• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2014

Басты талаптар түсіндірілді

239 рет
көрсетілді

Республикалық ақпараттық-насихат тобының бір топ мүшелері Қызылжар өңірін аралап, «Қазақстан жолы–2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауынан туындайтын талаптарды жұртшылыққа жеткізуді игі мақсат еткен. Олардың алғашқы кездесуі облыстық әкімдіктің үлкен залында өтіп, оған түрлі сала өкілдері қатысты. Басқосуды облыс әкімі Самат Ескендіров жүргізіп отырды. Ақпараттық-насихат тобының жетекшісі, Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов жиналғандар алдында сөз алып, маңызды құжаттың басты қағидаттарын жан-жақты талдап берді. Оның ішінде құқық қорғау саласын жетілдіру мәселелеріне, жүргізіліп жатқан рефор­маларға тоқталды. Адамдардың тыныштығын ойлау, еш алаңсыз өмір сүруін қалыптастыру басты міндеттердің бірі болып табылады, деді. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов Жолдауда Мәңгі Ел ұлттық идеясы орынды қозғалғанын, егеменді дамудың 22 жылында жеткен табыстарымыз бен жетістіктеріміздің қазыналы құндылықтарымызға қызмет ете беретінін, халық бірлігін сақтаудан асқан бақыт жоқтығын тілге тиек етті. Қ.Қасымов Есіл ауданы жұртшылығымен өткен жүздесуде тарихи құжатта агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсірудің нақты қадамдары жасалғанын, бұл орайда, астықты өлке саналатын Қызылжар өңірі алдында іргелі міндеттер тұрғанын әңгімеледі. Одан әрі Мәжіліс депутаттары қарауына берілген Қылмыстық-атқару кодексінің артықшылықтарын түсіндіріп, оның түпкі мәні қоғамды ізгілендіру болып табылатынын жеткізді. Жол қауіпсіздігі ережесін сақтау ел тұрғындарының бұлжымас борышына айналуы тиіс. Бұл көрсеткіш жөнінен мақтана алмаймыз. Тек былтырдың өзінде ғана 23 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 3 мыңдай адам мерт болды. Қайғылы оқиғалардың көбі жүргізушілердің кінәсінен жасалады, дей келіп, жол ережесі барынша қатаңданатынын қадап айтты. Облыс әкімі С.Ескендіров ет, сүт өнімдерін қалдықсыз өңдейтін саланы жандандыру қажеттігіне көңіл аударды. Жолдауды насихаттаушылар «Есіл» ЖШС-інде болып, күніне 100 тонна макарон өнімдерін шығаратын макарон цехының ұжымымен кездесті. Е.Тоғжанов этномәдени бірлестіктер мүшелерімен жүздессе, Білім және ғылым министрінің орынбасары Есенғазы Иманғалиев білім ошақтарының тыныс-тіршілігімен танысты. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.