Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі кезекті жалпы отырысында әкімшілік құқық бұзушылық, азаматтық қорғау, сыртқы барлау мәселелеріне қатысты заң жобалары қаралды. Сондай-ақ, күн тәртібінде халықаралық құжаттарды ратификациядан өткізуге арналған заң жобалары заңнамалық айналымға алынды.
Жалпы отырыста депутаттар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің жобасын және оған ілеспе әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама мәселелеріне қатысты заңдық құжатты бірінші оқылымда мақұлдады. Кодекс жобасы 900 баптан тұрады. Әділет министрі Берік Имашевтің айтуынша, қолданыстағы Кодекстің 966 бабының 760-ына түзету енгізілген. Соның нәтижесінде шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін айыппұлдар мөлшері орта есеппен екі есеге азайтылған.
Министр бұл ретте шағын кәсіпкерлік субъектілері активтерінің құны орташа кәсіпкерлік субъектілеріне қарағанда, бес есе аз екенін, ал қолданыстағы Кодексте айыппұл санкциялары бірдей болып отырғандығын атап өтті. Сондай-ақ, әкімшілік жазаның түрі ретінде ескертуді қолдану аясы кеңейтіліп отырғандығын көлденең тартты. Бұдан басқа, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген органдардың құзыреті қайта қаралатыны да белгілі болып отыр. Атап айтқанда, санкцияларында айыппұл түріндегі әкімшілік жаза көзделген 90-бап және баптардың 52 бөліктері соттың қарауынан уәкілетті мемлекеттік органдарға берілген.
Министр сөзінен мәлім болғандай, әкімшілік жауаптылыққа тарту рәсімі де жаңғырған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қысқартылған іс жүргізу егер адам әкімшілік құқық бұзушылық жасалған жерде хаттамамен бірге алған түбіртек бойынша айыппұл төлеу жүргізген жағдайларда қысқартылған іс жүргізу енгізіледі. Яғни, адам құқық бұзушылық фактісімен келісіп, кінәсін мойындайды және өз еркімен айыппұл төлеуге дайын және ешқандай наразылық білдірмейді. Бұл жерде қысқартылған тәртіп үшін адамға хаттаманы тапсырған кезден бастап жеті күндік мерзімде айыппұлдың жалпы сомасының 50 пайызын төлеуге мүмкіндік беру көзделген. Және де судьяға, органға (лауазымды тұлғаға) жеңілдетілген мән-жайларды белгілеу кезінде жеке тұлғаға салынатын әкімшілік айыппұл сомасын жалпы соманың 30 пайызына дейін қысқартуға мүмкіндік беретін норма да қарастырылыпты.
Қолданыстағы Кодексте Жоғарғы Сотта қайта қараудың негізі Бас прокурордың және оның орынбасарларының наразылығын енгізу ғана болған-ды. Ал Кодекс жобасында әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамның, жәбірленушінің немесе олардың заңды өкілдерінің шағымы бойынша да қайта қарауды жүзеге асыру ұсынылып отыр. Министр аталған ереже әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы болатын конституциялық қағидатқа сәйкес келетіндігін ерекше атады.
Сонымен қатар, депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыртқы барлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қолдау білдірді. Заң жобасы сыртқы барлаудың және арнаулы мемлекеттік органдардың субъектілері үшін басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдардың құжаттарын дайындау және ресімдеу құқығын ұлттық қауіпсіздік органдарына бекіту, Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдарын және ұлттық қауіпсіздік органдары сыртқы барлаудың субъектілері ретінде айқындау бөлігінде өзгерістер көзделген.
Ал Азаматтық қорғау туралы және оған ілеспе заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Онда төтенше жағдайлардың алдын алу, төтенше жағдайларды жою, төтенше жағдайлардың зардаптарын жою сияқты басты ұғымдар нақтыланған. Азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесін, бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметін құру және олардың жұмыс істеуі саласындағы қоғамдық қатынастарды регламенттейтін жаңа нормалар да әзірленіпті. Әсіресе, ерікті өрт сөндірушілер, ерікті апаттық-құтқару қызметтері мен құралымдар құтқарушылары дене жарақаттарын алса немесе өзге де қайғылы жағдайларға тап болса, әлеуметтік көмек көрсету мақсатында жергілікті бюджеттен қаражат қарастыру туралы шешім қабылдау құқығы жергілікті атқарушы органдарға беріліп отыр.
Жалпы, заң жобасын екінші оқылымда талқылау барысында депутаттардан 500-ге тарта ескертпелер мен ұсыныстар келіп түскен.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».