Ықылым заманнан бері адамзат ағаш, таскөмір жағып, оттан жылу энергиясын алып келеді. Кейіннен ғалымдар энергия көзін күннен, судан тапты. Көгілдір отынды пайдалана бастады. Дегенмен, газ, көмір қоры шектеулі. Күндердің күні сарқылады. Соны ескерген әлем ғалымдары термоядролық синтез арқылы шексіз қуат өндіруді қолға алған. Курчатов қаласындағы «Токомак» реакторы сол мақсатта жұмыс істеп тұр.
Шексіз қуат көзін ғылыми тілде термоядролық синтез дейді екен. Қарапайым тілмен айтсақ, миллиондаған градус температурада жүзеге асатын ядролық бірігу реакциясы. Мұндай әдіспен өндірілген энергия көзі басқадан әлдеқайда қуатты болмақ. 1999 жылы қолға алынған «бейбіт атом» бойынша жұмыстар әлі жалғасып келеді. Соған қарағанда, «Токомак» өте күрделі жоба секілді. Осыдан елу жыл бұрын вакуум ішінде плазманы қалықтатып қойып, әлгіден қуат алу қиял-ғажайып ертегі сияқты елестер еді. Бүгін ше?! Сутегінен энергия өндіруге әлем ғалымдары бір табан ғана жетпей тұр. Егер жүзеге асса, көмір мен газдың қуатынан анағұрлым жоғары энергия көзінің табылғаны. Төрткүл дүниені дүр сілкіндірген ғылыми жаңалық болмақ. Қуатты болған соң да Семейдің сайын даласында қырық жыл термоядролық жарылыстар жасады емес пе?!
Курчатов қаласына барған сапарымызда «Токомакқа» арнайы соққанбыз. Алдын ала хат жолдағанымызбен, күзеті мұқият тексеріп барып ғана енгізді. Бізді қарсы алған сынамалы физика зертханасының басшысы Әнуар Садықов алып катушка тұрған цехқа тура алып барды. Үлкен ангар секілді. Іші толған түрлі-түсті темір-терсек. Ненің не екені, қарапайым адамның миына кіріп шықпайды. Сайдың тасындай қазақтың жігіттері әлденені бұрап, өлшеп, тынымсыз еңбектеніп жүр. Енді біреулері экранда жыбырлаған цифрларға тесіле қарап отыр. Қуандық іштей. Қазақ жастарының мұндай күрделі салаға бет бұра бастағанына қуандық. Білдей бір бөлімді басқарып отырған Әнуар Садықовтың өзі бұл бағытта он жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Жобаның әр тетігіне дейін меңгерген. Ангар ішін аралап жүріп, катушканың жұмыс істеу принципін қарапайым тілмен түсіндіріңізші дейміз ғой. Сөйтсек, алып аппараттың ішінде вакуум бар. Содан өте жоғары температурада термоядролық синтез арқылы энергия өндіруді көздеп отыр. Бұған дейін сан мәрте сынақ өткізді. 2017 жылы шағын бір сынақ өткізсе, 2019 жылы 100 кило/ампер энергия алған. Алайда плазма өте нәзік дүние болғандықтан, вакуум ішіндегі магнит ұзақ ұстап тұра алмаған.
– Былайша айтқанда, әлем ғалымдары күннің шағын нұсқасын жасауды көздеп отыр. Жүзеге асуға сәл уақыт қалды. Шексіз энергияға адамзатты жақындататын алғашқы қондырғы қазіргі уақытта Францияның Кадараш қаласында іске асырылатын ITER (International Thermonuclear Experimental Reactor) болады деп болжануда. Термоядролық синтез реакциясын игере отырып, адамзат сарқылмайтын, экологиялық таза энергия алады, – дейді сынамалы физика зертханасының басшысы.
Әлдебір уақытта сарқылмайтын энергия алуын алдық, тиімді делік. Алайда плазманы өте нәзік дүние деп ескертті. Алда-жалда, ақау шығып, апат болса, жер-әлемді жайрап өтпей ме деген үрейлі сауал санаға сақ ете қалды. Білмеген соң «Токомакта» ядрошы болып жұмыс істеп жүрген Сағынғали Жүнісбектен сұрадық. Оның айтуынша, ауыр апат болғанымен термоядролық реактор алаңынан тыс жерде экологиялық жағдай өзгермейді. Термоядролық реактордың жұмыс процесінде ұзақ өмір сүретін радиоактивті заттар түзілмейді екен. Сутегінің аз мөлшері ғана ауаға таралуы мүмкін. Яғни қоршаған ортаға титтей де қауіп жоқ. Ядрошы маманның сөзін Әнуар Сыдықов та қостады.
– Міне, осы суырма арқылы сынауға арналған затымызды вакуумның ішіне өткіземіз. Бұл зат магнитті қабырғаның көмегімен ауада қалықтап тұрады. Егер жарамсыз болса, алып тастап басқа материалды көреміз. Ал вакуумды ашып, қайта қалпына келтіру үшін бір апта уақыт керек. Сол үшін де шағын суырма секілді құрылғыны ашып, вольфрам сынды элементтерді салып, модельдеу жұмыстары жасалады, – дейді Ә.Сыдықов.
Сарқылмайтын энергия көзіне бастайтын бұл жоба 1998 жылы басталған-ды. Семей ядролық полигоны жабылған соң атомшылар қалашығы аталып кеткен Курчатовтан жұрт үдере көшкен. Сонда қолдағы техникалар мен ғалымдардың білім-білігін егемен елдің мүддесіне пайдалану мақсатына 1992 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық ядролық орталық құруды тапсырған еді. Ал 1998 жылы Курчатовта «Токомак» реакторын салу жөнінде қаулы қабылданды. Қазіргі уақытта жас ғалымдар алпауыт елдермен үзеңгілесіп, шексіз қуат көзін іздестіру бойынша айтулы жұмыс атқарып жатыр. Бұл – Тәуелсіздік жылдары жеткен айтулы белестердің бірі. 2017 жылы елордада өткен ЭКСПО көрмесінде де «Токомак» реакторы әлем халқының назарын аударғаны белгілі.
Жоғарыда айтқандай, білімді ядоршы-атомшылар, физиктер шексіз энергия көзін өндірудің жолын тапты. Сынақ жұмыстары сан рет жүргізілді. Жақын жылдары жер-жаһанға жар салатын жаңалықтың бірі осы болмақ.
Шығыс Қазақстан облысы,
Курчатов қаласы