Бокстан Сербияның астанасы – Белградта өткен әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Екі аптаға жуық уақытқа созылған бәсекелер барысында 88 мемлекеттен келген 500-ден аса боксшы бақ сынап, 13 салмақ дәрежесінің түрлі-түсті медальдарын сарапқа салды. Жарыс мәреге жақындаған сайын мықтылар мен осалдардың аражігі ажырап, тек 25 мемлекеттің боксшылары жеңіс тұғырына көтерілу мүмкіндігіне ие болды.
Командалық есепте – екінші орындамыз
Солардың арасынан оза шапқан 15 елдің өрендері ақтық сынға алқынбай жетті. Бір қуаныштысы, бас жүлде үшін тартысқа түскендар қатарында қазақтың да жігіттері болды. Балқан түбегінде өнер көрсеткен Қазақстанның 13 былғары қолғап шеберінің үшеуі жарты жолға жетпей сүрініп, қалғандары қарсыластарын қоғадай жапырып
Жартылай финалда 48 кг салмақтағы Теміртас Жүсіпов Евгений Кармильчукпен қолғап түйістірды. Еуропа чемпионатында қола медальды иеленген Беларусь боксшысының Белградтағы өнері өте жақсы әсер қалдырды. Аса жеңіл салмақта бақ сынап жүргеніне қарамастан үш кездесудің екеуін мерзімінен бұрын аяқтаған ол көпшілік назарын бірден өзіне аударды. Евгенийдің бойы тапал болғанымен, денесі мығым, соққысы жойқын. Бірақ бұл бәсекеде Теміртас дұрыс тактика қолдана білді. Қандасымыз бойы мен қолының ұзындығын тиімді пайдаланды. Аяқпен де өте жақсы қимылдады. Қарсыласы жанталасқанымен қазақ боксшысының қарқынына ілесе алған жоқ. Бәсеке барысында бірде-бір оңтайлы соққысын дарыта алмаған Кармильчук әбден діңкеледі. Жүсіповтің жеңісіне ешкімнің де күмәні болмады.
Бастапқы бәсекелерде қарсыластарын қоғадай жапырғанына куә болған көрермендер 54 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрген Махмұд Сабырханның стилін Украинаның мақтанышы Василий Ломаченкомен салыстырды. Ал кейбір көрермендер «Ғасырлар тоғысында атой салған Алаштың алтын асықтай ұлы Бекзат Саттархановпен қайта қауышқандай болдық» десіп те жатты. Әрине, Сабырхан әлі де олардың деңгейіне жете қойған жоқ. Десек те рингтегі қимыл-қозғалысына, ептілігі мен шапшаңдығына, батылдығы мен өжеттігіне және техникалық арсеналының молдығына қарап, бұл жігіттің өнеріне сүйсінбеу мүмкін емес. Қазірдің өзінде-ақ дуалы ауыз мамандар «Бұл боксшының болашағы зор» деп айтып жатыр. Жартылай финалда үндістандық Акаш Кумарды сабады. Қарсыласы да жас өреннің мықтылығын мойындады. Жекпе-жек аяқталған бетте Акаш Махмұдты шын жүректен жеңісімен құттықтап, екеуі құшақтасқан күйі суретке де түсіп үлгерді.
51 кг салмақтағы Сәкен Бибосынов Танарат Саенгфетпен сайысқа түсті. Үш раунд бойы Таиландтың өкілін жетегінде ұстап, өзінің ырқына оңай көндірген Мырзағали Айтжановтың шәкірті ақыры діттеген мақсатына қол жеткізді. Осыған дейін 2019 жылғы әлем чемпионаты мен 2021 жылғы Олимпия ойындарының жартылай финалында жеңіліп, қола медальды қанағат тұтқан Сәкенге бұл жолы бас жүлдені олжалауға тамаша мүмкіндік туды.
Иә, 57 кг салмақтағы Серік Теміржанов кубалық Освей Кабаллеро Гарсияға қарсы шыққанда, қандасымыз Панамерика ойындарының жеңімпазын жеңетініне көпшіліктіктің күмәнмен қарағаны рас. Тіпті «тас-талқан болып ұтылып қалмаса екен» деп мазасызданғандар да болды. Бірақ біздің жігіт бұл жекпе-жекке бес қаруын асынып келген екен. Рингте Серік өзін сенімді ұстап, атақты боксшымен еш қаймықпай айқасты. Тіпті бірінші раундтың соңғы секундтарында кубалықты нокдаунға да жіберді. Одан кейін де шабысынан жаңылмаған Теміржанов жеңіс тойын тойлады.
Өкінішке қарай, Абылайхан Жүсіпов жартылай финалдық межеден аса алмады. Сырт көзге қазақ жігіті Севонрет Оказавамен тең дәрежеде айқасқандай көрінді. Бірақ жапон жігіті сәл жылдамырақ қимылдап, Жүсіповтің үнемі алдын орап отырды. Оны мойындамасқа лаж жоқ. Ал қарымта шабуылға жүгінген Оказава қаша жүріп ұрыс салды. Бұл тактика өз жемісін берді. Бәсеке аяқталған соң біздің бапкерлер қазылар алқасына наразылық білдірді. Бірақ төрешілердің бастапқыдағы шешімі өзгеріссіз қалды. Осылайша, Абылайхан әлем чемпионатында қатарынан үшінші рет қола медальды қанағат тұтты.
Сан миллион жанкүйер тағатсыздана күткен финалдық бәсекелер екі күнге созылды. Шешуші тұста төрт тұяғын тең басқан тұлпардай төрт боксшымыз жер тарпып тұрды. Сол секілді АҚШ-тың да төрт өрені ақтық сында күш сынасты. Куба мен Ресейдің үш және Жапонияның екі саңлағы дәл сондай құрметке ие болды. Ал Таиланд, Франция, Өзбекстан, Бразилия, Әзербайжан, Армения, Түркия, Украина, Беларусь және Италиядан бір-бір былғары қолғап шебері әлемдік доданың алтыны үшін айқасу мүмкіндіктерін сақтап қалды. Өздеріңіз байқап отырғандай, бас жүлде үшін тартыс 15 мемлекеттің өкілдері арасында ғана өрбіді.
Отыздан асқанда орда бұзды
Алғашқы болып рингке Теміртас Жүсіпов көтерілді. Таиландтық боксшы Вуттичай Юрачайға ол адым аштырған жоқ. Үш раунд бойы дамылсыз қимылдаған жерлесіміз қарсыласын әбден әбігерге салды. Сөйтіп, 33 жасында әлем чемпионы атанды. Осыдан бір жарым ай бұрын ғана Теміртас Мәскеуде өткен әскерилер арасындағы әлем біріншілігінде бас жүлдені олжалаған еді. Міне, енді
Белградта алдына жан салмады. Спорттық карьерасы аяқталар тұста осындай екі бірдей аса ірі жарыста жарқын жеңіске қол жеткізген Жүсіповке алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Іле-шала Махмұд Сабырхан шаршы алаңға шықты. Осыған дейін айтылған көптеген мақтау сөздерден кейін 20 жастағы қандасымыз алтын алады-ау деген ой қылаң берген. Сабырханның өзі де соған сенімді секілді көрінген. Бірақ сын сағатта жас өреннің жүйкесі сыр берді. Финалда ол білгенінен жаңылды. Иә, Махмұдтың үнемі шабуыл өтінде жүргені рас. Алайда одан ештеңе өндіре алмады. Қимыл-қозғалысы баяулап, сілтеген соққылары көп жағдайда ауа қармап қалды. Жас жігіттің «жанып кеткені» байқалып тұрды. Есесіне салқынқандылық сақтаған Томоя Цубои әр соққысын есеппен жұмсады. Ол сирек шабуылдағанымен, өзіне қажетті ұпайларды қоржынына салды. Нәтижесінде, Цубоидың есімі Жапонияның боксшылары арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы ретінде спорттық шежіреге алтын әріптермен жазылды. Ал жеңіс тұғырының ең биік сатысында марқайып тұруды мақсат тұтқан Махмұд Сабырхан күміс медальды мойнына ілгенде көзіне жас алды.
Токиода кеткен есесін Белградта қайтарды
Келесі күні тағы екі қазақ жігітінің өнерін тамашаладық. Сәкен Бибосынов өзіне тән мәнерде жұдырықтасып, америкалық Роско Хиллді еш қиналмай ұтты. Сөз орайы келгенде, Токио Олимпиадасының қола жүлдегерінің жеребесі өте ауыр болғанын айта кетуге тиіспіз. Бастапқы бәсекелерде ол Олимпиада чемпионы, Баркер кубогының иегері өзбекстандық Хасанбой Дусматов, құрлықтық деңгейдегі жарыстарда олжа салып жүрген үндістандық Депак Кумар, Рио Олимпиадасының күміс және Гамбургтегі әлем чемпионатының қола жүлдегері колумбиялық Юберхен Мартинес сынды саңлақтарды сан соқтырды. Осындай дүлдүлдерді жолынан ығыстырған Сәкен «Штарк Аренада» Қазақ елінің Әнұранын шырқатты.
Токиодағы сәтсіздіктен кейін Серік Теміржанов ел сенімін ақтау үшін Белградта барын салды. Барлық бәсекені бір деммен өткізген ол ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Бірақ финалда қанша жанталасқанымен Азамат Мақажанов шәкіртінің Джамал Харвиге әлі жетпеді. АҚШ-тан келген 18 жастағы боксшы атойлап ұтпаса да, Серіктің үнемі алдын орап отырды. Әр раунд сайын ұпайын еселеп, нәтижесінде, бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал Теміржанов күміс медальды қанағат тұтты.
Сөйтіп, Қазақстан құрамасы Сербияда өткен әлем чемпионатын 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медальмен қорытындылады. Жалпыкомандалық есепте жерлестеріміз тек Куба боксшыларынан қалып қойды. Бостандық аралының өкілдері 3 алтын мен 2 қола жүлдені олжалады. Үшінші орында – АҚШ құрамасы. Америкалық боксшылар 2 алтын мен 2 күміске қол жеткізді. Бұл ретте Белградтағы бәсекенің қарсаңында ғана бас бапкерлік қызметке тағайындалған Қайрат Сәтжановтың еңбегін айрықша атап өтуге болады. Білікті маман қысқа ғана мерзім аралығында бәсекеге қабілетті команда жасақтай білді. Ең бастысы, Қазақ елінің өрендері әлемдегі ең үздік командалардың алдыңғы легінен көрінді. Чемпионат аяқталған бетте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіс тұғырына көтерілген боксшыларды құттықтап, оларға алдағы жарыстарда да ақ жол тіледі. Жарайсыңдар, жігіттер!