Ұлттық академиялық кітапханасында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ақын, І дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері Шөмішбай Сариев атындағы шығармашылық залының ашылып, «Жүрегім – қазақ елі» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, жазушы, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижан, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбеков, композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлеген Мұхамеджанов, Қазақстан және Татарстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал Үсенбаева, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жоламан Тұрсынбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев сынды өнер жұлдыздары мен ақынның отбасы қатысты.
Шөмішбай Сариев атындағы шығармашылық залда оқырмандар ән өнерін шырқау биікке көтерген ақынның шығармашылығымен таныса отырып, кітап оқу, фильм көру, мультимедиалық ресурстар қорынан музыка тыңдай алады. Сондай-ақ арнайы кәсіби құжаттар қоры орналасқан. Бұл қор сәулет, музыка, бейнелеу және кескіндеме тағы басқа өнер салаларын қамтиды. Шөмішбай Сариев атындағы шығармашылық зал қорында әлемдік және отандық өнер туралы туындылар мен көрнекті өнер қайраткерлерінің, белгілі композиторлардың, музыканттардың, өнертанушылардың шығармалары электронды түрде жинақталған. Сонымен қатар оқырмандар ноталық басылымдарды тыңдап әрі күйсандықта орындай алады.
Шығармашылық зал алдағы уақытта өнер саласы бойынша әлем әдебиеттерінің әмбебап қорын құра отырып, Қазақстан мәдениеті мен өнері бойынша әдебиеттер қорын жетілдіру мен насихаттау, ақпараттық, мәдени және білім берумен айналысады. Бұдан бөлек зерттеушілер мен ғалымдарға, магистранттарға ақпараттық-библиографиялық қызмет көрсету, мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізу жұмыстарын да атқарады.
Айта кетейік, Шөмішбай Сариевтің «Жүрегім – қазақ елі» атты жаңа жыр жинағы биыл «Атамұра» баспасынан жарық көрді. Жинаққа ұлтымыздың тәуелсіздігін ұлықтайтын, ұрпағымызды ұлтты сүюге, ұлттық патриотизмге ұмтылдыратын шығармалары топтастырылған.