Осыдан он жыл бұрын қараша айында Тараз қаласында оқ атылып, бірнеше бейбіт тұрғын мен полиция қызметкерлері қаза тапқан. Қарашаның қара суығында болған қаралы оқиға әлі күнге ел есінен шыққан жоқ. Лаңкесті құрықтау кезінде ерлікпен қайтыс болған полиция капитаны Ғазиз Байтасов, полиция сержанттары Полат Аянқұлов және Жақсыбек Байсейітов сынды қаһарман азаматтардың есімі ұмытылмайды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ғазиз Байтасовқа ерлігі үшін «Халық қаһарманы» жоғары дәрежелі атағы берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі жыл бұрын өңірге жұмыс сапары барысында да батырдың отбасымен арнайы кездескен еді.
Ерлікпен қаза тапқан батырларды еске алу іс-шарасы Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында өтті. Жиынға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, еліміздің Ішкі істер министрінің орынбасары, генерал-майор Мұрат Баймұқашев, облыстық Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Жанат Сүлейменов және батырдың туыстары мен ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты. Өз сөзінде Бердібек Сапарбаев Ғазиз Байтасов қауіпті лаңкесті ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқанын, оның ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған осындай батырларымыздан жас ұрпақ үлгі алуы тиіс екенін айтса, Мұрат Баймұқашев Ғазиз Байтасовтың есімі ел тарихында алтын әріптермен жазылғанын жеткізді. «Біздің отбасымыз барша қазақ халқына, әсіресе, жамбылдықтарға, еліміздің басшылығына, жергілікті билікке, облыстық полиция департаментіне, Ғазиздің әріптестеріне және оны еске алушыларға алғыс білдіреді. Сіздер қиын сәттерде мені және менің ұлдарымды қолдап, қамқорлық танытып, ерекше көңіл бөліп келесіздер», деді Ғазиз Байтасовтың жары Гүлжамал Тәжиева.
Митингке қатысушылар Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан басқа да полиция қызметкерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды.
Жамбыл облысы