• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Қазан, 2021

Елордада XVIII халықаралық Еуразия ғылыми форумы өтті

291 рет
көрсетілді

2021 жылғы 29 қазанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл: тарихи бағдары, даму белестері мен болашағы» атты XVIII халықаралық Еуразия ғылыми форумы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Форумға Венгрия, Италия, Ресей, Түркия, Қытай, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан ғалымдары және «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы – ректоры, ҚР ҰҒА академигі Сыдықов Ерлан Бәтташұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Берік Әбдіғалиұлы, Айдос Сарым, Ерлан Сайров, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, профессор Қабылдинов Зиябек Ермаханұлы, Мемлекет тарихы институтының директоры Әбіл Еркін Аманжолұлы,  тағы басқа көрнекті тарихшылар қатысты.

XVIII халықаралық Еуразия ғылыми форумының жұмысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласының идеяларын және отандық, шетелдік ғалымдармен пікір алмасу үшін тұрақты диалог алаңын құруға бағытталды.

Халықаралық жиында «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы – ректоры, ҚР ҰҒА академигі Сыдықов Ерлан Бәтташұлы кіріспе сөз сөйлеп, Максим Танк атындағы Белоруссия мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Жук Александр Иванович, Новосибирск техникалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Козодой Виктор Иванович, Ұлы Петр атындағы Санкт-Петербург политехникалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Лбова Людмила Валентиновна, Мимар Синан Көркем өнер университетінің профессоры Абдуақап Қара, Дорж Банзаров атындағы Бурятия мемлекеттік университеті тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы Номогаева Виктория Владимировна, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы Садықов Тілеген, тағы басқа ғалымдар баяндама жасады.

«Форумның басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы Ұлы дала елі тарихы мен Тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігі арасындағы сабақтастықты әлемдік ғылыми зерттеулер тәжірибесі аясында қарастыру», деді академик Ерлан Сыдықов. «Осы мақсаттан туындаған негізгі міндет – шетелдік тарихшы-ғалымдардың қатысуымен Қазақстан тарихын зерделеудің жаңа санаттағы «Ашық алаңын» қалыптастыру.  Негізгі мазмұн – әлем тарихшыларының Қазақ халқының және Қазақстан  тарихы мен мәдениеті туралы жазған еңбектерін саралауды мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарастыру мүмкіндігінде. Өйткені ғасырлар қойнауынан жеткен рухани қазынаны  – «Ұлт тарихын» қоғам  және мемлекет мүддесімен бірізділікте қарастыру бүгінгі күні ең абзал іс болмақ.

Отан тарихын қазіргі адамзат қоғамы танып-білетіндей деңгейде байыппен зерделеп жазу және оны халыққа жеткізу үдерісі – ұлт ғылымы мен білімінің асыл парызы. ХХІ ғасырдың осы тұрғыдағы сұраныстарын білім мен ғылым жүйесі  арқылы енгізу және оны ұлтттық менталитетке сай  үдерісте бүгінгі қазақстандық қоғамға ұсыну басты мақсат болмақ.

Форумда көрініс беретін көзқарас нақтылығы, пікір тереңдігі, тұжырымдама негізділігі, әдістеме ұтқырлығы – бәріміз үшін үлкен рухани олжа болатындығы даусыз. Сондықтан Ұлы Дала елінің тарихын жазудағы жаңа ұстанымдар Президент мақаласындағы тұжырымдардан бастау алып, ізашар ойларын шынайы өрістетуі тиіс. Форумға қатысушы зиялы қауым бұл ойымызды құптап және Еуразиялық кеңістіктегі халықтар тарихын зерделеудің жаңа санаттағы «Ашық алаңын» қалыптастыруға сөзсіз ықпал ететін болады деген сенімдеміз.

Форум жұмысына қатысушыларға шығармашылық табыс, ғылыми жетістіктер тілеймін!», деді Ерлан Сыдықов.

XVIII халықаралық Еуразия ғылыми форумы Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілік тарихы мен Ұлы Дала тарихы бойынша заманауи ғылыми жетістіктермен алмасу үшін ашық диалог алаңына айналғанын айта кеткен жөн. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген тарихшы ғалымдар Ұлы дала және Тәуелсіз Қазақстан, ХХІ ғасырдағы ғылым және білім инновациясы, ХХ ғасырдағы тоталитаризм қасіреті: ашаршылық, террор және репрессия, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі, Ұлық Ұлыс және Қазақ хандығы: мемлекеттілік сабақтастығы, Түркі әлемі және Л.Н. Гумилевтің ғылыми мұралары, Әлемдік тарих ғылымының басты бағыттары, т.б. тақырыптарды қозғады.

Сонымен қатар форумға қатысушылар Сирек кітаптар мен қолжазбалар ұлттық орталығы және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің археологиялық қазба табылымдарының көрмесін тамашалап, шара барысында тарих ғылымдарының докторы Виктор Козодайдың «Алихан Букейханов. Человек эпоха» атты кітабының тұсаукесер рәсімінің куәсі болды.

Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде онлайн форматта өткен форум барысында ғылыми жинақ жарық көрді. Кітап авторларының арасында танымал ғалымдармен қатар ғылымға жаңадан келген жас зерттеушілер де бар.