Жамбыл облысында биылғы күздік дала жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мемлекет қолдауының нәтижесінде жергілікті шаруалар жер жырту, тұқым себу жұмыстарын бастап та кеткен.
Өңірде қыркүйек және қазан айларының жұмысқа қолайлы болғанын ескерсек, келесі жылы қара жерден мол өнім алуға мүмкіндік бар. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, келер жылдың өніміне 152,7 мың гектар алқапқа күздік дақылдар егу жоспарланған. Бүгінгі таңда 147,7 мың гектарға күздік дақылдар егуге егістік жер дайындалған. Нақты айтқанда, 118 мың 782 гектар жерге күздік бидай себілген. Мамандар сапалы өңделген топырақта ғана дақылдың өсіп, дамуына қажетті жағдайлардың бәрі жасалатынын айтады. Сол мақсатта қазіргі кезде шаруалар сүдігер жыртып, тиісті жұмыстарын атқаруда.
Жалпы, баға тұрақтылығына алынған өнім көлемі де әсер етеді. Бүгінгідей нарық заманында бұл қарапайым тұрғындар үшін де маңызды. Ал алынған өнім есебінен аймақ тұрғындарын азық-түлікпен қамту жұмыстары да қызу жүргізілуде. Мәселен, биыл жамбылдық диқандардың мол өнімге қол жеткізгенін атап өткен жөн. Облыс бойынша 378,2 мың гектар дәнді-масақты дақылдар орылып, барлығы 465,9 мың тонна дән бастырылған. Сонымен қатар 269,6 мың тонна картоп, 483,3 мың тонна бақша дақылдары,
1 762 мың тонна көкөніс, 129,4 мың тонна дәндік жүгері, 42,2 мың тонна майлы дақыл жиналған. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Ал алынған өнімдерді сақтау мәселесі де назарда тұр. Облыс бойынша қолданыста 236 қойма бар болса, ол қоймалардың сыйымдылығы 255 мың 954 тоннаны құрайды. Биыл жалпы сыйымдылығы 13 мың тонна болатын 3 қойма іске қосылса, енді 74,5 мың тонна өнімді сақтай алатын тағы да 5 қойманың құрылысы жүргізілуде.
Бүгінгі таңда күзгі дала жұмыстары 77,8 пайызды құрап отыр. Ал қалған 22 пайызын жергілікті ауыл шаруашылығы мамандары қараша айының алғашқы он күндігінде аяқтайды деп жоспарланған.
«Бір ғана Байзақ ауданын алатын болсақ, алдағы жылы дәнді-дақылдардан жақсы өнім алу үшін диқандар сүдігер жыртып, жерге тыңайту жұмыстарын жүргізу үстінде. Бүгінгі таңда ол ауданда 231,2 мың гектар сүдігер жыртылып, жоспар 53,6 пайызға орындалған. Онда күздік дақылдарды себу жұмысы да аяқталып келеді. Ал жалпы облыс бойынша күздік себуді қараша айының алғашқы онкүндігінде жүз пайызға жеткізу көзделіп отыр», дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов.
Жалпы, Жамбыл облысында жыл сайын 2 млн тоннаға жуық негізгі және жоғары сұранысқа ие жеміс-көкөніс өнімдері өндіріледі. Өнімдердің өндіріс көлемі өңірдің ішкі сұранысын толық қамтамасыз етеді. Ал маусымаралық кезеңге қажетті өнім көлемін облыстағы қоймаларда сақтауға мүмкіндіктер қарастырылған.
Жамбыл облысы