• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 29 Қазан, 2021

Босаңсуға негіз жоқ

112 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысында соңғы төрт жылда ғана барлық ауруханалардың құрал-жабдықтарын ауыстыруға 13 млрд теңге бағытталды. Соның нәтижесінде, көптеген аурухана науқастың диагнозын дұрыс қоюға қол жеткізуде. Әсіресе облыс орталығындағы ауруханаларға озық үлгідегі заманауи жабдықтар жеткізіліп, қазір дұрыс диагнозды анықтау үшін халық Ресейдің Омбы қаласына немесе Нұр-Сұлтанға сабылуды азайтты. Алдағы уақытта облыс орталығында қосымша екі емхана тұрғызылмақ. Ал ауылдық елді мекендерде 47 медициналық нысан салынбақ.

Денсаулық сақтау саласына осынша көңіл бөлініп отырғанымен жаман індетті ауыздықтауға ешкімнің әлі келмеуде. Осы күндері Қы­зылжар өңірі індеттен оңала алмай тұр. Соңғы апталарда сырқатқа ұшырағандардың саны тәулік сайын артуда. Тіпті тұмаумен ауырғандар саны да 1,5 есе артып отыр. 25 қазаннан бері облыста карантиндік шектеу шаралары күшейді. «Алдымыздағы 7-10 күн аралығында жағдайды бақылап көреміз. Егер тұрақ­та­ну болмаса шектеу шараларын одан әрі қатаңдатуға тура келеді. Жоспарлы емдеу­ді тоқтата тұрып, жаман індет­пен науқастанғандар үшін қо­сым­ша төсектер дайындайтын шығармыз», деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Қазір сырқатқа ұшыра­ған­дар арасында егде тартқан адамдар көп. Барлық науқастың 80 пайызы солардың үлесінде. «Халық арасында созылмалы дерті бар адамдарға вакцина егуге болмайды деген тү­сінік бар. Алайда осының өзі біреулердің ойдан шығарғаны сияқты. Өйткені кейбір созылмалы дерті бар адамдар да вакцина ектіріп, аман-сау жүр», деді әкім.

Солтүстік Қазақстанда ін­дет жұқтырғандардың жал­пы саны 30 мың адамға жа­қын­­дап қалды. Бұрын Ресей Федерациясымен шекаралас аудандардағы ахуал күр­делі болатын. Қазір басқа елдер­мен аумақтық шекара­сы ортақ емес, облыстың орталық аудан­да­рындағы науқастар санының артуы алаңдатады. Мысалы, соңғы екі аптадағы науқастар са­нының өсімі алдындағы 2 аптамен салыстырғанда Жамбыл ауданында 111-ден 187-ге дейін, Есіл ауданында 72-ден 123-ке дейін, Аққайың ауданында 46-дан 117-ге дейін ар­­тып отыр. Осының өзі­нен ін­деттің таралу ошағы кез кел­­ген жерден табылаты­нын көр­сетуде. «Науқас бізге ше­ка­раның сыртынан ғана ке­ле­ді» деген секілді пікір­лер­дің ұшқары екендігі де көрініп тұр. Сондықтан сақтық шараларын салақсытпай, жаппай жүргізу керек-ақ.

Бүгінгі таңдағы вакцина ек­ті­ру қарқынының азаюы, тұр­ғындардың сақтық шараларын ұстануының тө­мендеуі, әсіресе салтанатты іс-шараларды өткізу кезінде ауру­дың өсуіне әкелуде. Мо­ниторингтік топтардың жұмысы да бәлендей тиімділік көрсетіп тұрған жоқ. Қазан айы басталғаннан бері 23 адамнан тұратын мониторингтік топтар 680 нысанды қамти отырып, 120 рейд жүргізген. 948 мың теңгеге 15 тұлғаны жауапкершілікке тартқан. Бірақ іс жүзінде салтанатты шараларды өткізушілер бұдан әлдеқайда көп екендігі көрініп тұр. Дәстүрлі түрде той айлары деп есептелетін қазан-қараша айларындағы көп адам қатысатын той-томалақ азайған жоқ.

Егер апталық науқастану­шы­лар саны 200-ден асатын болса, облыс тіпті «қою-қы­зыл» аймаққа көшу қаупі бар. Ондайда азық-түлік өнімдерін шы­ғаратындардан басқа бар­лық кәсіпорындардың қыз­ме­тін тоқтатуға тура келеді. Ал бұл дегеніміз – экономикаға ай­тар­лықтай залал. Қазірдің өзінде облыс­та барлық отба­сылық салтанаттар, соның ішін­­де үйлену тойларын өт­кі­­зу­ге тыйым са­лын­ған. Со­ны­мен қатар адамдар көп жиналатын конференциялар, форумдар, ойын-сауық және өзге де іс-шаралар, көрмелер жа­сауға рұқсат жоқ. Адамдар сақтану шараларын дұрыс жасап, шектеулерді бұзбаса ғана жаман індетті құрықтауға болатынын өмір көрсетіп отыр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы