Биыл «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасымен Әйтеке би, Хромтау аудандарында көптеген әлеуметтік жоба іске асырылса, оның ең басында елді мекендерді газдандыру жұмыстары тұр. Сондай-ақ биылғы шілдеде Ырғыз ауданының Құрылыс, Ақши, Шеңбертал елді мекендеріне, ал қазанда Мұғалжар ауданының Жұрын, Елек ауылдарына газ құбыры тартылды.
Екі ауданға жұмыс сапарында облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыстық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері Тасөткел мен Аралтоғай елді мекендерінде өткен ауылішілік газ құбырын жүргізу рәсіміне қатысты. Осы желтоқсанда Хромтау ауданының Белқопа, Ащылысай, Қарғалы ауданының елді мекендері, Ойыл ауданының Қараталы мен Мұғалжар ауданының Орқаш ауылдарына газ құбыры жүргізіліп, бір жылда Ақтөбе облысының 12 елді мекені көгілдір отынмен қамтамасыз етілетін болды.
Өңірдегі өндірістік аудандардың бірі, 44 мыңға жуық тұрғыны бар Хромтау ауданының құрамына 12 ауылдық округ кіреді. Аудан тұрғындары негізінен Хромтаудағы Дөң кен байыту комбинатында еңбек етеді. Хром кенін өндіруші кәсіпорын 2020 жылы аудан бюджетіне 9 млрд теңгеден астам салық төледі. Пандемия шектеулеріне қарамастан аудан тұрғындары белсенділігін жоғалтпай, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс жұмыстарын жүргізуден алда келеді. Бүгінде Хромтау ауданында 2 704 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркелген.
Биыл жазда Хромтау ауданының Табантал және Тассай ауылдарының кіреберіс жолдарына «АстанаДорСтрой» ЖШС-і орташа жөндеу жасады. «Самара-Шымкент» тасжолының бойынан бұрылып, Табанталға баратын 25 шақырым жаңа жөнделген жолды көруге бұрылдық. Бірақ қалың жауған қардың астында су жаңа асфальт жол жасырынып жатты. Табантал мен облыс орталығының арасы – 65 шақырым. Жұрт Табанталды Ізтай Мәмбетовтің өлеңінен ғана білетін. Соғыстан кейінгі елдің халі көрініс табатын Ізтай өлеңінің құдыреттілігі сол, бүгінгі Табантал мен сол кездегі Табанталдың айырмасы жоқ сияқты.
Табанталмен іргелес жатқан Тассай ауылының 28,6 шақырым кіреберіс жолы да жөнделді. Қанаттас қос ауыл жолының сапасын алдағы көктемде, қар ерігенде көретін болармыз деген оймен әрі қарай кеттік. Қарашаның ортасында жауған жаңбырдың соңы қарға ұласып, табиғат алақұйын мінез танытып тұрды. Хромтауға қарай қыр асқанда ауа райы қырық құбылады. Өйткені Мұғалжар қыраттары ендігіндегі осы тұста атмосфералық ауа ағыны жыл бойы тез алмасады. Жаздай көз аштырмайтын дауыл, қыстай бұрқасын. Қара күзден боран жиі соғып, жол бойында қарға адым жердегі көлік көрінбей қалады. Соның ішінде Тассайдың табиғаты алақұйын. Тассайды қыстай қар басқанда, тау-тау қардан көлік жүре алмай жатады. Әсіресе, ақпандатқан боранда Тассай бүкіл әлемнен бөлініп қалғандай болады. Соңғы үш жылда Тассайда бұрынғыдай қар жоқ. Ылғал аз түскендіктен, Тассай ауылының ортасындағы табиғи көлшік те кеуіп барады.
Тасөткелге газ келді, Құдықсай күтіп отыр
Хромтау ауданының Тасөткелі мен Әйтеке би ауданының Аралтоғайына жеткізілген ауылішілік газ желісінің іске қосылу рәсіміне қатыстық. Тасөткел – «Самара – Шымкент» тасжолынан едәуір бұрылыста жатқан шет ауыл, бұрынғы Қарабұтақ ауданының іргелі елді мекендерінің бірі. Тасөткел ауылында бүгінде 600 адам тұрады. Осы ауылға Қарабұтақ- Белқопа арқылы 78,6 шақырым газ құбырын «Бабек Құрылыс» ЖШС-і жеткізді. Тасөткел тұрғыны Светлана Сағырова көмірге қарағанда газдың төлем құны арзанырақ түседі деп қуанышын жасырмады: «Жылда қыстан 7-8 тонна көмір жағып шығамыз. От жағудың бейнеті өз алдына жыр. Жасыратыны жоқ, жаңадан үй болған жастар от жағудан қашып, қалаға көшіп кетіп жатады. Газ келген соң жастар ауылға кері оралатын шығар», дейді үмітпен.
Хромтау ауданының әкімі Азамат Бекеттің айтуынша, 20 ауылға көгілдір отын кіріп тұр. Енді олардың қатарына Тасөткел ауылы қосылды. Алдағы жылы қаржы бөлінсе, Құдықсайға қарай құбыр тарту жұмыстары басталады.
Тассай тұрғындары бұрын сапасы нашар, ауыл ішіндегі қолмен қазылған 10 құдықтың суын пайдаланатын. Өткен жылы ауыз су құбыры тартылып, жаңа балабақша салынып, клуб ғимараты жөнделді. Осылайша, Тасөткел тұрғындары үш жылдан бері мемлекеттік бағдарлама игіліктерін көре бастады. Тасөткел әрі шекарадағы ауыл. Осы ауыл мен Ресейдің Орынбор облысы Дамбаров ауданының арасы 50 шақырым. Тасөткелдің кіреберіс жолының 14 шақырымына екі жылдан бері орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бас мердігер – «Арал құрылысы» ЖШС-і. Бұл жерде жол жөндеуші мердігердің жауапсыздығы көзге ұрып тұр. Екі көлік қатар жүре алмайтын ойқы-шойқы тасжолдың қай жерін жөндегені де көзге түспейді. Сонда жол жөндеуге бөлінген 1 млрд теңге мемлекет қаржысы үш жылдан бері қайда жұмсалған? Депутаттар жөнделмеген жолдың қаржысын құқық қорғау органдары түгендеуге тиіс деген шешім айтты. «Тасөткел ауылының тұрғындары осыдан үш жыл бұрын ауылға газ құбырын жүргізу туралы ұсыныспен шықты. Соның нәтижесін бүгін көріп отырсыздар. Айта кетерлігі, Хромтау барлық жағынан да өте қарқынды дамып келе жатқан аудан. Хромтау қаласы мен елді мекендерінде бұқаралық спортпен айналысатын алаңқайлар, балалар ойын алаңдары салынып, көшелерді жарықтандыру мен жаяу жүргіншілер жолын салу қарқын алды», деді өңір басшысы Тасөткел ауылында.
Қарабұтақ оңалып келеді
Аудан жабылса, не басқалай әкімшілік бөлініске түссе, аудан орталығының күйі кетіп, өткен уақыттың иірімінде қалып қояды. Тоғыз жолдың торабындағы Қарабұтақ та 1990-жылдардан бастап өгейдің күйін кешті. Ақтөбе қаласы мен Қарабұтақтың арасы – 220 шақырым. Ауыл «Самара – Шымкент» тасжолының бойында, тоғыз жолдың торабында, Ырғыз өзенінің жағасында орналасқан. Қарабұтақ ауылдық округінің 4 мыңға жуық тұрғыны, төрт ауылы бар. Бұрынғы аудан орталығының тамырына біртіндеп жан кіре бастағаны жаңа жөнделген көшелерінен байқалады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы қаржыландыруымен жаз бойы бес көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, келесі жылы кіреберіс жолды қайта жөндеу мен бес көшені жарықтандыру жұмыстары жалғасатын болады. Сөйтіп, қазақ әдебиетінің классиктері – Қуандық Шаңғытбаев пен Тахауи Ахтановтың туған ауылы өзгерістің алдында тұр. Әлеуметтік жобалардың сапалы, мерзімінде орындалуы Әйтеке би ауданының жас әкімі Дархан Ермағанбетовтің назарында. Қарабұтақтықтар ешкімді артық мақтамайды. Десе де, біздің білетініміз, Әйтеке би ауданы соңғы он жылдан бері дұрыс басшыға жарыған емес. Бұл жолы жас әкім Әйтеке би ауданының орталығы Темірбек Жүргенов ауылымен қатар Қарабұтақты көркейтуге қоса кіріскен. Бүгінде Қарабұтақ ауылына ауыз су құбыры жүргізіліп, 29 көшенің түгелге жуығы жарықтандырылыпты. Енді Белқопа ауылына газ құбырын тартуды жыл соңына дейін аяқтау керек. Жақын маңдағы Жарөткелге ауыз су құбыры жүргізілсе, ауылдың кіреберіс көлік жолын жөндеу алдағы жылдың жоспарына енген.
Ауыл тұрғындары спорт кешенін салуға депутаттардан қолдау күтеді. Бұрын қазақша күрестен талай палуан тәрбиелеген Қарабұтақ спорт мектебінің даңқын қайта шығаруға ықыласты бапкерлер Ақтөбеде де баршылық. Солардың көбі лайықты спорт кешені салынса ауылға қайта көшіп келуге ниетті.
Ақтөбе облысының елді мекендерін газдандыру жобалары алдағы жылы да жалғаса бермекші. Әйтеке би ауданының Құмқұдық, Толыбай, Жабасақ, Қияқты, Ұлғайсын елді мекендері кезек күтіп тұр. Айта кету керек, газ жүргізу қымбат жоба әрі мемлекеттік сараптамадан өткізу көп уақытты қажет етеді. Әлеуметтік инфрақұрылымдар жобасында, әсіресе газ жүргізуде ең бірінші басымдық тұрғындар саны көп, бала туу көрсеткіші жоғары, адамы орныққан елді мекендерге беріледі. Қарабұтақтан шыққан соң Аралтоғайға келіп ауылішілік газ құбырын қосу рәсіміне қатыстық. Бір мың тұрғыны бар Аралтоғай адамы бытырай көшпеген берекелі ауыл. Екінші жағынан, Аралтоғай – кішісі үлкенінің алдын кесіп өтпейтін, төрде отырған ақсақал басқаратын тәртіпті ауыл.
Комсомол Темірбек Жүргенов ауылы болып өзгерді
Аралтоғайды артқа тастап, 107 шақырым жердегі Әйтеке би ауданының орталығы Темірбек Жүргенов ауылына келдік. Әйтеке би ауданы еліміз тәуелсіздік алған жылдары Қарабұтақ және Комсомол аудандарының қосылуынан құрылды. Әйтеке бидің арғы жағы – Арқа. Арқаның өкпек желі ұрып тұр. Тұрғындары бірыңғай мал өсіріп, егін егіп күн көреді. Егіншілер биыл жауын-шашынның аз болуына байланысты қиындықтарға тап болды. Еккен егіндерінің шығымы өте аз болғанына қарамастан шаруашылықтар арпа-бидайын төкпей-шашпай жинап алған. Ауданның алты ауылдық округі орталықтандырылған сумен жабдықталған.
Кіре берістегі Темірбек Жүргенов алаңына жартылай бітпеген спорт кешені ғимараты қарама-қарсы жерде тұр. «Ғимараттың сыртқы қабырғасы ғана тұрғызылған. Бұл жерде де жауапсыз мердігер алдан шығып, құрылысты бастаған да, аяқтаусыз тастап кеткен. Енді осы ғимараттың бар-жоғы түгенделіп, сотқа берілгелі жатыр. Ауыл ақсақалдары «Самара – Шымкент» халықаралық дәлізін қайта кеңейтіп, төрт жолақты етіп салуды ұсынады. Әсіресе, Қарабұтақтан Ұлғайсынға дейінгі жолға ерекше көңіл бөлмесе болмайды.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ауыл кәсіпкері Қуат Нұрбаев қос пәтерлі алты үй салды. Бір пәтердің аумағы – 80 шаршы метр. Осы қыркүйекте екі үй қолданысқа беріліп, оған төрт отбасы қоныстанды. Осы сапарымызда алты баласы бар жас отбасының осы үйден пәтер алу қуанышына тап келдік. Осы тұрғын үйлерге әлеуметтік осал топтағы отбасылар қоныстанған.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында аудан орталығындағы жаңа саябақтың төрінде мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің ескерткіші орнатылды. Саяси қуғын-сүргін құрбаны Темірбек Жүргенов 1898 жылы қазіргі Әйтеке би ауданы Жабасақ ауылдық округіне қарасты Басықара қопасы деген жерде дүниеге келген. Оның бұрынғы атауы Кенжеғара болысы. Басықара – Жүргеновтің атасы.
44 мың дана кітап қоры, жақсы жабдықталған оқу залдары, жоғары жылдамдықтағы интернеті бар аудандық кітапхананың ашылу рәсіміне ауыл кітапханашылары онлайн платформада қосылды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин ауыл кітапханашыларына кітап оқудың маңыздылығын жасқа да, ересектерге де ұғындырудың қажеттігін, қазіргі кітапханалардың бәсекелестікке қабілетті болуы керектігін айтты. Шалғайдағы ауылдар мен орталықтағы кітапханалардың материалдық-техникалық базасын жабдықтаудың маңыздылығына тоқталған облыс әкімі ауыл кітапханаларын шетел классиктерінің шығармаларымен, заманауи аударма кітаптармен толықтыруға тапсырма берді.
Ауылдардағы интернет байланысын жақсарту мақсатты түрде іске асып жатыр. Соның бір көрінісі, Толыбай мен Ақтасты ауылдары ортасына биік мұнаралар орнатылып, енді Аққұм ауылында да жалғасын таппақшы. Осы сапарда Әйтеке би ауданының шалғай ауылдарында заманауи игіліктердің біртіндеп еніп келе жатқанын көріп, әлеуметтік нысандар құрылысы үнемі жұртшылықтың назарында болу қажеттігін түсіндік. Себебі, мемлекет қаржысын қоғам бақыласа, жемқорлық азаяды.
Ақтөбе облысы