• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Қараша, 2021

Тас көмір тапшы болып тұр

939 рет
көрсетілді

Қылышын сүйретіп қыс та жетті. Алайда ауылдағы жұрт алты ай қыс жағатын отынын түгендей алмай алаңдаулы. Өйткені логис­ти­­када туындаған кедергілердің кесірінен аймаққа жеткізілетін кө­мір кешігіп келіп жатыр. Жағдайды облыс басшылығы жіті қада­ғалауына алғанымен, көмір тапшылығы әзірше жойылмай тұр.

Қостанайдың маңайында тас отынды көтерме бағамен сататын 5-6 кәсіпорын бар. Жылда осы уақытта көмірден қаратау тұрғызып, саудасы қайнап жататын бұл кәсіпорындардың көмір түсіретін ауласы биыл тез босап қалуда. Араға бір апта, он күн салып бір келетін 5-6 вагон қысқы отынды алдын ала кезекке тұрып қойған жүк көліктері бір күннің ішінде талап әкетіп жатыр.

Қала шетіндегі көмір сататын орындардың біріне барып едік, бұл кәсіпорынның ауласы да тып-типыл тақырланып қалыпты. Көмір тиейтін техникасы қаңтарылып тұр. Өзін Владимир Ильичпін деп таныстырған күзетші түнде келген 8 вагон көмірдің түс ауа бітіп қалғанын айтты.

– Биыл тек Қаражыра көмірі ғана келіп жатыр. Тоннасын 15 мың 500 тең­ге­ден сатамыз. Бұл – көтерме баға. Жүк көліктері осы жерден тиеп алып, үстіне ақша қосып ауыл тұрғындарына сатады. Ке­лесі көмірдің қашан келетіні белгісіз. Кейде 2 немесе 3, кейде 5 вагон келеді. Кезекте тұрғандар көп, алыс аудандардан кел­гендер түні бойы кезек күтіп тұрады, – деді Владимир Ильич.

Күзетшінің айтуынша, қазір көмір өн­ді­ретін өңірлердегі карьерлер отын тасымалдау мәселесін оңтайлы шеше алмай отыр. Қос­та­най облысындағы көмір сау­дасымен айналысушылар бір апта бұрын тапсырыс береді екен. Со­ның өзінде ва­гондар кешігіп қала береді. Мұның зар­дабы, айналып келгенде, қарапайым ха­лық­қа тиіп жатыр.

Қостанай қаласының тұрғыны Олег Полищук көтерме сауда орындарына келген көмірді «ГАЗ-53» жүк көлігіне тиеп алып алыс-жақын ауылдарға апарып сату ар­қылы нәпақа айырып жүр. Көбіне отын тиейтін жерде көлік ішінде түнеп қалатын ол соңғы кездері к­ө­мір­дің қат болып кеткені сон­ша­лық, бірнеше күн қатарынан күтіп, ке­зегі енді жете бергенде кө­мір бітіп қа­лып, бос қайтып жүр­генін айтты.

– Бір жарым айдан асты, көмір жоқ. Бүгін де ерте келдім. Кезек тиетін түрі жоқ. Түнде Шұ­бар­көл­дің көмірі келген. Бұ­рынғыдай емес, сапасы өте нашар, құм сияқ­ты бірдеме. Кеше 6 вагон Қа­ра­жы­­ра көмірі келіп еді, күн ұзақ кезекте тұрғанмен, үлгере алмай қалдым. Енді, міне, бүгін 4 вагон Шұбаркөл көміріне де қол жеткізу мүмкін болмай тұр. Бәрін алдын ала жасалған келісімшартымыз бар деп Меңдіқара ауданынан келген «КамАЗ»-дар тиеп алып кетіп жатыр. Облыста Шұбаркөлдің тоннасы – 18 500, Қаражыранікі – 15 500, Богатырь 13 мың теңге тұрады. Қазір бықсып жанбай қоятын Богатырьдің өзіне жете ал­май қалдық, – дейді қажыған жүргізуші.

Көмір алып сатумен айналысатын «Қостанай Угольпром» серік­тес­тігінің бас­шысы Сергей Калюж­ныйдың сө­зін­ше, өңірдегі тас көмір тапшылығы жүк вагондарының жетіспеушілігінен туындап отыр.

– Мұның сыртында, темір жол тарифі де ай сайын қымбаттап жатыр. Міне, екі күн болды, кә­сіпорында көмір жоқ. Ер­тең бір­неше вагон келуі тиіс. Бірақ ол да тез сатылып кетеді. Ал көмірдің жет­кі­лікті қорын жазда сатып алатындай қа­ра­­жат жоқ. Банктерге барып, жеңіл­де­тіл­ген несие сұрап едік, бермеді, – деді С.Калюжный.

Облыс орталығындағы жұрт қарба­лас­қа түсіп, әбігер болып жатқанда, алыс-жа­қын­да­ғы ауылдардың не күй кешіп жатқанын білмек болып бірнеше ауданға хабарласып көрдік. Об­лыс­тық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Шыңғыс Кежалы: «Әулиекөл ауданына 600 тонна Шұбаркөл көмірі келді. Ауданға осы отын жетеді», деп еді. Алайда аудан тұрғындарының әңгімесі басқа.

– Әулиекөлдің іргесіндегі Аман­қа­ра­ғай бекетіне он күнде бір 4-5 вагон көмір ке­леді. Кезек – қырғын. Бұрын Шұ­бар­көл келуші еді, биыл сапасы төмен Бо­га­­тырь келіп жатыр. Көбі амал­сыз соны алып жатыр, бағасы – 11 мың теңге. Осы ауылда көмір тасымалдаумен айналы­сатын 10 шақты көлік бар, жұрт содан са­тып алады. Науырзым ауданы мен Ок­тябрь ауылының жүк көліктері де осы Аман­қарағайдан көмір алады. Бірақ қазір «КамАЗ»-дардың өзіне 5 тоннадан артық тие­мей жатыр, – деді Әулиекөл ауылының тұр­ғыны Бақыт Төрин.

Қарасу және Науырзым аудандары жыл­да осы Аманқарағайға келген кө­мір­ден тасып алады. Биыл Науры­зым өңі­рінде жекенің меншігіндегі он шақ­ты жүк көлігі бірігіп, тікелей Шұбар­көл­ден кө­мір әкеп жатыр екен. Аудан тұр­ғындарының айтуынша, елдің көбі осы с­а­палы көмірдің тоннасын 24 мың тең­ге­ден сатып алып жатыр.

Арқалық қаласы мен Аман­гел­ді, Жан­гел­дин аудандарында қыс­қы отын жет­кі­лікті. Бірақ Қос­та­найдың маңайын­да­ғы бірқатар елді мекен мен Жітіқара, Бе­йім­бет Майлин ауданының кейбір тұр­ғын­дары әлі де көмірге қол жеткізе ал­май отыр.

Облыстық энергетика және ТКШ бас­қар­масының бөлім басшысы Еркін Әубәкіровтің айтуынша, 1 қыркүйекке дейін облыстағы ауру­хана, мектеп сияқты әлеуметтік ны­сандардың бәрі толықтай көмір­мен қамтамасыз етілген. Енді жеке тұрғындарды көмірмен қамта­ма­сыз ету мәселесін шешу міндеті тұр.

– Қазір көмір тапшылығын жо­йып, қысқа қажетті отынның жеткілікті мөл­шерін жеткізуді қамтамасыз ету жұ­мыс­­тары жүріп жатыр. Таяуда елордада өткен арнайы жиында да қысқы отын тап­шылығы туралы сөз болып, өңір­лер­ге қосымша жүк вагондарын бөлу мәселесі қарастырылған. Одан кейін облыс басшылығы Индустрия және инфра­құ­ры­лым­дық даму министрлігіне және «ҚТЖ – Жүк тасымалдары» жауап­кер­ші­лі­гі шектеулі серік­тес­тігіне хат жолдап, көмірді же­дел әрі кедергісіз тасымалдау үшін қосымша вагондар бөлу, не­гізгі темір жол тораптарында кө­мір тиеуді қамтамасыз етуге көмектесуді өтінген. Жағдайды министрлік те біліп отыр. Об­лыс басшылығы да жіті бақылауына алды. Таяу күндері қосымша жүк вагондары бө­лі­ніп қалар деп үміт­теніп отырмыз. Қа­зір өңірде Бо­га­тырь көмірі бар, бірақ оны еш­кім алғысы келмей отыр, – деді энергетика бөлімінің бастығы.

Қостанай ауданына қарасты Надеж­дин ауылының тұрғыны Қабылжан Абзаров қарияның сө­зін­ше, жұрттың Бога­тырь­ді алмау себебі – бұл көмірдің жануы қиын, бықсып, үйді түтінге толтырып жі­береді екен. Әрі қызуы жоқ, үйді жылыта алмайды. Оның үстіне, неше шелек көмір салсаң, сонша шелек күл аласың. Сон­дық­тан елдің бәрі Шұбаркөл, ол болмаса, Қаражыра көмірін алғысы келеді.

Облыстық энергетика және ТКШ бас­қар­масының мәлі­ме­тін­ше, облысқа қа­ра­ша айының со­ңына дейін 30 мың тонна, жел­тоқ­сан айында 35 мың тонна көмір жет­кізіледі.

Қазірше Қостанай қаласының өзінде көмірді көліктеп емес, қапқа салып сату­шы­­лар көбейіп тұр. Бір қабы 1300 теңге тұрады. Олардың бір-екеуіне қоңырау шалып, көмір сұрап едік, «бітіп кетті» деген жауап алдық.

 

Қостанай облысы