• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 09 Қараша, 2021

Айвазовский айдыны

281 рет
көрсетілді

Үнемі тынымсыз теңселіп жататын, кейде жал-жал толқыны жағадағы жартасты жалмап кетердей екпіндеп соғып, кейде айдың нұрын айна-қатесіз өз бетіне өзгеріссіз көшіре мөлдіреп тына қалатын, бірде ақ көбігін ақжем жағаға бүркіп аласұрса, енді бірде сол жағаларды қаншама шақырымға ұзақ уақыттарға тастай шегініп кететін теңіз жаны – адам жанының айнымас сұлбасындай-ау...

Теңіз десе, басқаны білмейміз, біздің көз алдымызды осындай бір образды сурет көме кетеді. Негізі бұл күйді теңіздің жағасына жалғыз барған кез келген жан сезінсе керек. Адам мен судың арасындағы тығыз байланысты бізсіз де ғалымдар нешеме теориялармен нақты дәлелдеп, айтып, жазып келеді. Оның ғылы­ми түсіндірмесіне түптеп үңілуге де болар еді, бірақ айтпағымыз Айвазовский болған соң сол теория­ларды термелеп жатудың көп қажеті жоқ сияқты.

Расымен бұндай ұлы құбылыс­тарды қылқалам шебері шын сезін­генде оның жан әлемі қандай күйге душар болатынын, оның қалай  жақ­сы мағынасында дерттенетінін, тұла бойын шын шабыт қалай буатынын қарапайым тілмен жеткізу тіпті мүмкін емес.

Жалпы, кез келген өнер адамы­ның шығармашылығында теңіз тақырыбы міндетті түрде орын алатыны белгілі. Мейлі ол ақ айдын­ның арыстан жал толқындарына оранып өспесін, мейлі ол көкше теңіздің ыстық жағалауларын бойлай жүгіріп балалық шағының арман құсын қуаламасын, кез келген талант теңіз тақырыбын қайтсе де бір өз туындыларына тұғыр етері хақ. Ал енді шығармашылығының тұтас галереясын тек қана теңіз тақырыбына арнаған туындыгер болса, оның шығармалары әлбетте әлем назарын аударатыны ақиқат. Айвазовский бұл жағынан тек бір ғана ұлттың мақтанышы емес, бүкіл адамзат тарихында өз орнын ерекше айқындаған феномен дер едік. Әлем мәдениетінің тарихына теңіздің түрлі мінезін түгендей кірген талант туралы талай шығарма, талай толғамды сыр түйілген болар. Дегенмен оның суретіне арбалып қалған әр адам қайтсе өзінің ойын, өзегін жарып шыққан сезім сәулелерін  қайтсе де қағаз бетіне  түсірмей тынбайтындай.

Классикалық пейзаждың кәнігі шебері Иван Айвазовскийдің «То­ғы­зыншы вал» туындысы, әлбетте, атақ­ты картина. Жалпы, оның бар­лық картинасына жеке-жеке тоқта­лу­ға да болар еді, алайда шеті-ше­гі жоқ түп­сіз терең тұңғиық әлем­нің қай шетін қамтып үлгере алған­дай­сыз? 

Теңіз стихиясын теңдессіз жыр­лаған ақындар да бар, жазушылар да жетерлік, дегенмен суретші қия­лындағы жанды толқындар адамды әп дегенде өзіне бірден тартып әкететіні тылсым да таңғаларлық.

Ол кейде өзінің жанын теңіз толқындарына мәңгілік айырбас­тап жіберген таланттай көрінер еді. Жалпы, терең түйсінген адамға Айвазовскийдің теңіз галереясы тек жабайы теңіз мінезін ғана суреттеп тұрмағаны бірден белгілі. Оның полотноларындағы буырқана бұлқынған бояулар, ең алдымен, көз алдыңа адам жанының еркіндігі мен  бостандығын келтіреді. Оны өзі де бір естелігінде: «Алғаш көр­ген суреттерім жиырмасыншы жыл­дардың аяғындағы Грекияны азат ету жолында түріктермен бірге шай­қасқан батырлардың ерлік істерін бейнелейтін литографиялар болды. Кейіннен мен Еуропаның бар­лық ақынының не айтқысы келгенін түсінгендей болдым: Байрон, Пуш­кин, Гюго ... Бұлардың  ұлы ойла­рының бәрі маған құрлықтағы және теңіздегі шайқастар түрінде жиі келетін», дейді.

Атақты «Тоғызыншы вал» кар­тина­сы­на ұзақ қарап тұрған адам қуат­ты толқын теңіз үстінде тіпті үрей­лі, тіпті қорқынышты еке­нін жа­ны түршіге сезер еді. Алай­да Айва­зовский қылқаламы сол адам төзгісіз қорқынышты құбы­лыс­­тың өзін ашық түстермен айқын бедерлейді. Біз әдетте үрей­лі сәттердің барлығына қара тү­некті қабаттастыратыны­мыз бар ғой. Жоқ, аңыз Айвазов­ский шебер­лі­гінің өзі сонда, ол адам үміті, пенде баласының өмірге деген ұлы құш­тарлығы кез келген апат­тан биік, дауылдан кейін де тірші­лік жал­­ға­сатынын анық та ашық бояу­лар тілінде бұлыңғырлатпай бере алуын­да екен.

Оның полотноларындағы теңіз­дің жанды да тірі әрі нанымды екен­дігі соншалық, әуелде  ол теңіздер се­нің ең жақын сырласыңдай неме­се қатыгез жауыңдай шайпау тол­­қын­дар жаныңа қалай жақын кеп қал­ғанын бір сәтке сезбей де қаласың...

Әлем музейлерін асау толқын­дары алып құшағына орап жатқан Айвазовский теңіздері бізді де дәл қазір жалқы сәт соғып өткендей...