Қазақстанда өткен қазан айында оның алдыңғы қыркүйек айымен салыстырғанда азық-түлік тауарларының бағасы – 0,7%, азық-түлік емес тауарларының бағасы – 1%, ақылы қызметтер құны 0,5% қымбаттады, деп хабарлайды Egemen.kz.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, бағаның өсуі жұмыртқаға – 7,2%, жаңа жиналған көкөністерге – 5,5%, құмшекер мен құс етіне – 1,4%, картопқа – 1,2%, нанға – 0,7%, пастерленген сүтке – 0,6%, айранға, шошқа етіне, қарақұмық жармасына – 0,5%, шұжық, макарон өнімдеріне және ұнға 0,4% тіркелді. Ал жаңа жиналған жемістер бағасы керісінше, 1,5% арзандаған.
Бағаның қымбаттауы, сондай-ақ автомобильдерге – 3,4%, тұрмыстық тауарларға – 1,1%, киім және аяқ киімге, фармацевтикалық өнімдерге 0,4% байқалды. Жазғы дизель отыны – 16,6%, баллондағы сұйытылған газ – 6,4%, ағаш – 2,6%, тас көмір – 2%, бензин 0,9% қымбаттады.
Қоғамдық тамақтандыру және монша қызметтерінің құны – 1%, денсаулық сақтау қызметтері – 0,5%, шаштараздар мен сұлулық салондары қызметтері 0,4% артқан. Тұрғын үйді жалға беру үшін төлем 1,1% өсті. Қалааралық автобуспен жол жүру – 0,8%, таксимен жол жүру 0,6% қымбаттады. Авиабилеттер керісінше, 2,4% арзандады.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер электр энергиясына – 1,1%, ыстық суға – 0,2% өсті, ал орталықтан жылыту 0,4% төмендеді.