• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2014

Есенқұл

1046 рет
көрсетілді

Ұлылардың қатарына қосыпты демесін, маған өткізіп қойған да ештеңесі жоқ, бүгінгі ақындардан Есенқұл Жақыпбектің жырлары жаныма жақын. Үнемі үстелімнің үстінде жатады. Шаршағанда оқып, рахаттанып демалып қаламын. Кей жеріне, сізге өтірік, маған шын, күліп аламын. Есенқұлда өлеңді өрнекті оқиғаға құру, яғни Сайын ағаның әңгімелеріндегідей мөлдір сезім, бейкүнә мұң ба, бірдеңе бар.

 

Біздің ауылдағы әдебиетпен «ауырған» мен сықылдыларға оның әуелі Есенқұл деген аты жетті. Жеткізген Шорабек көкем. Шөкең (ақын Шорабек Айдаров) өзі танып біле ме, әлде біреулерден атағына әбден қанық бола ма білмеймін, әйтеуір айтқан ақындарының шынында осалы болмайтын. Өткен ғасырдың 80-жылдарының алғашқы жартысында сол «сырттай таныс» Ескеңмен «іштей танысудың» да сәті түсті. Онда да ол «сырттай оқу» деген айналайынның арқасында жүзеге асты. КазГУ-дің журфагында «іштей» оқитын ысқаяқтары мен «сырттай» оқитын сырттандарының аудиториялар мен кітапханалардан басқа да «сүйікті» орындары бар. «Іштей» оқытудың деканы Темірбек  Қожакеев көкеміз бен «сыртай» оқытудың деканы Марат Барманқұлов ағайымыз одан хабардар ма, жоқ па, шаруамыз шамалы. «Сүйікті» жердің аты «Ботанический бульвар» деп аталады. Журфактың аудиторияларынан, профессорларымызша «яғни» деп айтсам, Зейнолла Қабдолов, Қадыр Мырза Әлі сияқты сүлейлер сөз еткен әдебиет әлемінің жауһарларымен сусындасақ, ал «Ботанический бульвардағы» сыраханада салқын сырамен шөл басып тұрып ақындардың өлеңдерін тыңдап, жазушылардың ақыл-кеңестеріне ұйып, «өндірістік практикадан» өткендей болушы ек. Іргедегі «әкемтеатрдан» суатқа құлаған жылқылардай сау ете қалатын келбетті әртістердің де таныс-бейтаныс бейнелерін көріп таңғалатынбыз. Әдемі демекші, ауылдан Алматыға келгенше Оралхан Бөкеевтің «Мұзтауын» оқып, миымның дың-дың болғаны аздай, оның мойнына орамал байлап кер маралдай керіліп түскен сұлу кескінін көріп, өзімді-өзім қор санап жүрген кезім ғой, «Ботанический бульвардағы» «ақындар» мен «жазушыларды» көріп көңілім орнына түсті. «Кішкентай демесең құдды түйе» демекші, «ақын» демесең, бәрі де кәдімгі адам. Әсіресе, Есенқұл. Киген киімі, сөйлеген сөзі, ішкен сырасы бәрі өзіміздікіндей. Інілері алдында бір қабақ шытпайды-ау сабаз. Ыржиып күледі де тұрады. Күлген кезде көкшіл көзінің айналасына әжім үйіріледі. «Шорабек көкемнің мақтайтынындай бар екен-ау», деп қоямын ішімнен. Ә, дегенде тиын-тебендерін шығарыңқырамай тартыншақтап тұрған болашақ ақын, жазушылар ду-ду әңгімеге қыза келе, тіпті, сыра әкелуге таласа бастайды. Ол кезде қазіргідей банкомат деген жоқ, қалтамыздағы ақша таусылған кезде «сырттай» оқитын сырттандар дипломатқа қол сала бастаймыз. Ал Есенқұлды үлкенсіз деп үстелдің «төр» жағына тұрғызып қоямыз. Бізге ол сыра ішіп, өлең оқыса болды. «Мөлдірлікке атбасын бұрып барған, Бір жақсылық күтеді ол тұнық таңнан. Жаман пиғыл тоспайды ешкімнен де, Ешкімнен де сыры жоқ бүгіп қалған. Езуінен жиылмай күлкі керім, Осылай-ақ күн кешсін, шіркін, ерің. Мылтық кезеп сен оған тұрар болсаң, Ойнап тұр деп ойлауы мүмкін оның. Өміріңнің әр күні бір сын еді, Өзгелердің қамы үшін күрсінеді. Сен әшейін бас шайқап қоя салған, Қиянаттан ол қатты түршігеді. Тірлігінің туы еткен адал арын, Жақсылардың жанарын жаба ма мұң. Сенің жаның түршіккен қиянатқа, Оның жаны білмеймін не боларын?!». «Паһ, шіркін!» деп риза боламыз, қол шапалақтаймыз, қолпаштап қана қоя салмай, босаған саптыаяқтарды ала салып сыраға тағы жүгіреміз. Сыра сатушыға қарай құнжыңдап кетіп бара жатып: «Езуінен жиылмай күлкі керім, Осылай-ақ күн кешсін, шіркін, ерің...» деп қайталаймын да «кейіпкері де өзі сияқты екен», деймін. Әрине, іштей. Ол «төрдегі» орнынан қозғалмай тағы өлең оқиды... КазГУ-дегі «дәурен» мен «Ботанический бульвардағы» «сайран» аяқталып, жан-жаққа тарадық. Мен Жамбылға тұрақтадым, Есенқұл көкем Алматы мен Ұзынағашты қатар жайлады. Кездесу деген болса болмаса да сиреді. Айтыс «аренаға» оралған тұста, сахнадан көріп «тәубе» дейтін болдым. Қағытпа, қалжыңға шебер. Ұйқастары да шымыр. Бірде қарсыласын жеңіп жатады, бірде жеңгендерге сәл жетпей қалып жатады. Бірақ жүрегіме алғаш рет жазба ақын ретінде ұя салған соң ба, ол менің көңіліме айтыс ақыны ретінде орныға қоймады. Кейін бір жиында кездестік. Баяғы «Ботанический бульвардың» думанын еске алып, күліп жатырмыз. Онша көп сөйлемейтін Ескеңнің сол кезде: «Мені ақын еткен сендер ғой қолпаштап жүріп», дегені. Сол баяғы қарапайымдылығы, өзінен бұрын басқаның көңіліне қарайтын сол баяғы ізгілігі. Әйтпесе, сыраханада оқылған жырларын біз қолпаштамай-ақ жазды емес пе?!. Содан көпке дейін кездеспей кеттік. Бірақ кітап дүкендерінен өлеңдер жинағын көрсем Есенқұл көкемнің өзімен кездескендей қуанамын. Үйге келген соң ал, оқы. Жалпы, басқа прозаиктер өлең оқи ма, жоқ па, білмеймін, ал мен ә дегенде өлең жазғандықтан ба екен, Ләйлісінен айырылған Мәжнүндей жаныма жақын жырларды іңкәрімдей іздеймін де жүремін. Владимир Маяковскийдің «А для нас юбилей – ремонт по пути, постоял – и дальше гуди» («Не юбилейте!», 1926 жыл) дегеніндей жарқ-жұрқ жарнама, плакаттар емес, тау етегіндегі майдақоңыр кеште естілген «Маңмаңгер» әніндей өне бойыңды тұтас баурап алып, жүрегіңді елжіреті-і-іп жіберетін өлең болса, тіпті, жақсы. Ескемде сол мен іздеген майдақоңыр «тірілік» бар еді. Оның өлеңінен өзіңді, өзіңнің ауылыңды, өзіңнің ауылдастарыңды, құрдастарыңды, тіпті, «бала махаббаттарыңды» да тауып аласың, тауып аласың да өлең авторымен бірге оттары жымыңдаған таудағы түнді, сулары сылдыраған баудағы өзенді, дауылы тұрып, жаңбыры құйған ауылды аралап, бірге қуанып, бірге мұңайып отырасың. Өлеңді ол емес, өзің жазғандай, өз сырыңды өзің айтып отырғандай сезінесің. Сезіну деген – сену. Өйткені, ол жырлаған дүниені сенің де жырлағың келіп, сенің де айтқың келіп, бірақ не жырлай алмай, не айта алмай жүрген дүниелерің екенін мойындайсың. «Көк шыққанға бір қуанып, Шөп шыққанға бір қуанып, Сөк сыққанға бір қуанып, Өмір өтті зырғып ағып. Жетсем деген арман жолы, Бара жатыр жылда ұзарып. Сарғалдаққа бір қуанып, Қызғалдаққа бір қуанып, Өмір өтті-ау сырғып ағып. Өсем деген ұлды бағып, Кетем деген қызды бағып, Бара жатыр көк аспаннан, Бір беймәлім жұлдыз ағып. Ыстық жұлдыз..., Мұңлы..., Жарық!». Қандай керемет! Қандай ғажап! Дананың да, ананың да, баланың да ойындағы сөзді қысылмай, қиналмай қалай әп-әдемі етіп айта салған?!. Бір қарасаң оп-оңай сияқты. Бірақ ешкімнің ойына келмеген сөз бен сурет. Жыр іздеген жұртқа да керегі осы әп-әдемі әрі қарапайым сөз емес пе құдай-ау! Ал осы өлеңнің әнмен өрілген кездегі құдіретін көрсеңіз, тіпті бар ғой, мақтарға сөз таппайсыз. Егер не жазса да қасиетті қазақ сөзін орын-орнымен қолдануға аса қатты мән беретін тәкаппар да талғампаз суреткер Ғабит Мүсірепов он алты жолдан тұратын осы өлеңді оқыса: «Чудо!» дер ме еді, кім білсін! «Сонда бұл жолдардың алып бара жатқан несі бар сонша?» дер біреулер. Айтарымыз, сіз де, біз де, олар да он ойланып, жүз толғанып айта алмай жүрген шындықтың шөп үстіндегі шықтай болып мөлдіреп тұрған сәулесі ғой бұл. Қараңызшы, қандай қарапайым, қандай етене, қандай таныс сурет. Басындағы тақиясын іздеп отырған жерін он айналатын аңғалдар болады ғой, сол сияқты осы бір-екі шумақ өлеңді айту үшін қаншама кереқарыс романдар мен қаншама салақұлаш поэмалар жазылды десеңізші! Бірде Есенқұл көкеммен Кенен ауылында жолықтым. Жамбыл облы­сының сол тұстағы әкімі Бөрібай Жек­сем­биннің бас болуымен 2009 жылдың 2 қазаны күні Қордай ауданында Кенен Әзірбаевтың 125 жылдығына байланыс­ты үлкен мәдени іс-шара өтті. Оған Ал­маты облысының сол кездегі әкімі Серік Үмбетов жетісулық ағайындарды бастап келді. Қонақтар арасында Есенқұл да бар. «Базарға мың адам барады, бірақ көңілі қалағанына сәлем береді», дегендей, көптен бері кездеспеген ақын ағамызбен қуана амандастым. Бірақ баяғы албырттығын ағалыққа жеңдірген бе, сабыр сақтап, салмақты кейіпте амандасты. «Шалқайғанға шалқаятын» мінез менде де бар, қыңырая қалдым. Қанша дегенмен адам жанының инженері емес пе, баяғы жыр-кәдені сағынып аңқылдап келе жатқан інісінің кілт ете қалғанын тез байқап: – Шорабек көкеңнің халі қалай? Жұмақтың (әлде о дүниенің деді ме екен, қатырып айтты әйтеуір) қам-қарекетімен жүр ме? – деп, қырын қарап қисайып тұрған бетімді өзіне қайта бұрмақ болды. Маған да керегі осы. – Иә, жүр ғой, сөйтіп жүр-ау деймін, аузынан Алласы түспейді әйтеуір, – деген сияқты бір сөз айттым. Өйткені, Ескеңшелеп мен де салмақ­тана қалғам. Бірақ бажайлап қарап тұр­мын, көзінің айналасындағы әжімдері сол баяғы қалпы. Тапалтақ бойы толыса түсіпті. Қарны шығып, жуандаған. Тағы бір аңғарғаным, бояу жағып қойғандай көзінің айналасы қоңырқай түспен дөңгелектене қалыпты. Әңгіме Кенен ауылындағы Мәдениет үйінің фойесінде болған. Содан кейін қонақтар Кенен туралы ғылыми конференцияға қатысуға, концерт тыңдап, бәйге қызықтауға дегендей тарап кетті. Түскі астан кейін Ескеңді бәйге болып жатқан жақтан кездестірдім. Жалғыз келе жатыр екен. Бұл жолы ол баяғы «Ботанический бульвардағы» сияқты жақындығын білдіріп: «Көсемәлі, бір әңгіме бар» деді. «Айтыңыз». «Айтсам, алпыс жылдығым келе жатыр, соның алдында... білесің ғой...». «Мақұл». «Біздің ауылға кел, біраз материалдар бар». «Мақұл». Баяғы саптыаяқпен сыра тасып, қызмет етіп жүргенімдей не десе де «ләпбай» деп тұрмын. Қазір ойлап отырсам, бұл 2009 жылы күзде, яғни осыдан 4 жыл бұрынғы әңгіме. Арада көп уақыт өтпей «Егемен Қазақстан» газетінің 90 жылдығына байланысты басылымның Алматы облысындағы күндері ұйым­дастырылатын болды. Мерейтойға ар­налған мәдени іс-шара облыс орталығы – Талдықорғанда басталып Ұзынағашта, одан Жамбыл атаның ауылында жал­ғасты. Жамбылдың, Нұрғисаның қабір­леріне құран оқытып, сол ауылдағы оқыр­мандармен де кездесіп, Сауытбек аға бастаған редакция қызметкерлері бір жасап қалдық. Облыс, аудан әкімдіктері мен басқарма, департаменттерінен ілескен шенеуніктердің арасында Ескең де жүрді. – Ағасы, өткенде айтқан тапсыр­маңыз­ды орындауға кірісуім керек, кітап­тарыңыз болса бермейсіз бе? – дедім кез­десуді құр жібермеуге тырысып. Ол шопырын жүгіртіп, қызметтік «Ни­ва» автокөлігінен бірнеше жыр жи­нақ­тарын алдырды да, «Тау басында кәрі қар» деген кітабының бірінші бетіне «Көсемәлі досқа Есенқұлдан...» деп жазып берді. «Басқасы мына кітаптың ішінде, өзің оқып ал» деген сияқты... үш-ақ ауыз сөз. Одан кейін өлеңдеріне жазылған әндер дискісін ұсынды. Сөйтіп, Ескеңнің сол кітаптары мен дискісі нағыз рухани жансерігіме айналды. «Алдай-ау, алдайға» алаңдаймын. «Көк шыққанға бір қуаныпқа» қуанамын. «Өзіңді аңсапқа» ынтығамын. «Сен жалынсың» дегенге күйемін. «Біздің елдің жігіттеріне» қызығамын. «Біздер, біздерді» тыңдап, сол Есекең айтқан драманы өз басымнан кешіп жүргенімді айтып, айғай салғым келеді... Айтпақшы, 2011 жылы Алматы облысы филармониясының белгілі әншісі Әлия Әбікенова туралы «Бақшадағы бұлбұлым» деген мақала жаздым. Сол дүниеде: «Осыдан екі жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінің 90 жылдық торқалы тойына байланысты Ұзынағашқа барғанда, ақын Есенқұл Жақыпбекке сәлем беріп, есен-саулығын білудің сәті түсті, – дейтін. – Алатауды айналшықтаған ақын ағамызды КазГУ-де сырттай оқыған сырттан кезінен білуші ем, есен-саулығы сол, бүгінде аудандық газеттің білдей бас редакторы болыпты. Астында ақ «Нива», байырқалаған мінезінен, толысқан денесінен, абайлаңқыраған жүріс-тұрысынан тілі ащы, тіршілігі тапшы ақындардың қатарынан шығып, қарны тоқ, қайғысы жоқ шенеуніктердің ауылына жақынырақ қоныстанғаны байқалады. Шығармашылық табысы да жаман емес сықылды. «Жаңа шыққан дүниелеріңіз болса...» деп ем, шопырын жұмсап, бірнеше кітаптары мен өлеңдеріне жазылған ән дискісін және ұсынды. «Көк шыққанға бір қуанып, шөп шыққанға бір қуанып...» деп Ескеңнің өзі жырлағандай, Жамбыл мен Нұрғиса жәкелерімнің қабіріне зиярат еткеніме бір қуанып, сол асылдардың сынығы Есенқұл ақынға сәлем бергеніме бір қуанып, Таразыма қарай тарттым. Алматыдан Қордайға дейінгі жол тақтайдай теп-тегіс, мұндай жолда не көз шырымын алу керек, не ән тыңдау керек. Мен әнді дұрыс көрдім. Ескең берген дискідегі әндердің бәрін жақсы дей алман, бірақ, бірнеше әнді қайта-қайта тыңдай бергім келді. Соның бірі «Алдай-ау». Сөзі де, сазы да, тіпті, айтар назы да халық әндерінің үлгісіне келіңкірейді. «Алдай-ау, алдай, алдай-ау,  Дүние түбі балдай-ау. Алқынған күндер тал­пын­ған, Жәутеңдеп қарап артымнан, Қалды-ай-ау бәрі қалды-ай-ау... ...Өткені-ай, бәрі өткені-ай, Өмірдің жаз бен көктемі-ай. Сары ала қаздар саңқылдап, Сары ала күздің жеткені-ай. Біреуге өзім ынтызар, Біреулер маған өкпелі-ай. Өткінші мынау өмірде, Өтпелі, бәрі өтпелі-ай. «Аға» деп барсаң ағаңа, Ағаның көңілі көк­те жүр. «Бауыр» деп барсаң бауырға, Бауы­ры оның көк темір. Туысқанға – туа жат, Жол­да­сы­ңа жүре жат, Менен де осы өтті өмір». Қысқасы, ән де, әннің сөзі де, әншінің үні де ұнады. Жақсы дүние жұрт көңілін аудармай қойсын ба, кейін Ескең сыйлаған сол дискі қолды болды». Тағы бір жолы «Қазақ әдебиеті» газетінен Алмас Нүсіп деген інішек «Тарихта кім қалады?» деген тақырыпта сауалдама ұйымдастырып, бірнеше сұрақ жазып жіберіпті. Сол сұрақтардың біріншісі: «Тарих барда – тарихи тұлғалар бар. Осыны жазушылыққа қатыстырып алсақ, көркем әдебиет көшінде жүрген, ғұмырын сарп етіп, өмірін түгескен төрт тарапқа аты мәшһүр қаламгер қаншама. Бірақ, сол аты белгілі жазушылардың артында қалған том-том мұралары түгел оқыла ма? Мәселен, қазіргі сыншы, ғалымдарымыздың айтуынша Ғабит Мүсірепов шығармалары ішінен автобиографиялық әңгімелері көп оқылатын көрінеді. Қалың романдарынан шағын жанрда жазылған туындыларына көптеп мән берілуінің себебі не?» деп келеді. Мен бұған газет бетінде: «Өз басым арғы жазушылардан Бейімбет Майлинді, өзің айтқан Ғабеңді, бергі қаламгерлерден Бердібек Соқпақбаев, Тәкен Әлімқұлов, Сайын Мұратбеков, Дулат Исабеков, Оспанхан Әубәкіров, Мархабат Байғұтты қайталап оқып тұрам. Бұл басқаларын оқымаймын дегенім емес. Өлең-жырлардан «Бес ғасыр жырлайды», «Жеті ғасыр жырлайды» атты томдардағы ақындардың айтқыштығына таңғалам. Сондықтан да болар анда-санда оларға да қайта көз жүгіртіп қоямын. Әрине, Абай мен Мұқағали үстелімнің үстінде жатады десе де болады. Ұлылардың қатарына қосыпты демесін, маған өткізіп қойған да ештеңесі жоқ, бүгінгі ақындардан Есенқұл Жақыпбектің жырлары жаныма жақын. Үнемі үстелімнің үстінде жатады. Шаршағанда оқып, рахаттанып демалып қаламын. Кей жеріне, сізге өтірік, маған шын, күліп аламын. Есенқұлда өлеңді өрнекті оқиғаға құру, яғни Сайын ағаның әңгімелеріндегідей мөлдір сезім, бейкүнә мұң ба, бірдеңе бар. Әлде есігіне құлып салмайтын отағасындай ашықтығы ма екен», деп жауап беріппін. Осы сауалдамада Есенқұлды өңкей алыптардың арасына қосам деп одыраңдаған ұраншыл ақынсымақтарды ызаландырып алған жайым да бар. «Іні зордан, аға бордан», амал жоқ, көтеруге тура келді. Бірақ, ол тұлданды екен деп Ескеңнің күншуақтай жылы да нұрлы жырларынан бас тарта алмаймын. «Мен» деп көкірегін ұрғылаған бүгінгінің Маяковскийлерінің жырларына сене де алмаймын. Ал: «Өлең жазам... Бар ісім осы ғана. Өлең бердім досыма, қасыма да. Туыс-туған ішінде еркелетті, Мұқағали, Төлеген, Қасым аға. Арғы атамды сұрасаң – Абай, Жамбыл. Өрт Махамбет өз ағам – Абайлап жүр! Жолдас болдым бөрінің бөрісімен, Сырлас болдым серінің серісімен, Аруақтандым солардың перісімен», деген Есенқұл ақынға сенемін. Компьютерімнің қасында Ескеңнің әр жылдары жарық көрген «Ағымнан жарыламын» («Жалын», Алматы, 1987 жыл), «Бұл жаз да өтер» («Өлке», Алматы, 2001 жыл), «Тау басында кәрі қар» («Өркениет», Алматы, 2005 жыл) және «Сарғайған сары терезе» («Нур-Принт 75», Алматы, 2007 жыл) деп аталатын кітаптары жатыр. Ішінің бәрі Ғабеңшелеп айтсақ, бір-біріне жарығын түсіріп тұратын нұрлы сөздер. Ғабең демекші, жарықтық өле-өлгенше Кенесары ханды жақтырмай өтті ғой. Сол үшін де «Хан Кене» деп пьеса жазған Мұхаңмен (Әуезовпен) арасы біраз қырбай болды. Бірақ Хан Кенені жақтырмады екен деп Ғабеңді қазақ әдебиетінен ешкім сызып тастай алмайды. Айтса өз пікірін айтты. Дәлелдеп айтты. Сендіріп айтты. Сол сияқты Есенқұл Жақыпбекті де «Үміт» деген өлеңінде «о дүниені жоқ» депті, «молданы сынапты» деп біржақты күстаналауға болмайды. Есекең «ярый атеист» болмаған шығар-ау, бірақ өз ойы, өз пікірі бар ақын екенін, оны да орайын тауып әдемі әзіл арқылы айта білетінін қалай мойындамасқа. Оқиықшы. «Бір жақсылық болады» деп алда да әлі, Үміт күтіп адамдар алданады. Әдемі екен ойласаң партияның, «Коммунизм жақын» деп алдағаны. «Машқар таңда теңелер пенде бәрі», Деп алдайды мешіттің молдалары, О дүние жоқ шығар, бірақ осы, Маған қатты ұнайды алдағаны. «Өседі» деп ұлыңды алданасың, Қызыңнан да бір үміт малданасың. Жапырағы жастық­тың сол­ғаннан соң, Болар іс болып,                  бояуы оңғаннан соң, Балаң үшін әйтеуір жан бағасың, Солар үшін су кешіп, мал бағасың. Жалған үміт болса да со­ның бәрі, Неткен тәтті бұ жалған, жал­ған атың! Дүние-шексіз! Мәңгілік, ол өл­мейді, Бір үмітке бір үміт жалғағасын. Не болады үміттер тегіс бітсе, Үміттер бар! Жоқ, бірақ, жеңіс түк те. Үміттердің құс жолы жылтырайды, Галактика, Ғаламда, Кеңістікте». Осы өлең жолдарының ішінде біреу байқап, біреу байқамай қалатын «Жалған үміт болса да соның бәрі, Неткен тәтті бұ жалған, жалған атың!» деген пәлсапалық тұжырым бар. Мына жалған дүниенің жалғандығынан да жақсылық іздеген ақын бар ма Ескеңнен басқа?!. Өнер адамдарының мұңы мен зары да жазыла-жазыла жауыр болған тақырып. Бірақ Есенқұлдың пайымдау­ында ол мүлде басқаша суреттеледі. «Паһ, шіркін, айтқан соң осылай айту керек қой!» деп көкіректерді қарс айырады. Өнер адамдарының Алатаудай көңілін де, бетің бар, жүзің бар демей шындықты бетке айтып, басына өз аузымен бәле тілеп алатын сормаңдайлығын да, қысқасы, олардың бары мен жоғының бәрін бір өлеңге сыйғыза білген. Ол Тұңғышбай Жаманқұловтың орындауында (әнін шығарған Қайырғали Көбентаев), тіпті, асқақтап кетеді. «Біздер, біздер патшадан да паң­дар­мыз, Біздер, біздер біреулерге арман­быз. Барды бар деп, жоқты жоқ деп жа­сыр­май, Бақытынан қашып жүрген жан­дар­мыз. Біреулердің оғы болмай атарға, Біздер жүрміз қатерлі бір сапарда. Жыр­тығыңды жамап беріп жатса да, Еш­кім бізді қоса алмай жүр қатарға. Қайыр­масы: Алдымызда жалт-жұлт етіп от шы­рақ, Әне-міне бақ қонардай боп тұрады. Жалпы мақтап жаны қалмай жатса да, Ешкім бізді шын түсінген жоқ бірақ». Енді ойымызды қорытайық. Бұл арада да жылы жымиып қойып Есенқұлдың өзі көмек береді. «Жақсы адамды жерлеу» деген өлеңін кімге арнап, кімнің жаназасында тұрып ойына түйсе де, ақын жақсыны көзі тірісінде «жақсы» деп айтпайтынын, айта алмайтынын өте керемет көркемдікпен жазып кетіпті. Менің: «Ескеңнің өлеңін оқысам Сайынның лирикалық әңгімелерін оқығандай боламын», дейтінім де сондықтан. Оқиық. «Жақсы адам ба еді? Жақсы адам еді, – деді жұрт. Жақсы адам! – деді жамағат түгел егіліп. – Қарызы жоқ па? – Құтылған барлық қарыздан, Құтылған барлық міндеті менен парыздан. – Ал онда бәрің артыма сапқа тұрыңдар, Жаназа иман шығарам, – деді кәрі имам». Әбден піскен кезде өзінен-өзі сау ете қалатын жемістей төгіліп тұрған осы диалог-жырдан кейін ақын енді «жақсы» деген сөздің жан-жағынан ой нәрін тере бастайды. Сол оймен бірге мұңайып, сол оймен бірге қайғырады. Өкінеді. Ол мынандай болып өлеңге айналады. «Жақсы адам ба еді? Жақсы адам еді шынайы. Жақсылық жасап жүретін елге ұдайы. Жақсыны таңдап алды ғой сірә, құдайы, Ертерек неге айтпады мұны, япырмау? Елімнің мынау ығайы мен сығайы. Жақсы адам еді жаратылысы бөлекше, Жақсылық жасап жүретін елге ерекше, Жақсы адам еді жалпыға жаққан қашанда, Жақсы адам осы құдайға ғана керек пе?! ...Ілмиіп қайттым іркес те тіркес елменен, Ісіген жара қалдырып сонау белесте. Жақсы адам еді! Жақсы адам еді, жарықтық. Жабыла көміп қайттық. Біз оны топыраққа қарық қып...». * * * Біздің буынның Ескесі, Есенқұл Жақыпбек те жақ­сы адам еді жаратылысы ерек­ше. Ал жақсы ақын еке­ні талас тудырмас. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.