• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Қараша, 2021

Төтенше жағдайды техника жеңеді

249 рет
көрсетілді

Кеншілер астанасында «Қыс-2021» командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтіп, онда жылдағы дәстүрге сай азаматтық қорғау қызметтері мен құрылымдарының қыс кезінде болуы ықтимал төтенше жағдайларға қатысты дайындығы тексерілді.

Аталған іс-шарада жұрттың назары ТЖ департаментінің екі жаңа автоцистернасына ауды. Басқа өңірлерде жоқ бұл маши­налардың әрқайсысы су ерітіндісін көбіктен­діргішпен шашу мүмкіндігі бар тұтас немесе шашыратылған су ағынын беретін VARIO өрт сөндіру аспалы қондырғысының үш бірлігімен жабдықталған.

Оқу-жаттығу барысында өрт сөндірушілер бұл техникалардың жұмысын көрсетті. Биік ғимараттардағы өртті жоғары жылдамдықты су ағынымен сөндіретін автоцистернаның қысымы орасан Limens автономды сорғы қондырғысы бар. Оны бір немесе бірнеше басқа автоцистерналармен «айдау» арқылы жұмыс істеген кезде, дербес жауынгерлік бірлік ретінде, сондай-ақ сорғы қондырғысы ретінде де пайдалануға болады.

Облыстық ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов оқу-жаттығудың басты мақсаты – қысқы кезеңдегі төтенше жағдай қаупі немесе оның туындауы жағдайында күштер мен құрал­дардың іс-қимылға дайындығын бағалау болғанын айтады.

– Облыста қыс кезінде қар басып қала­тын 590 учаске біздің департаментке, ІІМ органдарына, жол ұйымдарына белгілі және олардың бәрі де бақылауда болады. Аталған учаскелердің жалпы ұзындығы 705 шақырымға тең. Жалпы, облыс бойынша қыс мезгілінде төтенше жағдайдың алдын алу және жою жұмыстарына үш мыңға жуық адам мен түрлі ұйымдардың 1 300 бірлік техникасын тарту жоспарда бар, – деп мәлімдеді ол.

Биыл облыстық ТЖ департаменті өзінің техникалық базасын заманауи жанармай құюшы және АЦ-5-40 Iveco Euro Cargo ML190 екі автоцистерна сияқты жаңа техника­лармен толықтырған болатын. Оқу-жаттығу барысында осы машиналардың қаты­суымен облыс орталығындағы биік ғимарат­тардағы өртті сөндіру мүмкіндіктері көрсетілді. Ал газ-түтіннен қорғау қызметінің автомобилі мен тоғыз метрлік катер Балқаш қаласына беріледі.

«Қыс-2021» оқу-жаттығу жиынында апат­тық-құтқару қызметтерінің құрамына кіретін ТЖ министрлігіне қарасты аумақтық бөлімшелерінің жедел-құтқару құрамалары, ТЖМ 52859 әскери бөлімі қатысып, қолда бар күштер мен құралдардың дайындығын көрсетті. Далалық басқару пунктінің жұмысы да қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Бұл жерде қажетті байланыс түрлерімен жабдықталған штабтық шатыр, медициналық қамтамасыз ету, тамақтану, жылыту және психологиялық көмек пункттері ашылды. Сондай-ақ өтімділігі жоғары автомашиналар базасындағы жылжымалы байланыс тораптарының мүмкіндіктері де көрсетілді.

Ауа райын болжаушылар биылғы қыстың қатты болатынын, қардың қалың түсетінін айтады. Табиғаттың тосын мінезіне немесе аяқ астынан болатын өрт апатына төтеп беру үшін арнайы техника әлеуетінің маңызы қаншалықты зор екенін қарағандылық құтқа­рушылар мен өрт сөндірушілер жақсы біледі.

 

ҚАРАҒАНДЫ