Кәрім Көкірекбаевтың облыс әкімі болып тағайындалғанына екі айдың ғана бедері болды. Бірақ оны облыстағы соңғы жылдары атқарылған игілікті істерге ешқандай қатысы жоқ деп ешкім айта алмас. Өйткені, өзі басқаратын саланы ұршықтай иіріп, тап-тұйнақтай ұйымдастыра білетін ол бұрынғы әкімнің бірінші орынбасары ретінде көптеген үлкен жобаларға тікелей атсалысты.
Экономиканы, әдетте, өнеркәсіптен бастайтынымыз белгілі. Есепті мерзім ішінде, міне, сол өнеркәсіп кәсіпорындары 237,8 миллиард теңгенің өнімін өндіріпті. Әсіресе, кен өндіру өнеркәсібі мен ашық кеніштерді игеруде өндіріс көлемдерінің 15,4 пайызға (17,6 миллиард теңге), өңдеу өнеркәсібінде 7,3 пайызға (179,4 миллиард теңге), электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптауда 4,8 пайызға (37,7 миллиард теңге) өсу үрдісі байқалған. Ал мұнай өнімдерін өндіру 1,2 есеге, өзге де металл емес минералды өнімдерді өндіру 8,9 пайызға, резеңке және пластмасса бұйымдарын жасау 1,2 есеге, машина жасау – 8,2 пайыз, жиһаз жасау – 1,7 есе өскен.
Облысқа инвестиция тарту да табысты деп айтуға болады. Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 248,5 миллиард теңгені құрапты. Бұл бұрнағы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 55,7 пайызға артық. Ал индустрияландыру картасы шеңберінде өткен жылы 20,9 миллиард теңге сомасында 8 инвестициялық жоба іске асырылған. Онда 626 жұмыс орны құрылыпты. Индустрияландыру картасына енген, бүгінде іске қосылған инвестициялық жобалардың өндірген өнім көлемі 43,0 миллиард теңгені құраған. Бұл жалпы өнеркәсіп көлемінің 18,1 пайызын құрайды.
Қаңтар-қарашада облыстың сыртқы сауда айналымы 548,7 миллион АҚШ долларын құраған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда артық. Кеден одағы шеңберінде Ресей мен Беларусь елдерімен сауда айналымы 66,6 миллион АҚШ долларына жеткен.
Облыстың ойы да, қыры да мал бағып, егін егіп, бақша өсіруге өте қолайлы. Ендеше өңір экономикасында агроөнеркәсіп саласының да орны бөлек. Сондықтан болар, өткен жылы осы салаға 5,8 миллиард теңге бөлініп, ол толықтай игерілген. Соған орай ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі өткен жылы 122,9 миллиард теңгені құраған. Мал шаруашылығы саласында да, егін шаруашылығы саласында да инновациялық жаңалықтар көп.
Әкімнің елді риза еткен деректері мен дәйектерінің бірі «Әулиеата» әуежай кешенін қайта жаңғырту жобасы болды. Өткен жылы әуежайдың ұшып-қону жолағы 4,8 миллиард теңгеге қайта жаңғыртылды. Қазір ол әуе кемесінің барлық түрлерін қабылдауға дайын. Ал халықаралық стандартқа сай және 300 жолаушыға арналған терминал жаңартылған соң, яғни үстіміздегі жылдың ІІ тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жергілікті билік қазір Ресей, Қытай, Араб және Түркия елдерінің қалаларына ұшатын әуе бағыттарын ашуға жұмыс жасауда. Осы орайда Кәрім Нәсбекұлы «Ежелгі Тараз қалашығын» ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізбесіне енгізу жөніндегі ойы жүзеге асса, жаңа әуежай туристердің қақпасына айналатынын айта келіп, Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаровтың ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің директорлар кеңесінің төрағасы ретінде Тараз қаласын көрме бағдарламасына енгізуге ықпал етуін сұрады. Бұл бір ғана облыс басшысының емес, сонымен бірге облыстың бір жарым миллион халқының тілегі екенін жеткізді.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» мегажобасы да жамбылдықтар үшін күрежол ғана емес, сонымен бірге құт-береке көзіне айналғалы отыр. Облыстың бірнеше аудандары мен көптеген елді мекендерінің үстінен өтіп жатқан жол бойына биылдан бастап облыс әкімінің қолдауымен қонақ үйлер, асханалар, жанармай құю стансалары мен түрлі қызмет көрсету құрылымдары салына бастайды. Жұрт бұл жаңалыққа да риза болды.
Облыс әкімінің екі сағатқа созылған есебінің мазмұнын баяндап қайталап шығу мүмкін емес. Бір байқағанымыз, облыс басшысы өңірдегі мәселелерді бес саусағындай жақсы білетінін көрсетті. Мысалы, Жалпақтөбе ауылының тұрғыны Ғалиасқар Керімқұлов деген азамат ауылында 500 бүлдіршіннің балабақша кезегінде тұрғанын айтқан. Кәрім Нәсбекұлы бұл ауылдан балабақша салу туралы жобаның жасалып жатқанын, ал кезекте 500 емес, 346 бала тұрғанын сала басшыларынан сұрамай өзі-ақ айтып берді.
Жаңашыл әкім өңірді жақсартам деп келеді. Есеп барысында Кәрім Нәсбекұлы Жамбыл облысының экономикалық жағдайын қазіргіден де жақсартатын көптеген жобаларды екі тілде де өте жатық баяндап берді. Ал есептегі нақты мәлімет, дәлелді дерек жиналған жұртшылық пен облыс әкімі арасында жарасымды психологиялық ахуал қалыптастырды.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.