«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының тағы бір жеңімпазы – қазақ мәдениетін әлемдік ауқымда дәріптеуге үлес қосып жүрген отандасымыз Данияр Қожан. Еске сала кетейік, бұған дейін бірқатар басылым мен ақпарат агенттігі мұхиттың ар жағындағы АҚШ радиоларының бірінде қазақ тілінде бағдарлама ашылғанын жарыса хабарлаған-ды. Міне, осы бастаманы қолға алған, бүгінде АҚШ-та қазақтың музыкасын, мәдениетін насихаттайтын хабардың авторы бүгін біз сөз еткелі отырған Данияр Қожан.
АҚШ-қа алғаш рет 2017 жылы жолы түскен Данияр әуелі бұл елге турист ретінде сапарлап барған. «Сол кезде АҚШ-та жұмыс істеп жүрген бір заңгермен танысып, ол маған көшіп келудің жолдарын айтты. Мен тиісті құжаттарды рәсімдеп, көп ұзамай алты құрлықты аузына қаратқан Америкаға көштім. Жоғарыда айтқан заңгер танысымның PR менеджері, яғни оның қоғаммен байланыс бойынша менеджері ретінде жұмыс істей бастадым», дейді Данияр.
«Елден жырақта жүрген отандастарымыздың басын қосуды көптен ойлап жүретінмін. Одан бөлек Америкадағыларға Қазақстан туралы айтып бергім келетін. «Борат» фильмінен кейін елімізге көзқарас өзгеруі мүмкін. Көргеннің бәрі оның автор қиялының жемісі екенін түсінбеуі ғажап емес. Осылардың барлығы жоспар еді. Бір күні көлікте радио тыңдап келе жатып, бірнеше тілде бағдарлама барын байқадым. Қытай мен испан тілін айтпағанда, құлағым орыс тілін де шалып қалды. Сол кезде өзім радио ашсам деген идея пайда болды. Әлбетте, бұл үлкен қаражат пен көп уақытты қажет етеді. Сонда әртүрлі этностардың тыныс-тіршілігі, мәдениеті туралы бағдарламалары бар Freedom FM басшылығымен кездесіп, өз ұсынысымды білдіруге бел будым», дейді Данияр.
Freedom FM басшылығы шетелдегі әуе толқыны бағдарламалары тізіміне Қазақстан туралы да жобаны қосуға келісімін беріпті. Әлбетте, бұған оңайлықпен қол жеткізілді деп айта алмаймыз.
Көп ұзамай Данияр Қожан Qazaq time бағдарламасында 2 сағат бойы Қазақстан туралы айтып, қазақтың күмбірлеген күйін, әуезді әнін Америка жұртшылығын таныстыруды бастайды.
«Нью-Йоркте 2 мыңға жуық қазақстандық тұрады. Мен шетелде жүріп қазақтың қамын жеп, еліміз үшін қызмет еткен бабаларымыздың ізін жалғастырып келемін деп сенемін. Геннадий Головкин сияқты еліміздің танылуы үшін өз үлесімді қосып жүрмін.
Бағдарлама бірыңғай қазақ тілінде емес. Оған бірте-бірте қол жеткізерміз деп ойлаймын. Freedom FM радиосы орыс тілінде хабар тарататын толқын. Оған қоса Нью-Йоркті тұрақ еткен бауырлас ұлттардың бәрі де орыс тілінде еркін сөйлейді. Сондықтан аудиторияны баурау үшін де осы тілге басымдық беріліп отыр. Дегенмен бағдарлама барысында шырқалатын әндердің 95 пайызы қазақ тілінде деп айта аламын. Сондай-ақ қазақтың күйлері, терме-толғаулары да тақырыпқа сай беріліп отырады. Осының өзі бүгінде үлкен жетістік болып тұр. Себебі Америкада дүниенің төрт бұрышынан жиналған жүздеген, тіпті одан да көп ұлт өкілдері бар. Өкінішке қарай, олардың көпшілігі қазақ елінен мүлде бейхабар», деді кейіпкеріміз.
Қазақ гуманитарлық заң академиясын заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған Даниярдан радиода бағдарлама жүргізу қиын емес пе деп сұрағанымызда, ол бағдарламаны қолға аларда көп дайындалғанын жеткізді.
«Қазір әлеуметтік желінің дәуірлеп тұрған заманы. Мен Instagram желісінде тікелей эфир ұйымдастырып, оқырмандармен сұхбат құрдым. Бұл маған көп көмектесті, тосыннан қойылған сұраққа тапқырлықпен жауап беру, көпшілік алдында еркін сөйлеу, сөз саптау сияқты машықтарды дамыттым. Радионың мен үшін жақсы жері – сені бәрі естігенімен, көрмейді. Бұл да бір өз кезегінде қолайлы.
Данияр бір кездері белгілі продюсер Қыдырәлі Болмановпен бірге жұмыс істеген. Оның айтуынша, қазақтың ұлттық мәдениетіне қызығушылығы сол кезде оянған. «Мен қашанда елімнің патриотымын. 2005-жылдары Қыдырәлі Болманов Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы болып қызмет етті. Мен оның көмекшісі болып жұмысқа тұрдым. Онымен жұмыс істегенімде қазақтың мәдениеті қызықтыра түсті. Сол кезде-ақ елім үшін елеулі іс атқарғым келетін. Сол кісіден үйренгенім көп болды, оның мектебінен өттім десе де болады», дейді Данияр.