Елімізде мемлекеттік органдардың заң жобалау жұмыстары саласындағы қызметін үйлестіру, халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, жұртты білікті заң көмегімен қамтамасыз ету, атқарушылық іс жүргізу органдары қызметі тиімділігін, рөлі мен мәртебесін артыруға ерекше назар аудару, сот-сараптама қызметін жетілдіру және т.б. да міндеттерді жүзеге асыру – халқымыз үшін аса маңызды іс болып табылады. Бұл орайда, осы құжатта көрсетілген міндеттерді мойнына алған Әділет министрлігі оларды өткен жылы түгел орындаған көрінеді. Бұл туралы кеше аталған министрліктің 2013 жылғы жұмыс нәтижесін қорытындылаған кеңейтілген алқа отырысында айтылды.
Алқада баяндама жасаған Әділет министрі Берік Имашев әділет органдарының өткен жылғы жұмыс қорытындысы мен үстіміздегі жылғы жаңа міндеттері туралы сөз етті. Ол жоғарыда аталған келелі істердің әділет органдары үшін атқарылуы, ал халық үшін тиісті деңгейде толыққанды орындалғанының маңызы зор міндеттеріне жеке-жеке тоқталып өтті. Министр әуелі «Әділет органдары ең алдымен, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты», сондай-ақ, Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында айқындалған барлық тапсырмаларды тиісінше орындауға күш-жігерін жұмсады», деді.
Соған сай, одан әрі мемлекеттік органдардың заң жобалау жұмыстары саласындағы қызметін үйлестіруде Үкіметтің 2013 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарының толық көлемде орындалуына Үкімет пен Парламенттің заң шығару бастамасының субъектілері ретіндегі бірлескен әрі сындарлы жұмысы ықпал еткенін атап өтті. Мәселен, заң жобалау жұмысында өткен жылы 104 заң жобасы мен халықаралық шарт бойынша 100 заң жобасына тұжырымдамаға сай консультациялық қызмет көрсетілген. Оған қоса, лингвистикалық орталық заң жобалары мен халықаралық шарттарға 368 сараптамалық қорытынды дайындаған.
Ал Әділет министрлігінің екінші басым бағыты мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру болып табылады десек, бұл тұрғыдан алғанда, аталған министрлік мемлекеттік қызметтің 42 пайызын көрсететін негізгі органның бірі екен. Өткен жылы 11 млн.-нан астам қызмет көрсетілген, бұл 2012 жылғы көрсеткіштен 28 пайызға артық деген сөз. Оның 78 пайызы немесе 8 млн.-нан астам қызмет электронды түрде көрсетілген. Бұл орайда, жұмысты автоматтандыру мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін едәуір қысқартуға және қағаз құжаттар беруді, яғни қағазбастылықты тоқтатуға әсерін тигізген.
Халықты білікті заң көмегімен қамтамасыз ету – құқықтық мемлекетті дамытуға тән ерекшелік болып табылады. Еліміздің тұрғындары адвокаттық және нотариаттық қызмет көрсетумен 100 пайыз қамтылған. Өткен жылы Елбасы кепілдік берілген заң көмегінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін құрған «Мемлекеттік кепілдік берілген заң көмегі туралы» заңға қол қойғаны белгілі. Бұл заңның артықшылығы сонда, адвокаттардың кәсіби қызметін жүзеге асыру кезінде олардың қылмыстық ізге түсу органдарынан тәуелсіз болуын қамтамасыз ету.
Сондай-ақ, министр, атқарушылық іс жүргізу органдары қызметінің тиімділігін, оның рөлі мен мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде екенін айтты. «Өткен есептік кезеңде біз 2012 жылдың қорытындысы бойынша өткізілген министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде көтерілген бірқатар мәселелерді шешуге және сот актілерін орындау комитеті мен оның аумақтық бөлімшелерінің қызметін жетілдіруге тырыстық. Осының арқасында сот орындаушылардың еңбекақысын олардың қызмет санатын арттыру арқылы өсіруге қол жеткіздік», деді. Олардың қызмет сапасын арттыру үшін жаңа технологиялар да енгізілуде. Сот орындаушыларға өзге мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен «онлайн» режімінде мәлімет алуға мүмкіндік беретін, сондай-ақ тәркіленген және тыйым салынған мүліктерді сату ресімінің ашықтығын қамтамасыз ететін заманауи авоматтандырылған жүйелер енгізілуде. Бұл орайда, атқарушылық іс жүргізу органдарының қызметін инновациялық және технологиялық жетілдіру жөніндегі жұмыс үстіміздегі жылы да одан әрі осы қарқынмен жалғастырылмақ көрінеді. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар айында ресімдердің басым бөлігін оңтайландыруға, сот орындаушылардың уәкілеттілік аясын кеңейтуге, жеке орындау институтын одан әрі дамытуға, борышкерлердің жауапкершілігін арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және өзге де маңызды мәселелерді шешуге бағытталған заң күшіне енді.
Баяндамашының сөзінен белгілі болғандай, зияткерлік меншік құқығын тіркеу және қорғау жүзеге асырылған. Есептік кезеңде авторлық құқықпен қорғалатын туындыларға 1736 құқық тіркелсе, өндірістік меншік нысандарына 8884 қорғау құжаттары берілген. Енді бұдан әрі де мұндай жұмыстарды жандандыра түсу мақсатында, қазірігі күні Еуразиялық-экономикалық кеңістік аясында зияткерлік меншік саласында бірыңғай реттеу қағидалары бойынша келісімді жүзеге асыру үшін үш халықаралық шарт әзірленуде екен. Олардың негізінде қазақстандық тарап отандық құқық иеленушілердің мүдделерін қорғау және көмектесу жөніндегі мәселелерді қарастыруда. Сонымен қатар, еліміздің алдағы уақытта Дүниежүзілік сауда ұйымына енуіне байланысты зияткерлік меншік құқығын сауда аспектілері жөніндегі келісім нормаларына сәйкестендіру мақсатында өндірістік меншікті қорғау саласында Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан және Өзбекстанмен арада ынтымақтастық туралы келісімге өзгертулер енгізу жөніндегі жұмыстар жүргізілуде.
Министрлік қызметінің алтыншы бағыты ретінде талқыға салынған сот-сараптама қызметін одан әрі жетілдіру де айтылып өтті. Сот-сараптама қызметін жетілдіру мәселелері құқық қорғау органдарының 2014-2020 жылдарға арналған құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасына енгізілген. Алқада министрліктің осы және басқа да өзекті мәселелері бойынша Сот актілерін орындау комитетінің төрағасы Ж.Ешмағамбетов, «Сот сараптамасы орталығы» ММ директоры И.Борчашвилидің баяндамалары тыңдалды. Алқа отырысына Конституциялық Кеңес төрағасы И.Рогов, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Т.Донақов, Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, құқық қорғау органдары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ, министрліктің аумақтық және құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».