Көкірегімізде лықсыған шер көзімізден ыршып, тағдырлары талайлы тарихи тұлғаларымыз жадымызда қайта бір жаңғырды. Бабалар жүріп өткен ұлы жолдың сорабына жалқы сәт көз қадаған болмысымыз боямасыз тарихпен бетпе-бет келді. Ұлы мұраттары бір болғанымен таңдаған жолдары тарау-тарау тұлғаларымыздың қарама-қайшы тағдырларына жаңа бір биіктен үңілгендейміз.
Иә, болмысы дара, бұлағай заман басқа төнген бұлдыр сәттерде бұдынына бас та бола білген Бопай ханым туралы айтқымыз келіп отыр. Тарихта бірнеше Бопай барын көбі біле бермейді. Біз айтқалы отырған айым – Кіші жүздің аруақты ханы Әбілқайырдың бәйбішесі Бопай ханым.
Ерте көктемде осынау тұлға тарихы театр сахнасына көтерілген болатын. Сол кезде киелі шымылдық саф туындымен ғана емес, қазақ тарихының қасіретті парақтарымен қоса ашқандай еді. Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі жазушы, драматург Роза Мұқанова шығармасы бойынша жас режиссер Жұлдызбек Жұманбай сахналаған ерен еңбек елдің жоғын түгендеуге қосқан елеулі үлес болды. Бүгін аталған қойылымды ой елегінен қайта бір өткізгіміз келді.
Ең үлкен қасіретіміз де сол – біз осы күнге дейін біреу жазып берген бұлдыр тарихты болашақ ұрпақтың зердесіне күштеп таңып келгендігіміз еді ғой. Өзгенің қолымен от көсеген сыртқы жау ешқашан Алаш баласына болсын демейтіні белгілі. Бүгінде өз тарихымызға жаңа ұрпақ көзімен әділ қарайтын азат санамыз бар. Күні кешеге дейін тарихи тұлғаларымызды бір-біріне қарсы қою арқылы сексеуіл синдромы жалғасып келді. Тарихи драманың тап басында осы мәселе өз көрермендерін бірден ой тереңіне иіріп әкетеді.
««Үш басты жылан інге оңай кіре алмайды. Үш басты жылан бірін-бірі жеңемін деп жүргенде уақыт озады, өздері де тозады. Жыланда бір бас, бірнеше құйрық болған ыңғайлы. Бас кірген інге құйрықтың кіруі оңай...» дейді Жұмбақ жан.
Осы сөздің өзі шығарманың кілті деуге келер еді. Алайда қойылым денеге батпандап кірген дерттің мысқалдап шыққанындай сізді бір беймәлім күйге салып тылсым тереңге әкете береді, әкете береді...
Қырыңды қорғасаң ойыңды шауып, ойыңа жүгірсең қырыңды жау алып жатқан аласапыран кезеңге өзіңнің қалай араласып кеткеніңді аңғармай қаласың... Бұл әрине драматург пен режиссер шеберліктерінің үйлесімі.
Автор көрерменді біржақты пікірге ұрындырмай, әділеттің тізгінін тең ұстайды. Әрине, бұрынғы социалистік реализм әдісіне салып қараған адамға Барақ сұлтаннан өткен жағымсыз кейіпкер табылмас еді. Бірақ шебер жазушы, драматург Роза Мұқанова бұл ретте ешқандай білімсіздікке жол бермеген. Шығарма қабат-қабат контекстерден тұратынын ескеруіміз керек. Тіпті кей тұста Барақ сұлтанның ішкі арпалыстары – шығарманың негізгі қабатындай көрініп жатады. Бопайдың ішкі монологтары сияқты Барақтың бірнеше Бараққа бөлініп кетуі көрерменді шын ойландырып тастайды.
Жазушы Асқар Сүлейменовтің «Бесатарында» Сәруар үңгірде үшке бөлінетіні бар еді ғой. Мағауиннің «Жармағы» екіге жарылады. Кобо Абэнің «Бөтен беті», Төлен Әбдіктің «Оң қолы» да сананың екіге жарылуы жайлы шығармалар. Бүгінгі «Бопай ханым» драмасындағы сансыз Барақ – бұл өз кезегінде үлкен жаңалық деуімізге болады.
Сондай-ақ Барақ сұлтанның бірнеше Бараққа бытырай бөлініп кетуінің де астарында бір тылсым ақиқат жатқанын көбісі аңғармаған болуы мүмкін. Бұл Барақ сұлтан – жай ғана Әбілқайырдың басын алған дойыр, ұрда-жық ақылсыз сұлтан емес. Оны шығарма соңында басты кейіпкер Бопай ханым, Әбілқайыр хан мен Барақ сұлтан қолдарын жайып, Жаратушы Жалғыз Иеден жалбарынып тұрып жас Алашқа жарқын болашақ тілеп, дұға қылатын көріністен де көз жеткізуге болады.
Айтпағымыз, бұл Барақ сұлтан тарихта – Көкжал Барақ немесе қырық сан Барақ деп аталған аруақты тұлға. Қырық сан Барақ аталуының себебі – Барақ жауға жалғыз шапқанда қарсы бетке қырық Барақ болып көрінеді екен. Сасып қалған дұшпандар садақтарын шіреніп, қырық Бараққа оқ жаудыра бастайды, алайда негізгі Бараққа ешқайсысы оқ дарыта алмайды. Ол аралықта жауына төніп келген сұлтан жеңісті жорығының алғашқы алдаспанын сілтеп те үлгереді екен. Барақ осындай дара қасиетке ие тұлға болған.
Егер Барақ сұлтан осал адам болатын болса – оның төртінші баласы Бөкей ханнан Әлихан Бөкейхан тарамас еді. Барақ сұлтан – Алаш көсемі Әлиханның түп атасы. Ұлы Дешті даласының билеушісі Жошы ханнан бастап, Орыс хан, Алтын орданың соңғы ханы Барақ хан, Жәнібек хан, Жәдік хан, Шығай хан, ұзын оқты Ондан сұлтан, Көшек сұлтан, Бөкей сұлтан, Құдайменде сұлтан, Тұрсын ханның ұрпағы.
Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры бұл қойылымды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаған болатын. Міне, нағыз рухани жаңғыру осы дер едік. Пьеса авторының айтуынша, Бопай ханым – Алаш үшін қан кешіп, жан берген айбарлы да арлы аналарымыздың жиынтық образы. Оны көзіқарақты жұрт драманың өн бойынан үнемі сезініп, сеніп отырып қабылдайды.
Алаштың Алтын тағын қорғап жан ұшырған Бопай бейнесі көз алдымызға – Алаш-Ананы елестетті. Талапайға түскен тақтың қасиеті мен құтын қорғап шыр-шыр еткен Бопай бейнесі бүгінгі жас ұрпаққа нағыз үлгі, ең керек кейіпкер. Жалпы, бұл тарихи драма тек тақ айналасындағы интригаларды ғана емес, қасиетті де құнарлы жерімізге, атақонысымызға, ел бірлігіне, егемендігімізге әлі күнге дейін дұшпандар көз алартуын қоймай келе жатқанын астарлап айта білген бүгінгі өмір шындығы да дер едік.
Оны Бопай ханымның сахна төрінде жаулығы Алаштың ақ туындай желбіреп тұрып айтқан: «Бодандықтың ноқтасы қайыс. Торланып, түрленіп құбылып тұрады. Тор сөгілместей, ноқта босатпастай болса, қайтпекпін... Құдіретің бар еді ғой, өң мен түстің арасына жол салатын. Жасай алмай кеткен мұратыңа жеткіз Бопайыңды. Айт енді құдіретің жетсе, айт!», дейтін сөздерінен аңғаруға болады.
Бопай сондай-ақ қойылым бойы жарына адал, ұрпағына қорған нағыз қазақ әйелінің үлгісі ретінде сахнаға сән беріп отырады. Бұл желі сонау қаншама ғасырдан бері үзілмей келе жатқан ескі жосық десек те жарасады. Айталық, қазақ хандарының түп аталары Жошы ханның анасы – Бөрте, Шыңғыс ханның анасы – Өгелін де ұлдары тақта отырғанда оларға берік қорған, дана кеңесші бола білген ақылды аналарымыз еді. Бопай ханым сол қасиетті шешелерден қалған ілкі дәстүрді лайық жалғайды. Әбілқайыр хан өлген соң баласы Нұралыны хан тағына отырғызуға зор ықпал етеді. Ықпал етіп қана қоймай өзінің өр рухымен кейбір жалбағайды ықтырып жіберіп те отырады. Адал жар ретінде Әбілқайырға деген сағынышы, қазақтың ұлы мұраты үшін шаһид кешкен айбынды еріне деген ыстық махаббаты оның өзі де асқақ болмысын тіпті айбарландыра түседі.
Көлденең кейіпкер – Жұмбақ туралы көп айтуға болады. Жұмбақ жалпы кім? Ол тіпті көлденең кейіпкер ме? Бәлкім басты, бәлкім астыртын, ішкі кейіпкер? Барақ пен Әбілқайырдың арасына от тастап, орыс патшасының елшісіне де әмірін еркін жүргізе алатын, Жұмбақ кім? Жұмбақтың қорқыныштылығы сонда – ол бүгінгі билік өкілдерінің де ту сыртынан ойын жүргізіп, халық пен биліктің арасын сапырылыстырып сақ-сақ күліп тұрғандай көрінеді. Бәлкім, Жұмбақ біздің нәпсіміз, бәлкім Ібіліс, бәлкім... Не десек те, Жұмбақ жүрген жер – жұт, Жұмбақ салған сайран – Алашқа сор... Әбілқайыр туралы да көсіліп айтар едік. Жалпы, Әбілқайыр ханның тұғыры биік тегеурінді тұлға екені белгілі. Автордың кейіпкер аузымен айтқызған мына сөздері-ақ оның асқақ бейнесін даралайды. «Маған Ел керек! Өз ханын өзегі талғанша тілейтін Ел керек! Сенімі сертін бекіткен, айнымайтын, аласармайтын Ел керек!». Елі үшін туған есіл ердің тағдыры келте болды, кемеңгер тұлғаның аңсаған асыл мұраты орындалмады, бірақ оның орны толмас қазасын Бопай ханымның кемеңгерлігі толтырды.
Неплюев туралы сөз қысқа. Неплюев туралы, оны тіреп тұрған орыс патшалығының зымиян саясаты, шығысымыздағы қитұрқы Қытай жоспары, жағамызға жармасқан жоңғар, айта берсек көп, бұлар туралы айтар болсақ, жазбамыз тым ұзаққа созылып кетеді. Біз Неплюевтің де қойылым шарықтар шақта бірнеше дауысқа бөлініп кететінін ғана айтқымыз келеді. Қолына жер өлшейтін қада ұстап шыққан қара ниет Неплюевтің әр қадамы көп жайтты аңғартады.
Автордың мұндай батыл қадамдарын бағалай білуіміз керек. Аттандап айғайламай-ақ ұлт тағдырына, оның ертеңгі болашағына алаңдаушылығын, ұлт басына төнетін, төніп тұрған қатерлер туралы қаламгер осылай айтпағанда, басқаша қалай айтуы мүмкін. Шығармашылыққа шеберлікпен қоса үлкен батыл жүрек керек. Оны біз «Бопай ханымның» өн бойынан анық көре білдік.
Қойылым соңына қарай түсінгеніміздей, тақ үшін талас ешқашан біткен емес. Тақ үшін тартысқа түсіп жатқан Әбілқайыр ұлдары, шешелері бөлек екі сұлтан – Нұралы мен Шыңғыс, олар ғана емес олардың шешелері арасындағы сөз ырғасулары бізді үнемі ойландыра беруі керек. Көрермен спектакльдің финалына сенеді. Режиссер кеше мен бүгінді бір сахнаға қатар шығарған жері тіпті ұтымды шыққан. Жаңа ұрпақ – ескінің ізін жалғаушы. Көне жосықты жаңа болашақ жаңғыртушы. Көксерек найзаға байланған қара шүберек азаттықтың ақ таңы болып қайта атады. Алаштың сол егемен туы ешқашан жығылмаса деп тілейсің. Қазақтың сол биік байрағы ешқашан жау аяғына тапталмаса дейсің. Жеріміздің ішін дау, сыртын жау араламасын деп дұға қыласың!
Театрдың шымылдығы әр жабылған сайын біздің көкірек сарайымызда бір есік ашылады. Ол – рух сарайының алтын қақпасы. Сол есікке әр кірген сайын кешегі ұлы бабаларымыздың зор аманатын арқалап шығасың...