппен де шұғылдансам ба деп ойлаймын.
– Мысалы...
– Жазу өнері қолымнан келетін сияқты. Қазір техника жетілген заман, зағиптарға арналған құрылғылар да бар, егер компьютердің клавиатурасына қолымды жаттықтырып алсам, мониторға не жазылғанын дыбыс арқылы естіп отыруға болады. Мысалы, әйгілі композитор Бетховен керең болған. Бірақ қандай ғажайып музыкалар жазып кетті. Сол сияқты зағип таланттар да аз емес қой...
Ермек пен Ерланды шығарып салғаннан кейін, ойланып қалдым. Не деген рухы мықты азаматтар! Мынау арпалысқа толы дүниедегі қиындықтарға шыдамай он екі мүшесі сап-сау қаншама жігіттер араққа салынып кетті. Қаншасы ұры атанды. Қаншасы қарақшылықпен кісі қанын мойындарына жүктеп, темір тордың арғы жағында отыр. Қаншасы... қараптан-қарап қайыршыға айналады. Соның бәрі ерік-жігері осалдар. Қиындықпен күресе білмейтін жасықтар. Ал мына азаматтарды қарашы, сап-сау адамның істей алмайтын тірліктерін істеп жүр. Осындай адамдардың арманын ұштап, кеудесіндегі үміт отын жағып, алдағы арайлы күндерге ұмтылдырып отырған Қазақ елінің адамгершілік парасаты да өте биік болғаны-ау.
Тәубе!
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.