Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының 92 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген. Жақында жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесін жария еткен облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Ғаниева осылай деп мәлімдеді.
Өңірде қазақтардың үлесі 80 пайызды құрайды. Ал жоғарыдағы көрсеткіш жұмсартып айтқанда «қағаз жүзінде ғана бар жетістік» емес пе? Соңғы кезде елімізде мемлекеттік тілдің қолданысына байланысты бірнеше жағымсыз оқиға болды. Көрші мемлекет «Қазақстанда орыс тіліне қысым жасаған» бірнеше тұлғаны persona non grata жариялап, ел аумағына кіруіне тиым салды. Лауазымды тұлғалар бірнеше мәлімдеме жариялап, БАҚ бетінде қызу талқылау жүрді. Міне, осы жағдайлар Ресей Федерациясының 5 губерниясымен шектесетін Батыс Қазақстан облысына қалай әсер етті?
– Жоқ, біздің өңірде мемлекеттік тіл саясаты жоспар бойынша жүріп келеді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бар. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларындағы ұлттық сана, үштілділік және латын әліпбиіне көшу талабы, ұлттық құндылықтарды сақтау бағытындағы мәселелер де басты назарымызда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп айтуға болады» деген еді. Ендеше қазақ тілінің барлық салада дамып, ұлттық бірліктің ұстыны болуы үшін күн сайын еңбек етіп келеміз, – дейді біздің күдігімізді сейілтіп Светлана Ғаниева.
Көп кешікпей Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өткелі отырмыз. Алысқа бармай-ақ дәл осы 30 жыл бедеріне қарасақ, Батыс Қазақстан облысында тіл саясатында қанша өзгеріс болды! Қаракөзі 10 пайыздан аспайтын Орал қаласы адам танығысыз өзгерді. Бүгінде өңірде жұмыс істеп тұрған 372 білім ордасының 68%-ы мемлекеттік тілде қызмет етеді екен.
«Біз мемлекеттік тілді оқып-үйренеміз деген ниеті бар адамға барлық жағдайды жасап қойдық. Соның нәтижесінде соңғы үш жыл ішінде 4 мыңға жуық адам тегін тіл курсын тәмамдады. Қазақ тілінің ұлтаралық қарым-қатынас құралы ретіндегі маңызын насихаттау үшін «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы», «Менің Отаным – Қазақ Елі» және «Мақал – сөздің мәйегі» байқауларын, «Тілге құрмет – елге құрмет» челленджін, «Мен қазақша сөйлеймін» акциясын ұйымдастырдық. Осы шараларға 500-ден астам өзге ұлт өкілі қатысты», дейді Светлана Ғаниева.
Биыл Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы жанынан «СөйлеТimе» клубы ашылған екен. Оның да мақсаты – қазақ тілін жетілдіргісі келген өзге этнос өкілдеріне көмектесу, қазақ тілін грамматикасыз, тұрмыстық деңгейде ауызекі сөйлеуге үйрету. Клуб мүшелері халыққа қызмет көрсету орындарында – кітапхана, асхана, шаштараз, вокзал, емханаларға барып, еркін сұхбат жүргізіп, қызық тәжірибе жасаған. Осындай 14 сұхбаттың бейнеролигі дайындалып, әлеуметтік желілерде жарияланды. Түрлі әлеуметтік нысандарға барып, халыққа мемлекеттік тілде қызмет көрсету қажеттігін насихаттаған «СөйлеТime» клубы мүшелері түрлі ұлт өкілдерінен құралған. Сондықтан да олардың қазақ тілін дамыту туралы талап-тілегі оң қабылданған.
Ресей Федерациясы демекші, ол елде тұратын қазақ диаспорасы өкілдерімен әдеби-мәдени байланыс соңғы жылдары жүйелі жолға түскен. Ресей қазақтарының ұлттық бірегейлігін сақтау, рухани және тарихи-мәдени мұраны нығайту, сондай-ақ оларға ана тілін үйренуде әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсету мақсатында Аltyn kópir халықаралық фестивалі бірнеше жылдан бері ұйымдастырылып жүр.
Биыл осы шараға Ресей Федерациясының Самара, Саратов, Орынбор, Қорған облыстарынан қазақ жастары шақырылған еді. Атажұртқа аяқ басқан қыз-жігіттер жергілікті лингвист ғалымдармен, өлкетанушылармен, қолөнер бағытында қызмет ететін кәсіби мамандармен, оралдық жастар қоғамдық ұйымдары көшбасшыларымен кездесіп, түрлі тақырыптық шараларға қатысты. Фестиваль аясында олар облыс аумағындағы тарихи-мәдени нысандарға саяхат жасап, ұлттық аспаптар, ұлттық би, ұлттық сәндік-қолданбалы өнер хақында шеберлік сабақтары өтті.
Сонымен қатар 2021 жылдың наурыз айынан бастап ана тілін меңгеруге ниет білдірген Ресей Федерациясында тұратын қазақ диаспорасы өкілдеріне онлайн 100 сағат, офлайн 8 сағат көлемінде қазақ тілінен А2 деңгейінде 25 адамға арналған тегін сабақ жүргізілген.
Міне, мұның бәрі Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік тілді дамыту ісі шекара сыртындағы қандастарымызды да қамтып жатқанын көрсетеді.
Өңірде мемлекеттік мекемелер 2006 жылдан бастап қазақ тілінде іс жүргізуге көшкен болатын. Қазір облыс бойынша құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі 2021 жылдың 3-тоқсанында 96 пайызды құраған.
Тіл саясатының маңызды бағытының бірі – ұлттық ономастика. Егемендікке қол жеткізген 1991 жылдан бүгінге дейін өңірде идеологиялық тұрғыдан ескірген немесе мән-мағынасын жоғалтқан 5 аудан, 95 елді мекен, 1726 көше атауы өзгертілген! Орал қаласындағы 832 көшенің 627-сі (75%) ұлттық реңкте.
– Орал қаласында жекелеген азаматтар тарапынан мемлекеттік тілдің қолданылуына байланысты талап-тілек болса, қалай қабылданады? Бұл мәселеде дау-дамай туындаған жоқ па? – деп сұрадық біз облыстық тіл басқармасы басшысынан.
– Бұл мәселені біз Батыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп шешіп келеміз. Палата мен тіл басқармасы арасында әріптестік жөнінде 5 жылға меморандумға қол қойылған болатын. Сондықтан жекелеген азаматтар, «Тіл инспекциясы» мүшелері анықтаған кемшіліктер болса, оны жоюға Кәсіпкерлер палатасы тікелей араласады. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының 21-бабының орындалуы да ұдайы бақылануда. «Тіл инспекциясының» да негізгі мақсаты кәсіпкерлердің айыбын ашу емес, тіл заңы бұзылған жерде үкіметтік емес мекемелерге, кәсіпорындар мен қала тұрғындарына ақпараттық және әдістемелік көмек беру, ақпараттық-насихаттық жұмыс жүргізу арқылы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге және қазақша тілдік ортаны дамытуға ықпал ету, – дейді Светлана Ғаниева. Биыл оралдық «Тіл инспекциясы» еріктілер тобы облыс орталығында орналасқан 300-ге жуық нысанға әдістемелік көмек көрсетіп, кемшіліктерді түзету мақсатында ескерту хат, жадынамалар таратқан.
Ұлы ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының бір шығармасында: «Тәмам жанның мінін айт, Жалған айтпай шынын айт, Аяп, ішің жылып айт – Адамды бастыр ілгері» дейтін жолдар болушы еді. Шынында да көзге түскен кемшілік, мін туралы аяушылықпен, ішің жылып отырып айтылса, оның әсері де бөлек болады екен.
Батыс Қазақстан облысы