Ұлттық ғылым академиясының дербес шаңырақ болып құрылуына, еліміздің білім мен ғылым саласының өркендеуіне саналы ғұмырын арнаған мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-лингвист Нұртас Оңдасыновтың есімін ұлықтау мақсатында Алматыда ескерткіш-бюст орнатылды.
Медеу ауданындағы Шевченко мен Қонаев көшелерінің қиылысында орнатылған ескерткіштің ашылу рәсіміне қаланың әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысып, ғалымның қоғам өміріндегі ерен еңбегі жайында айтып өтті. «Еліміздің тарихында өшпестей із қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов көптеген игі істің бастауында тұрды. Ел үшін қиын заманда ұлт мүддесі жолында батыл қадамдарға барып, жоғары лауазымды қызметте жүрсе де тәуелсіздіктің орнауы, тіліміз бен салт-дәстүрімізді қайта жаңғырту ісін бәрінен де жоғары қоя білді. Екінші дүниежүзілік соғыс және одан кейінгі ең ауыр жылдарда ел Үкіметін басқарды. Республикамыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениеті мен өнерінің, ғылымы мен білімінің өркендеуіне барынша күш салды. Осы орайда Нұртас Оңдасыновтың өнегелі өмірі мен халқына жасаған қалтқысыз қызметін насихаттау, жас ұрпақтың санасына сіңіру – абыройлы міндетіміз», деп атап өтті қала әкімі.
Нұртас Оңдасынов Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты мен Ұлттық консерваторияның ашылуына, шет тілдері, дене тәрбиесі институттарының және барлық облыс орталықтарында мұғалімдер даярлайтын жоғары оқу орындарының құрылуына ұйытқы болып, өркендеуі жолында аянбай еңбек етті. Еліміздегі Ертіс – Қарағанды, Арыс – Түркістан, Мырзашөл каналдарының, Атырау, Теміртау, Жезқазған, Балқаш, Ақтөбе қалаларындағы ірі зауыттардың, Мойынты – Шу темір жолының салынуына тікелей басшылық ете жүріп, өңірлердің дамуы жолындағы маңызды жобалардың басы-қасында жүрді. Бүгінде қайраткер тұлғаның қолтаңбасы қай салада болсын айшықталып тұр.