• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2014

Құдай қолдаған Құнанбай

1035 рет
көрсетілді

Осыдан 10 жыл бұрын Қарқаралының 180 жылдығы тойланды. Сол кездегі аудан әкімі Ниқанбай Омархановтың арнайы шақыруымен той салтанатына сонау Алматыдан классик жазушымыз Мұхтар Мағауин мен публицист Нұрмахан Оразбеков келді. Қарсы алу, күтімдерін келістіру маған жүктелді. Бір жағынан қуандым, бір жағынан қобалжыдым. Қалай десеңіз де, аттарынан ат үркетін Алашқа әйгілі ағаларымыз. Ақыры екі ағамның қолдарына су құюға жарағаныма мәртебелендім. Біреу ұғар, біреу ұға қоймас мұны. Мәселе онда емес. Қазақтың игі жақсыларының жанында жүріп, әңгімелерін тыңдағаннан, асқан ғанибет бола ма?! Негізі, М.Мағауинмен аралас-құралас болуым осы тойдан басталған еді. Құнанбай қажының Қар­қаралыдағы мешіті­нен шығып келе жатқанда Мұхтар аға мені кідіртті. – «Абай жолында» Құнанбай бейнесі бөлек қой,– деді жазушы. – Бірақ, оны бұдан да кемеңгер, кемел, білгір адам ретінде суреттеп шығуға Әуезовтің дарын-қабілеті қаптал жететін еді. Өз заманындағы моральді берік ұстанған кісі ретінде Құнанбай «Абай жолындағыдан» мүлде басқаша адам болған. Бір кезде А.Янушкевичтің жазбалары жалғанның жарығына шыққанда «Құнанбай біз ойлағаннан бөлек адам екен ғой, заманының тұлғасы екен ғой!..» деген әңгімелер шыққан. Қазір уақыт өткен соң айта береміз, бұлай жазуға болар еді, олай жазса қайтер еді деп... Әуезовтің заманы біздікінен басқа болды. Әуезов оны сол қатал қоғамның кезінде де ғарыштық биікке көтеріп кетті ғой. Осы әңгімеден кейін Құнанбай туралы «Абай жолы» арқылы санама сіңіп кеткен «шынжыр балақ, шұбар төс, қатыгез, қарау» деген таным-түсініктерім төңкеріліп түсті. М.Мағауинмен Прагада жүздесіп, сұхбат құрғанда ұлы Абайдың әкесінің кемеңгерлігін кемеліне жеткізіп, жетеме құйып берген еді. Содан бір үзік. «Абай мен Құнанбай жөнінде әңгіме болған кезде біз бір мәселені көбіне ескермей жүрміз осы уақытқа дейін. Ол – Құнанбайдың, яғни Абай­дың шыққан тегі, ата тегі деген мәселе. Осы тұрғыдан алатын болсақ, Абайдың тууы – Құнан­байдың тууы, Құнанбайдың сондай өзгеше тұлға болып қалыптасуы кездейсоқ емес. Өйткені, Құнекең, демек Абай – біздің қазақ халқының неше мың жылдық тарихында қалыптасқан, турасын айту керек, асыл тұқымнан.

Ататегіне келетін болсақ, Аба­йдың жетінші атасы, яғни, Құнекеңнің алтыншы атасы – Сары деген кісі. Сары өз заманында үлкен батыр болған. Еңсегей бойлы Есім ханның заманында қол бастаған. Сол кездегі бұлғақ заманында атақты Қатаған Тұрсын ханның Қоңырбике деген қызын алған. Қоңырбикеден Кішік туған, осыдан барып Абай тарайды. Ыр­ғыз­бай да өз заманында үлкен, ірі батыр болған. Ырғызбайдың бәйбішесі – сол Абылай ханның заманындағы, ханның оң тізесін алған атақты Керей Ер Жәні­­бек батырдың қызы, яғни Өскенбайдың шешесі, Құнанбайдың әжесі – Ер Жәнібектің қызы. Осы тұрғыдан алғанда, біздің қазақ халқының қанында ғасырлар бойы жинақталған өте бір асыл қасиеттер осы әулеттің жетесінде мол еді. Сондықтан да Абайдың тууын, XІX ғасырда, кездейсоқ деп қарауға болмайды. Ал, енді Құнекеңнің өз басына келсек, егер бір ғасыр бұрын жасаған болса, ол ұлыстың бегі, ханның бас ақылшысы болатын еді, Абылай ханның заманында, Тәуке ханның заманында туса, «Жеті жарғыны» шығарушылардың бірі, Қасым ханның заманында туса, «Қасқа жолды» ұстайтын, үлкен, ірі қайраткерлердің бірегейі болар еді... Янушкевич жақсы айтқан ғой, Құнанбайды дана, данышпан деп. Ал Абайдың өз басына келетін болсақ, Абайдың әкесін қалай бағалағаны өз шығармаларынан көрініп тұр. Бір сөзінде айтатыны бар ғой: «Мұқым қазақ баласы, – Түгел ақыл сұрапты» деп. Құнекеңнің даналығына бас ұрған – Абай. Ал енді Құнанбай – жай ғана ірі шонжар емес, жай ғана билік басындағы үлкен би, білгір адам емес. Бұл – өз заманының барлық даналығын бойына сіңірген, қазақтың халық әдебиетін, ескі сөздерін, ескі жыраулардың, билер­дің нақылдарын, толғауларын, бір сөзбен айтқанда, бүкіл қазақ халқының философиясын, далалық философияны бойына сіңірген дана адам. Абай сол жас кезінен бастап, әрине, тілі шыққан кезден бастап, алғаш апыл-тапыл басып, есі кірген кезден бастап, әкесінің, әрине, тізесінде отырады... Абайдың дүние тануына, қалыптасуына Құнекеңнің орны айрықша. Абай ешқашан әкесінің алдынан шықпаған». (М.Мағауин, Толық шығармалар жинағы. 13-том. 315-бет. «Қанағат – ҒМО» баспасы. Алматы). Құнекең туралы таным-түйсігім осыдан кейін түзеліп, түзу жолға түскен еді. Қажы туралы ел аузын­дағы әңгімелерді, кітаптарды, мақалаларды, зерттеулерді інде­тіп іздеп, зерделеуге тырыс­тым. Соның ішіндегі көңілге қон­ғаны, алысты болжайтыны, ақылға сая­тыны, қазаққа қажеті – жер туралы айтқаны. Құнанбай қажы Қарқаралы дуанының аға сұлтаны болғанда, оған дейін мұқым тобықтыны билеп тұрғанда қоңсылас рулардың біраз жерін бауырына басып, иемденіп алғаны тарихтан белгілі. Тобықтының игі жақсылары Құнекеңе ағайынмен араз бола бермей жер иемденуді доғарайық, деп қолқа салады. Сонда Құнекең: «Адам өседі, мал өседі. Жер өспейді» деген екен. Енді, бұл сөз сонау Шыңғыс ханнан бұрын патшалық құрған түрік бабаларымыздың ханы – Мөденің сөзінен туып тұр. Мұны мен Шерхан Мұртаза редакторымның аузынан естіген едім. Құнанбай қажының кемеліне жеткен кемең­гер­лігі мен алыс­ты болжайтын кемеліне жеткен ақылды хан Мөдемен ұштасып тұр. Құнекеңе баға беруге менің шамам келмейді, әрине. Поляк А.Янушкевичтің Құнекең туралы жазғанын келтірсем, тақиямызға тар келмес. А.Янушкевич қазақ сияқты Ресейдің бұратана халқы­ның ұрпағы емес. Еуропадағы алдыңғы қатарлы, бірақ ақ патша билеген Ресей империясының отарына айналған Польшаның азаматы. Тадеуш Костюшко, Адам Мицкевич сынды азаттық аңсаған, соның жолында жанын жалдап, күреске түскен кісілердің бірегейі. Біздің Шоқан сынды. Он алты жылға қазақ еліне жер аударылған. Ұлтына азаттық тілеп, ақырып теңдік сұрағаны үшін. Қазақ тілін жетік білген. Жанын түсінген. Күнделіктерін оқысаңыз, разы боласыз. Содан Құнекең туралы сипаттамасын оқып көріңіз. «Құнанбай сөйлеу үшін жаратылған машина ғана емес, ол тек бұрамағанда ғана тоқтайтын сағат дерсің. Төсектен тұрысымен-ақ сөйлей бастайды, содан көзі ұйқыға кеткенше, толассыз сөйлеп береді. Минут сайын ақыл сұрап қазақтар оған келіп жатады. Қос қолын мықынына таянып, екі-үш сөзден кейін-ақ шариғаттан үзінді келтіріп, ол абызша сұңқылдап кетеді. Оның жадында сақтау қабілеті таңғаларлық, үкіметтің барлық указдары мен жарлықтарын кітаптан оқып отырған адамша жатқа айтады» (А.Янушкевич. «Күнделіктер мен хаттар». 188-бет. «Жалын» баспасы. 1979 жыл. Алматы). Осыған қосымша бір дерек. «1847 жылы 22 сентябрь күні біздер, төменде қол қоюшылар, таңбасын басушылар мешіт құрылысын салу жөнінде 2 сентябрьде Приказға берген тілегіміз бойынша Қарқаралы селосында мешіт салуға, ерікті түрде қаражат жинап береміз». (Қазақстан архивінің «Қарқаралы селосындағы ме­шіт құрылысы жөніндегі іс» деп аталатын 32 беттік құжаты). Қарқаралыда мешіт салу жөнінде әңгіме көтерілгенде, Құнанбай аға сұлтан емес, Кішік-тобықты болысының управителі, хорунжий шені болған. 16 болыс қол қойып, аға сұлтан майор Құспек Таукин мөрін басады. Енді, осыдан кейінгі Құнекеңнің сұңғылалығын көріңіз. «Осы көктемнің басынан құрылысты бастамақ ниетіміз бар еді. Бірақ Қарқаралыда мұндай құрылысқа пайдалануға бос, ерікті адамдар болмай отыр. Сол себептен Қарқаралыдағы ротаның солдаттарын мешіт ісіне пайдалануға болмас па екен? Оларға тиесілі заңды еңбекақыларын төлер едік» деген өтініш айтады Құнанбай Өскенбаев. Қарқаралының әскери ұлығы генерал-майор Вишневскийдің атынан рұқсат қағаз келеді. Ол: «Сіздің тілегіңіз бойынша сонда салынатын мешіт құрылысына Қарқаралыдағы ротаның төменгі шенді солдаттарын пайдалануға рұқсат етемін. Олар службадан қолдары бос уақытта құрылыс ісіне қатысатын болсын. Оларға келісім бойынша еңбекақысы төленсін» деген пәрмен жібереді. Бұйрық 1848 жылы 29 мартта жазылған. Ал, мешіт 1851 жылы тамыз айында толық пайдалануға берілген. Дәлел – аға сұлтан Құнанбай Өскенбаевтың кеңесші-көмекшісі Добшинский Шекара басқармасына 1851 жылы 11 августа мешіт құрылысы толықтай аяқталғаны туралы рапорт береді. Құнанбай осыны істемесе Құнанбай бола ма? Мұсылманның мешітін діні бөлек орысқа салдырады. Ағаш қиған, там салған қазақпыз ғой. Там салмаса да, киіз үйдің сүйегін сүліктей сұлулайтын қазақ емеспіз бе. Құнекең басқаша ойлаған, басқаша байлам жасаған, өзгеге айтқанын орындатқан. Атын шығарып, абырой асыруды ойламаған. Қазағын ойлаған. Сол тұста Қарқаралыда үш шіркеу болыпты. Тіпті, қасиетті Қарқаралының шыңындағы әйгілі Шайтанкөлге крест қойған дейді. Оны көл түбіне құлатқан дейді. Құнанбай құлатқан шығар. Ұрпақ шоқынып кете ме деген Құнекең ұлы ойдың иесі ғой. Қазір шіркеулер жоқ. Құдай қолдаған Құнанбай мешіті Қарқаралыда әлі тұр. Мәңгі тұрады. Алла қаласа, Алашы қолдаса, неге тұрмауы керек?! Ебін тауып, есесін жібермеген Құнанбай. Басқа біреудің қолынан келмеген. Мойындау керек. «Мекеде уақып үй салып, Пәтер қып, жаққан шырақты. Бір Құдайдың жолына, Малды аямай бұлапты Ажал уақыты жеткен соң, Соның да гүлі қурапты. Қажыны алған бұл өлім, Сабыр қылсақ керек-ті.» Бұл – енді ұлы Абайдың Әбдірах­ман өліміне арнаған өлеңінде әкесіне берген бағасы. Бұдан артылтып еш­кім айта алмайды. Біздікі – жай ғана ұсыныс. Қарқаралыға биыл 190 жыл – Абайдан бұрын Құнекеңнің табаны тиген қасиетті Қарқаралыға. Дәл осы қалаға Құнанбай ескерткіші сұранып тұр. Осы туралы әкімі бар, жақсы-жай­саңдары, басқалары бар ойланар деген үміттеміз. Қаперлеріне алмаса, қане! Мен ұлы ақынды өмірге әкел­ген ұлы әке жайлы парыз сөзімді айттым. Мағауия СЕМБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қарағанды облысы.