ЖАҚСЫ ДӘСТҮР ЖАЛҒАСЫН ТАППАДЫ
Академик Серік Қирабаев өзінің «Өмір тағылымдары» атты естеліктер кітабында: «Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болдым... Ол кісі менің аты-жөнім таныс екенін, қазақ мектебінде менің оқулығыммен оқығанын айтып көңілімді көтерді», деп еске алатыны бар. Біз елдің болашақ Президенті білім алған оқулықты жазған ғұлама әдебиетшіге жолығып, бірнеше сауал қойдық. - Серік Смайылұлы, жалпы білім беретін мектепке арналған әдебиет пәні оқулықтарын жазудағы тәлім-тәжірибеңізді ортаға салсаңыз? – Жас ұрпақты әдебиет арқылы білім мен отаншылдыққа баулуда оқулықтар атқаратын қызмет орасан зор. Мен – 1952 жылдан бері, яғни 60 жылдан астам уақыт бойы орта мектепке арналған «Қазақ әдебиеті» оқулықтарын жазуға бел шешіп қатысқан, соның бел ортасында болған адаммын. 9-10-11 сыныптарды қамтыған бұл оқулықтардан қазақ жастарының нешеме толқын ұрпағы білім алды. Қазақ мектебі тарихында бірінші рет факультативтік курс үшін 1973 жылы «Қазақ әдебиеті» оқулығын да жазған мен болатынмын. Ол бүгінгі таңға дейін факультатив үшін арнайы жазылған жалғыз оқу құралы болып табылады. Заман өзгеріп, қоғам ауысып жатады. Идеология жаңарады. Осылардың қай-қайсысы да әдебиетке соқпай кетпейді. Жаңа заманның жаңа көзқарасына сай оқулықтарды жаңартып отыру керек. Тәуелсіздік рухында туындаған талап-міндеттерді біз де ескердік. Мысалы, 1997 жылы Қ.Мырзағалиевпен бірлесіп орта мектептің 10-сыныбына арналған оқулық жаздым, ал 2000 жылдан бастап осы дәуір әдебиетінің хрестоматиясын құрастыруға қатыстым. Білім және ғылым министрлігі мектеп оқулығын жаңартуды хал-қадерінше қолға алды. Осы тұста тәжірибелі автор есебінде маған 10-11 сыныптардың оқулықтарын жазуды басқару, мектеп бағдарламаларын қайта қарау жүктелді. Сонда мен жоғары сыныптардағы бұрынғы әдебиет тарихын дәуірлеу жүйесін жаңартып, екі сыныпта ХІХ және ХХ ғасыр әдебиеттерін оқытуды ұсынғанмын. Ғасырға жіктейік, идеология керек емес дегенбіз. Бұл – әдебиетті белгілі бір саясаттың ізімен емес, ғасырлық тәжірибе, халық өмірінің шындығы тұрғысынан бағалау ниетінен туған еді. Сөйтіп, менің басқаруыммен 2002-2003 жылдары байқау оқулықтары жазылып, кейін олар толықтырылып, жөнделіп, оқулық күйіне түсті. 10-сынып оқулығы 2006 жылы, 11-сынып оқулығы 2007 жылы жарық көрді. – Сонымен, қазір шығып жатқан оқулықтарға көңіліңіз тола ма? – Қазір маған осы оқулық деген нәрсенің жанашыр иесі жоқ сияқты болып көрінеді. Әрине, министрлік тізгінін ұстап отыр ғой. Дегенмен, нақты жұмыс, басиелік жетіспейді. Бұрын осы іспен тікелей айналысатын тісқаққан нақты адамдар болушы еді. Бәрін жөн-жөнімен, рет-ретімен ақылдасып шешетінбіз. Қазақстан Білім академиясы жанындағы оқу-әдістемелік кеңесі, оның әдебиет секциясы дейтін болды. Мен осы секцияны көп жылдар басқардым. Бағдарламалардың барлығын талқылап барып бекітетінбіз. Осындай игі дәстүрлер ұмытылып қалды. Алдыңғы кезекке шығармашылдық емес, шенеунікшілдік шығып кетті ғой деймін. – Сонда оқулық қандай болуы керек дейсіз? – Оқулық жайын көп зерттедім, шама-шарқымша білемін. Қазір оқулық жасап жүрген адамдар, меніңше, оның терең мәніне үңіле бермейтін сияқты. Оқулық дегеніміз білген нәрсенің, болған нәрсенің бәрін ішіне тыға беретін қапшық емес. Ол – негізгі әдебиеттің дамуы, қоғаммен байланысы, соның басты бағыттары, көрнекті өкілдері жөнінде мағлұмат беретін оқу құралы. Қосымша материалдарды мұғалімнің көмегімен балалар өздері толықтырып алады. Ендігі бір қынжылатын жай, шолу тарауларда адамдардың аты-жөні (фамилиялар) көп. Кімнің кім екенін біліп болмайсың. Талдап айтарлық еңбегі болмағаннан кейін олардың аты ешкімнің есінде қалмайды. Міне, осындай жалпылама, жайдақтықтан қашу керек. Ол оқушыларға білім болып жарытпайды. Бүгінгі бағдарламаларда осындай кемшіліктер бар. Бәрін бір оқулыққа сыйғызғысы келеді, бәрін тықпалап айтқысы келеді. Олай болмайды ғой. Ол – орта мектептің ғана оқулығы. Одан кейін жоғары мектеп бар, мұндағы тақырыптар сонда кеңейтіледі. Сондықтан, мектеп оқулығын өзінің бойына, мақсат-міндетіне шақ қылып, ыңғайына қарай мөлшерлеп берген құба-құп болады. – Кешеден бүгінге тартқан сабақтастық сақталмады ма? – Тарихи жүйе, негізгі ұстаным, қағидаттар деген болады. Соңғы бағдарламаларға қарасаңыз, бір кездегі әдістеме мамандары бүгін жетпей тұрғандай. Бұған мектептің оқу-тәрбие үдерісін білетін тәжірибелі адамдар керек. Кезінде мектеп мұғалімдері ғалымдармен бірге автор болған еді. Осындай адамдар азайып кетті. Демек, қазір оқулықтардың авторларын іріктеуге жете көңіл бөлінбейді. Тәуелсіздіктен кейін алғашқы оқулық жасағанда Зейнолла Қабдолов, Рахманқұл Бердібаев, Рымғали Нұрғалиев – бәріміз өз шәкірттерімізбен авторлық ұжым болып жазайық оқулықты дегенмін. «Ертең біз кеткенде ісімізді шәкірттеріміз жалғастырады. Оқулық жауапкершілігін солар арқалайды» деп едім. Осыны министрліктегі адамдардың миына жеткізе алмадым. Зейнолла Қабдолов, Хасен Әдібаев және мен бір авторлық ұжым болып бекітілдік. Зейнолла мен Хасен дүниеден озды. Мен де 90-ға таядым. Енді біздің оқулыққа ие болатын адам жоқ, жетімсіреп қалды. Жақсы дәстүрді жалғастыратын сабақтастыққа мән бермеудің салдарынан осылай болды. Мұның бәрі ойланбай істелген нәрселер. Жақында маған жоғары сыныптардың оқулығына бекітілген жаңа бағдарламаны жіберіпті. Бірқатар өзгерістер енген. Бірақ сол өзгерістердің ешбірі миға қонбайды. Кіммен ақылдасқанын да білмедім. Әдебиет тарихын, басты бағытын үлкен тұлғалы жазушылар танытады. Тарихты қопарған Ілияс Есенберлинді бағдарламадан мүлдем алып тастапты. Оқулыққа екінші кезектегі мәнсіздеу нәрселер еніп кеткен. Оқып-зерттелуі мектептің шаруасына жатпайтын бірсыпыра ақын-жазушылар жүр. Немесе, ХІХ ғасыр әдебиетінен Дулат, Сүйінбай, Мұраттардың оқылуы дұрыс. Ал осы қатарға Майлықожа, Қашаған, сондай-ақ Елтоқ, Жанұзақ деген Жәңгір ханның маңайындағы ақындардың бәрін шұбырта қосқанда не ұтамыз? Ол міндетті емес қой. Бұл балалардың басын қатыру болып шығады. Ендеше, жаңарған елге жаңарған жақсы оқулық жасау үшін тек аты-жөннен тұратын тарауларды тоқтатып, жаңа бағдарламаның кілтін тауып, ақылдаса отырып нақтылау керек. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.ОҚУЛЫҚ ЖАЗЫП, МИЛЛИОНЕР БОЛҒАН АВТОР ЖОҚ
Оқулықтың ұлттық негіздері оның мазмұнындағы елдік рухпен, ұлттық ділмен сабақтасып жатса ғана тың сипатқа ие болып, шын мағынасында тәуелсіздіктің символына айналады. Ұлтын, елін, жерін сүюдің де шынайы үлгісін танытқан ұстаз-ғалымдар, төл оқулықтың алғашқы авторлары болашақ ұрпақты бабалар дәстүрі мен әлемдік өркениетті ұштастыра отырып оқытсақ, тәрбиелесек деді. Өзіндік ой-тұжырымдарын егемен елдің жаңа буын төл оқулықтарына жүйелеп енгізе бастап еді. Бірақ кейінгі жылдары сол дәстүрге селкеу түсіп, оқулық мәселесі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жүрген жайы бар. Дәл бүгінгі таңда оқулықпен байланысты өріс алып отырған проблемалардың барлығы осы жүйесіздікке келіп саяды. Біріншіден, өзгермелі дүниенің дүрбелеңін желеу етіп, жыл сайын білім мазмұнын, жүйесін «жаңарту» әдетке айналып барады. Жыл сайын оқу бағдарламаларын өзгерту, соған сай «жаңа» оқулықтар жазу білім жүйесінің дамуына оң ықпал етпейді. Керісінше, дәстүрден жаңылдырып, түсініксіздікке әкеледі. Ал мұның барлығының зардабын алдымен бала, мұғалім, ата-ана мен мектеп тартады. Әрине, жаңарту қажет. Бірақ ол бел ортадан киіп кетпей, әбден зерттеліп, зерделеніп барып жүзеге асуы тиіс. Өзіміздегі озық дәстүрлерімізді әлемнің сыннан өткен тәжірибелерімен ұштастыру ғана біздің алға жылжуымызға мүмкіндік береді. Екіншіден, инновациялық серпіліс жасау ұғымын басқаша түсіну етек алып тұр. Бүгінгі өркениетті елдердің білім саласын дамытудағы басты тенденциясы – инновациялардың енгізілуінің елдегі ұлттық дәстүрлерге және ұлттық негіздерге қарсы келмеуі. Бізге де дәл осы ұстанымды басшылыққа алу қажет. Әсіресе, ұлттық тіл, діл, рух қалыптастыратын гуманитарлық пәндердің білім мазмұнына келгенде аса сақ болу керек. Мәселен, қазақ тілін, әдебиетін, тарихын оқытуды жаһандануға ыңғайлаудан гөрі, керісінше, бұл пәндерді сол жаһанданудың түрлі қауіп-қатерінен сақтайтын рухани-мәдени иммунитетті күшейтетіндей етіп жетілдіру қажет. Үшіншіден, қоғамдағы оқулыққа сын айту мәдениетінің төмендігі де үлкен проблеманың бірі. Көпке топырақ шашатын, негізсіз, сыңаржақ сын басым болғандықтан, әлеуметтің сеніміне селкеу түсіп отыр. Одан ешкімге ешқандай пайда жоқ. Жаңа буын оқулықтарына талай рет сын-пікірлер айтылды. Соның ішінде «сыншының» не айтқысы келіп тұрғанын түсінбейтін кездер көп болды. Ең қызығы, әлгі «сыншылардың» аты-жөнінің өте құпия болатыны. Егер адам айтар сөзінің ақиқаттығына өзі сенімді болса, онда жасырынбақ ойнаудың қажеті қанша? Төртіншіден, оқулық жазу – өте үлкен жауапкершілікті, мықты жігерді, қажырлы еңбекті, тынымсыз ізденісті қажет етеді. Өкінішке қарай, бізде бұл мәселе ешқашан ескерілмейді. Авторлар өзінің қызмет орнындағы жұмысынан тыс уақытта оқулық жазады. Сонда темірдей талап қайда қалды? Шынын айтқанда, бар ойы, идеясын балаға берсек екен деген жанкешті жандар ғана бүгінде оқулықтың айналасынан ұзай алмай жүр. Кейде қолды сілтей салуға қазақ баласының болашағына алаңдаулы көңіл, ар-намыс жібермейді. Бесіншіден, оқулықтың авторлары туралы сөз бола қалса, ең алдымен, олардың «тиынын» санауға үйірлер көп. Шетелдерде бір оқулық жазған адам миллионер болатын көрінеді. Бірақ бізде оқулық жазып, миллионер атанған автор жоқ. Оқулықтың бір баспа табағына жиырма мың теңге төленеді, сонда бір бетке мың жарым теңгеден де келмейді екен. Оны үш не төрт авторға бөліңіз де, есептей беріңіз. Салыстырмалы түрде мен «Мектеп» баспасының дұрыс төлейтінін айтқым келеді. Таралымнан да төлем беретін осы баспа. Менің ойымша, оқулық пен оқу-әдістемелік кешенге төленетін қаламақыны барлық баспалар үшін бірегейлендіру қажет. Оқулыққа төленетін қаламақыны қайта қараған жөн. Қаламақы еңбектің жанрына байланысты болуы шарт. Мысалы, пәнді оқытудың әдістемелік құралы мен хрестоматияның қаламақысы бірдей қойылады. Бұл дұрыс емес. Өйткені, әдістемелік құрал шығармашылықты, көп ізденісті қажет етеді, ал хрестоматия дайын жұмыстардың жинағы болып саналады. Жанат ДӘУЛЕТБЕКОВА, педагогика ғылымдарының докторы, 5-ші, 6-шы және 11-сыныптарға арналған «Қазақ тілі» оқулықтарының авторы.ТҰШЫМДЫ ДА ТҰЖЫРЫМДЫ ПІКІР АЙТЫЛСА ИГІ
Еліміз егемендік алғаннан кейін білім саласына айрықша көңіл бөлініп, мектепті тәуелсіз елдің төл оқулығымен қамтамасыз ету міндеті алға қойылды. Оны Елбасымыз қолдады. Мұндай тарихи мәнге ие міндетті қысқа мерзімде ойдағыдай жүзеге асыру оңай іс болған жоқ. Орасан зор күш-жігерді, білім мен білікті қажет ететін жаңа бастамаға 1947 жылы құрылған, оқулық шығару ісінде мол тәжірибесі бар, әлемдік кітап шығарудың озық үлгілерін меңгерген «Мектеп» баспасының ұжымы да зор құлшыныспен кірісті. Міне, содан бері біршама уақыт өтті. Баспамыздан жарық көрген оқулықтардың бұл күндері үшінші басылымдары оқу процесіне енді. Баспамызда оқулық авторларына әдістемелік көмек беру мақсатымен 2001 жылы ТМД елдерінің ішінде алғаш рет «Оқулық авторлары мектебі» ашылды. «Оқулық авторлары мектебі» жаңа буын оқулықтарын әзірлеу барысында авторлармен тығыз жұмыс жасайды. Баспадан жарық көретін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер оқулықтың сапасын арттыру мақсатымен Білім және ғылым министрлігі жанынан арнайы құрылған «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығында әрбір төрт жыл сайын сараптамадан өткізіледі. «Оқулық» орталығының сараптамасынан өткен, барлық талаптарға сай оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер ғана әрі қарай Республикалық кеңестің қарауына жіберіледі. Содан кейін ғана қолдануға рұқсат етілген оқу басылымдарының тізбесіне енген оқулықтардың ғана келесі басылымын шығаруға әзірленеді. Сонымен қатар, баспа тарапынан оқулықтардың сапасын жетілдіру үшін ғылыми институттардың білікті мамандарына рецензияға беру дәстүрі қалыптасқан. Бүгінде істің байыбына бармай оқулыққа сын айту үрдіске айналғандай. Мұндай негізсіз пікірлерді ақпарат құралдарының ақ-қарасын анықтамастан бірден жариялап жіберуі, әрине, өкінішті. Бұған бір-екі мысал келтіретін болсақ, 2013 жылдың қарашасындағы «Ұлағатты жанұя» қорының президенті М.Гуринаның «Народный коммунист» қоғамдық фракциясының тыңдалымында: «Ұлы Отан соғысының басталған күні «Мектеп» баспасында «1941 жылғы 26 маусым», ал «Атамұра» баспасында «29 маусымда басталған» деп қате жазылған. Міне, біз қандай оқулықтар шығарып жатырмыз», деп екі бірдей баспаға негізсіз жала жапты. Сонымен қатар, ол сөзінің соңында көпшілік мектептерде оқушылар ресейлік оқулықтармен оқитынын, ал қазақстандық оқулықтарды балалар мектепке тек тексеріс кезінде алып келетінін айтты. Оның өз сөзімен берсек: «С 1 класса родителям, которые закупили положенный перечень казахстанских учебников, советуют приобрести российские. По ним и занимаются большинство школ. Родители срывают обложки, вставляют в переплет файлы и приносят в школу два учебника. И когда приходит комиссия, они прячут российские учебники и достают казахстанские. С этого времени, с начальной школы мы учим детей лицемерить и врать», – сказала М.Гурина.». Мұныменен не айтқысы келіп отыр, бұл Ресей оқулықтарын қайтаруды көксегені ме?! Осы жалған ақпарат қоғамдық пікірді туғызып, одан оқулық авторларына моральдық зиян келсе, баспаның іскерлік беделіне де нұқсаны тиді. Бір кездері оқулықты бір ғана баспа шығаратын. Қазір бір емес, бірнеше баспаға жүктеліп отыр. Сондай-ақ, баспамыздан жарық көрген кейбір негізгі оқулықтардың баламаларының авторлары тарапынан арнайы ұйымдастырылған мақалаларды атап айтуға болады. Бұл жерде мақала авторы Н.Халабузарь 2013 жылы «Мегаполис» газетіне жарияланған 9-сыныпқа арналған «Русская литература» оқулығына (авт. Салханова Ж. Х., т.б.) жазылған мақаласында балама оқулықтың авторы З.Боранбаеваның даярлап берген негізсіз материалдарын пайдаланған. Мақала авторы: «Мемлекеттік білім стандарты мен оқу бағдарламасында қамтылған әлем әдебиеті өкілдерін орыс әдебиетіне енгізді» деп кінә тағады. Мектеп бағдарламасында әлем әдебиеті пән ретінде қарастырылмағандықтан, оқушыларға орыс әдебиетін оқи отырып әлем әдебиеті өкілдерін таныстыру бұрыннан келе жатқан үрдіс емес пе?! Өткен аптада осыған ұқсас жағдай тағы қайталанды. 9-сыныпқа арналған «Экономическая и социальная география Казахстана» оқулығына (Е.Ахметов, т.б.) «жоқтан барды құрап» айтылған сыннан жеке адамның қитұрқы пиғылын байқау қиынға түспесі анық. Соған қарамастан, тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдан асса да, «Ертис, «Балкаш» деген жер-су атауларының қазақ транскрипциясымен жазылуына түбегейлі қарсы екенін жеткізген. Біздің ойымызша, балама оқулықтардың авторлары бір-біріне түсіністікпен қараса, мұндай келеңсіз жағдайлар болмас еді. Одан да уақытын өз оқулығының сапасын арттыруға жұмсаса игі еді. Сөз соңында айтпағымыз, «Сын түзелмей – мін түзелмейді» дегенге саяды. Сапалы да сауатты оқулық шығаруға баспа мүдделі болғандықтан, тұшымды ой, тұжырымды пікір айтылып жатса, оқулық жанашырларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Әуелай ОСПАНОВА, «Мектеп» баспасы бас редакторының орынбасары.ОЙЫ ОЛАҚ, ТІЛІ ШОЛАҚ
Қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер жыл сайын толассыз жаңарып жатқанымен, сапасы мен безендірілуі жөнінде әлі де көп сын айтылып жүргені жасырын емес. Мен өзім математикадан 42 жыл жұмыс өтілі бар ұстаз, ата-ана болғандықтан оқушы ұғымына ауыр, түсінуі қиын, мағынасы екіұшты мысалдарды жиі кезіктіремін. Меніңше, оқулықтардың деңгей-дәрежесінің талапқа сай келмей жатуының бір себебі, әлі де сөзбе-сөз аударылатыны. Соның салдарынан қарапайым мәтіннің өзін тым күрделендіріп жібереді. 2012 жылы «Алматыкітап» баспасынан жарық көрген математика кітабынан деректер келтірейін. «Хайуанаттар бағында 7 аққу бар. Қара аққулардың олардан____. Бақта неше қара аққу бар?» /137-бет/. Осы «жаңылтпаш» есепті шығаруға 1-ші сынып оқушысы түгіл мұғалімнің өзі мүдірері анық. А. Акпаева, Л. Лебедева, В. Бурова деген авторларына қарағанда орысшадан сауатсыз аударыла салғаны көрініп тұр. Осыған ұқсас мына есептің де мектеп табалдырығын енді аттаған балдырған үшін ауыр соғары сөзсіз. «Біздің мектептен 100 оқушы жазғы лагерьге барады. Олардың 60-ы – ер балалар. Неше___ ?»/186-бет/. Оқулықтардың беттерін ақтарған сайын оқушының ұғымына ауыр тиетін небір есептерді ұшыратуға болады. «Оқушы кітапты үш күн оқыды. Ол бірінші күні кітаптың 0,2-сін және 5 бетін оқыды...» /5-сыныпқа арналған математика. Авторлары Е. Байшолақов, «Атамұра» баспасы, 2010 жыл, 294-бет/. «Кітаптың 0,2-нің орнына бестен бірін оқыды» десе, әлдеқайда ұғымды болар еді. Ойдың олақтығы, тілдің шолақтығы осылай жалғаса береді. Шынын айтсам, мына мысалдың құлаққа түрпідей тигені соншалық, оқулық авторларының не айтқысы келетінін біле алмай дағдардым. «Велосипедтің жетектеуші шестернясының 32 тісі бар. Оның жетектелуші шестернясының 18 тісі бар. Шестернялар бастапқы қалпына келгенде жетектеуші шестерня ең аз дегенде неше айналым жасайды? Жетектелуші шестерня ше?». /86-бет/ Алдымен есептің өзі қазақ баласының табиғатына, ұғымына сай келе бермейді. Дайын күйінде көшіріле салғаны байқалады. Бір қызығы, аударма оқулықтарда қазақша есімдер өріп жүр. Бар «айырмасы» осы ғана. Айтарым, оқулық аударма емес, төлтума болу үшін тәжірибелі аудармашылар мен мамандарды конкурс арқылы іріктеп алу керек. Сосын кітапты кімдердің аударып, дайындағаны нақты көрсетілсе, жауапкершілік артар еді. Марат МАЛАЕВ, ата-ана. Солтүстік Қазақстан облысы.ДЕРЕККЕ ДҰРЫС ҚАРАСА ЕКЕН
Біз қазір 2013 жылы баспадан басылып шыққан оқулықпен оқып жүрміз. Жаңа кітаптар барлығымызға толық берілгенде қуандық. Бірақ оқу барысында бұл оқулықтардың «бұл қалайын» көре бастадық. Оны біздің мұғалімдеріміз жаңа оқулық пен осыған дейін шығарылған оқулықтар бір-біріне сәйкес келмейтіндігімен байланыстырады. Басты себебі, Ұлттық бірыңғай тестілеу сұрақтарына жаңа оқулықпен дайындалып қайтарған жауаптарымыз кейде сәйкес келе бермейді. Өйткені, ескі оқулықтағы нұсқа басқа. Нақты бір мысал келтірсем, «Қазақстан тарихы» атты «Атамұра» баспасынан 2013 жылы жарыққа шыққан (авторлары Бүркітбай Аяған, Меңдіғаным Мерденова) кітаптағы «Бес арыстың хаты» (ел тағдырын баян еткен хат) «Голощекинге хат» деп негізгі мәтінінде жазылса, тура сол 128-беттегі майлы бояумен жазылған мәтін түсіндірмесінде «Сталинге хат» деп беріледі. Бұрынғы оқулықта «Сталинге хат» деп басылған. Мұндай фактілерді алгебра, геометрия пәндеріне арналған кітаптан да келтіруге болады. Біз есептерді шешкенде қиналамыз. Осы күрделі пәндердегі қарайтып берген сөздерді, яғни есептің берілу мәтінін біз түгілі мұғаліміміз де түсінбейді. Зерделесек, бұл кітаптар орыс тілінен сөзбе-сөз аударылғанда «ми батпаққа» айналып кеткен секілді ме. Әйтеуір, қазақ тілінде жазылған деген аты ғана бар. Әлгі мәтінді ата-аналарымыз да түсінбейді. Содан формулаға сүйеніп есепті дұрыс шығарғанымызбен, кітаптағы «дұрыс» жауабы мүлдем басқа болып тұрады. ҰБТ-ға арналып шығарылған сынақ кітапшада Қырғыз АСР-і 1936 жылы Қазақ АСР-і болып өзгертілді деп жазылған. Ал ескі кітапта 1925 жылы деп көрсетілген. Мұғаліміміз алдыңғысы шатасу, соңғысы дұрыс деді. Оқушыны шатастыру дегенде 2013 жылы басылған «Қазақстан тарихы» кітабында тың игеру Қазақстанның 5 облысында жүргізілді деп берілген. Мұғаліміміз: «Бұл деректің дұрысы 6 облыста жүргізілген. Осыған дейінгі оқулықтарда солай жазылған» дейді. Кімге сенеміз? Сол бір олқылықтар ертеңгі сынақта біздің тағдырымызға өзіндік зиянын тигізуі бек мүмкін. Әйгерім ОМАРОВА, №2 орта мектебінің 9-сынып оқушысы. Талдықорған.