• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қазан, 2021

«Самаурыныңыз сарқылмасын»

770 рет
көрсетілді

Алыста қалған ауылды еске алғанда кер­нейінен түтіні будақтап, сексеуілдің шоғына сақылдап қайнап, екі иінінен дем алып, қою күрең шайымен жан жадыратып, дастар­қанның сәнін келтіретін ақ самаурын аңсатпай қоймайды.

Дарқандық пен берекенің, татулық пен меймандостықтың иісін бірге алып жүретін қос құ­лақты самаурын бүгінде құм­дауыт ауылда сақталып қал­маса, қалада музейдің қалың жәді­герінің қатарынан орын алғаны рас. 11 залында 36 000 тарихи жә­дігерді жинақтап отырған Ал­маты музейі «Самаурыныңыз сар­қылмасын»  атты көрмені ұйым­дастыра отырып, қазақтың тұрмыстық дәстүріне сіңіп, өмір сүру дәстүрінен берік орын алған осы бұйымның ұзақ та маңызды тарихынан қызықты сыр шертті.

Көрмеге 50-ге жуық экспонат қойылған. Алматы музейіндегі самаурын жиынтығын Тула қаласындағы ағайынды Бата­шев­тардың атақты самаурын фабрикасында ХІХ ғасырдың басында жасалған бұйымдары бастап тұр. Сондай-ақ Берта Тей­ле, Н.Ворошилов және М.Слюз­бергтердің фабрикасы­нан шыққан самаурындар да музейдің қастерлі жәдігері болып саналады. Жез, мыс, қола, тіпті фарфордан жасалған, бе­тіне ою-өрнек сызылған, сурет са­лынған ескі самаурындар­дан бастап бүгінгі заманға тән электр тогымен қайнайтын са­мау­рындарға дейінгі алуан түрін алма­тылықтар қызыға тамаша­лады. Сонымен бірге бітімі самау­рынға ұқсас ортаазиялық шәу­гімдер, самаурын-шәугімдер, самаурын-қазандар және құм­ған-самаурындар да назарға ұсы­нылды. Бұл жәдігерлердің бәрі де қазақ даласына сауда, айыр­бас, тарту-таралғылар түрін­де, ірі этномәдени байланыс нәтижесінде біртіндеп тұрмысқа енген. Қоянды мен Қарқара жәрмеңкесінде қазақтың талай бай-бағланы құнының қымбатына қарамай, мыңғырған малын бір жез самаурынның жолына атап, баптап ішер сусынмен қыстың қытымыр аязында бой жылытып, аптап ыстығында шөл басты.

Алматы музейінің жетекшісі Бақберген Жақсылықұлы қазақ даласының тұрмысына біртіндеп енген самаурынның жай құрылғы ғана емес, тәтті шайымен әр шаңырақтың шырайын кіргізіп, бөлінбес еншісіне айналған маңызы үшін көрме арнап отырғандарын атап өтті. Көрмеге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетінің деканы Меңдігүл Ноғайбаева, археология және музеология кафедрасының меңгерушісі Ринат Жұматаев, Нұр-Мүбәрак университетінің доценті Досымбек Қатранұлы қатысып, ұлттың өмір сүру салтымен біте қайнасқан қызықты тақырып­қа байланысты өз ойларын білдірді. Этнограф Д.Қатранұлы: «Ежелгі Қытай деректері өздеріне көшпелілер арқылы таныс болған «хо-го»,  яғни «ыстық қазан», «суымайтын су» деп аталатын ішінде шоқ салатын ұңғысы бар шошақ бітімді ыдыс түрін атап өткен. Бұл ортасына шоқ салатын мұржасының айналасына сұйық құйылатын ыдыс еді. Ендеше бұл бүгінгі самаурын деп атап жүрген бұйымға дәл келіп тұр» деген тұжырымы арқылы бірқатар ұлт пен ұлыс «біздің бұйым» деп өздеріне меншіктейтін  ыдыстың шығу тегі «құман-самаурыннан» бас­талатынын, оның бастау тарихында көшпелілер тұрғанын тұспалдады.  «Кез келген бұйым елу жыл халықтың қолданысында болса, ол зат  сол халықтың қолданысына тиесілі» деп түйіндеді өз ойын этнограф.

Қадірлі, сыйлы кісісіне көңілінің өлшемін білдіріп, ілтипат танытып, қонақ жасағысы келсе онысын «шайға шақыру»  деп әспеттейтін қазақ мәдениетіндегі шай мен самаурынның орны айырықша. Бұл тақырыпқа маңыз беріп, арнайы көрме әзірленуі де осы себептен туындаса керек. Бүгінде самаурын жасайтын шеберлер жоқтың қасы, оны өндіретін зауыттар да жұмысын тоқтатқан. Нағыз құнды жәдігерлер тек музейден табылады.

Көрмеге әсем самаурындар жиынтығымен бірге ескі сервиздер, ас үй құралдары, шай жабдықтары, фарфор зауытының өнімдері мен музей қорынан алынған кескіндемелер мен фотосуреттер қойылды.

 

АЛМАТЫ