Жамбыл облысы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолының бойында орналасқан өңір. Ел мен елдің, қала мен қаланың арасын жалғап тұрған жол бойында қозғалыс көп. Бұл жол жолаушылар үшін сапалы әрі ыңғайлы етіп салынған. Әрі тегіс, әрі қауіпсіз жолдың бойымен күн сайын қисапсыз көлік ағылуда. Десе де, Әулиеата өңірінің аумағында соңғы кезде жол апаты жиілеп кетті.
Апта сайын ел жайсыз жағдайға куә болуда. Зерттеу бойынша, қайғылы оқиғалар көбінесе көлік жүргізушілерінің жылдамдықты арттыру салдарынан болады екен. Одан бөлек, қауіпті бұрылыстарда жол белгілерінің болмауы да оқыс оқиғаның орын алуына бір себеп. Сондай-ақ халықаралық тасжолдың облыс аумағындағы бірқатар тұстары тозған. Мәселен, әлі күнге дейін Қордай ауданы мен Алматы облысының шекарасына дейінгі жолдар кедір-бұдыр, жөнделмеген. Осы сияқты күрделі мәселелер Меркі ауданының төңірегінде де кездеседі.
Жамбыл облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Қалметов биылғы тоғыз айда 879 жол-көлік оқиғасы тіркелгенін айтты. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 33,2 пайызға өсіп отыр. Ал түрлі жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жергілікті атқарушы органдармен бірге облыстың автомобиль жолдарына 1 684 тексеру жүргізіліпті. Жұмыс нәтижесінде 11 мың 713 ақау анықталып, тиісті нұсқамалар берілген. Аймақты басып өтетін көлік жолдарын дұрыс ұстамағаны және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін 211 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бірақ түйткілді мәселенің түйіні мұнымен тарқамайды. Бұл ретте «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Айжан Туғанова жол қауіпсіздігінің деңгейін арттыру мақсатында тасжолдардағы шұңқырларды жөндеу, жол белгілері мен электрондық-ақпараттық таблолар орнату, елді мекендердің кіреберістерінде жылдамдықты шектейтін жол белгілерін орнату керектігін және аталған мәселелер бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Қазіргі кезде күн санап көлік құралдарының саны мен жолдардағы қозғалыс қарқынының артып келе жатқанын ескерсек, бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды. Сол сияқты, күн санап жол-көлік оқиғаларының көрсеткіші де өсуде. Осы орайда, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін аумақтарда жол белгілерін орнату, жол ережелерін бұзушылық деректерін тіркеу үшін «Аркан» және «Автоураган» аппараттық-бағдарламалық кешендері мен уақытша радарларды көбейту қажеттігін, осы мәселеге жауапты мекемелер мен аудандық әкімдіктер тығыз байланыста жұмыс істеуі тиіс екенін, ең бастысы тұрғындарға жол жүру мәдениеті мен тәртібін сақтауды ескертіп, жас инспекторлар жасағының жұмысын ұйымдастыру қажеттігін айтқан. Алайда өңірде күре жолдың бойында бейнекамералар аз болып тұр. Кейбір құрылғылар істен шыққан.
Десе де, облыстағы полиция қызметкерлері тиісті жұмыстарын атқаруда. «Жыл сайын 1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін облыстық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы жол және техникалық инспекциясының қызметкерлері автомобиль жолдарына кешенді күзгі тексеру жұмыстарын жүргізеді. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полицейлер 7-20 қазан аралығында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы», «Қазавтожол» мекемелерінің облыстық филиалының өкілдерімен бірлесіп, облыс аумағын қамтитын және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын кешенді тексерістен өткізді. Тексеру барысында облыстық маңызы бар жолдарда 639 кемшілік, республикалық маңызы бар жолдарда 762 кемшілік анықталды. Жол белгілерінің болмауы және олардың талаптарға сәйкес келмеуі, асфальтбетон жабынының бұзылуы мен шұңқырлар анықталды. Күзгі кешенді тексеріс қорытындысы бойынша облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына анықталған кемшіліктерді жою бойынша 37 жазбаша нұсқама, ал «Қазавтожол» мекемесінің облыстық филиалына 12 нұсқама берілді», дейді облыстық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жайдарбек Құттыбаев.
Жол апатының тек жылдамдықты арттырудан ғана болмайтыны белгілі. Мәселен, Тараз қаласының іргесінде орналасқан Байзақ ауданына қарасты Үшбұлақ ауылының маңында оқыс оқиға жиі тіркеледі. Бұл жер – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік жолының түйінделетін тұсы. Жол бойы жағалай асханалар болғандықтан, ауыр жүк көліктері көбінесе осында тоқтайды. Жолдың жағасында тізіліп тұрған жүк көліктеріне соқтығысу жағдайлары жиі болады. Әрі көп жағдайда көлік апаты таңға жуық орын алады. Сондай-ақ Қордай ауданының аумағындағы «Қордай» асуы мен Жуалы ауданының аумағындағы «Күйік» асуларында да мұндай жағдайлар жиі қайталанады. Сол сияқты, қараусыз жайылып жүрген мал да жол апатын тудыратын жағдайлардың бірі. Мәселен, жыл басынан бері Жамбыл облысында жануарлардың кесірінен 11 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оқиға салдарынан 14 адам зардап шегіп, 1 адам қайтыс болған. Көптеген шаруа қожалығының иелері ірі-қараларын қараусыз жібере салады. Ал мұның соңы көбіне қайғылы жағдайлармен аяқталады. Бұл ретте патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күн сайын бекітілген автожол аумақтарында жайылып жүрген малды жолдың жүру бөлігінен айдап өту бойынша іс-шаралар қабылдап, олардың иелерін анықтайды екен. Сонымен қатар жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға жақын орналасқан шаруашылық иелері арасында алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының 320 және 323 шақырымында малдың қозғалысын шектейтін «Электрпастух» құрылғысы орнатылыпты. Десе де, мұның бәрі жол-көлік оқиғаларының азаюына сеп бола ма, жоқ па, оны да алдағы уақыт көрсетеді.
«Жол – қателікті кешірмейді», деген бар. Жол бойында заулаған шетелдік көліктер, бірін-бірі басып озуға бейім жүргізушілер де көп. Бәрі асығыс, бәрі жылдам. Көліктің жылдамдығы артқан сайын қауіптің де арта түсетіні белгілі. Ал Жамбыл өңірінде жиілеп кеткен жол апатына мұндай жағдайдың да әсер етпей қоймасы анық.
Жамбыл облысы