• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2014

Толымды істер табысқа бастайды

251 рет
көрсетілді

Қостанай, қалай дегенмен де, ауыл шаруа­шы­лығы басым өңір. Облыс әкімі Нұралы Сәдуақасовтың жұртшылық өкілдерімен облыстың 2013 жылғы әлеуметтік-эко­но­микалық даму қорытындылары жөніндегі есепті кездесуінде сөз басын осы мәсе­ле­де­н бастауы түсінікті еді. Ауыл шаруа­шы­лығындағы көптеген көрсеткіштер бойынша Қостанай республикада алдыңғы орын­нан көрінеді. Еліміздегі астық пен ұн­ның 25 пайызын, ал еттің 7 пайызын, сүттің – 10, жұмыртқаның 12 пайызын Қостанай облысы өндіреді. Мұның сыртында ұн мен астық экспорты жөнінен облыс республикада көшбасшылық орында. Өткен есепті жылда облыс 5,2 миллион гектарға егін екті, соның 4,4 миллион гектарына дәнді дақылдар сеп­ті. Өткен күзде 5 миллион тоннадан ас­там дән бастырды, бұл республикадағы барлық жиналған астықтың төрттен бірін құрады. Әкім мал шаруашылығында өндірістік сектордағы мал басын көбейту ісіне баса кө­ңіл бөлініп отырғандығын атап өтті. Бүгін­ге дейін 6 мың басқа арналған 10 заманауи сүт кешені, 10 мың басқа арналған 17 ірі қара мал бордақылау алаңы, 9 мың бас асыл тұқымды ірі қара ұсталатын 15 репродук­тор шаруашылық және ет бағытындағы 5 құс фабрикасы салынды. Өткен жылы облыс­та ет өндірісі – 45, сүт өндіру 9 пайызға артты. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша өткен жылы 4200 бас мал сатып алынды. Осы жұмыс арқылы малдың тұқымдық түрленуі жүзеге асырылуда. Инвестициялық жобалар агроөнеркәсіп кешенін қайта жаңғыртатын күш болып отыр. Өткен жылы облыс­та құны 9,7 миллиард теңге тұратын 28 ин­вес­тициялық жоба пайдалануға берілді, оның алтауы Индустрияландыру картасы шеңберінде іске асырылды. Ауылдарда 430 жаңа жұмыс орны ашылды. Агроөнеркәсіп кешенін, өнеркәсіп пен шағын және орта бизнесті өңірдің дамуын қамтамасыз ететін үш таған деуге болады. Облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов өнеркәсіпті айтқанда, Қостанай өңірі үшін енді шикізат өндіру емес, өңдеу, ұқсату саласын дамыту стратегиялық бағыт екеніне басымдық бере сөйледі. 2010 жылы өнеркәсіпті өңдеу секторының үлесі 29 пайызды құраса, бұл көрсеткіш өткен жылы 41,5 пайызға жетті. Оған машина жасау ісі жақсы ықпал жасайды. «Ssang Yong», «Пежо», «Chance» және «Ивеко» маркілі автомобильдер құрастыру өндірісі пайдалануға енгізілді. 2013 жылы 7 мыңнан астам автомобиль шығарылды, бұл бұрнағы жылғыға қарағанда шамамен 3 еседей көп. Өткен жылы NOMAD моделінің SsangYong автомобилін құрастыру жөнін­дегі жобаны іске қосу жүзеге асырылды. Бұл Қазақстан үшін бірінші отандық ав­то­мобильді құрастыру жөніндегі бірегей жоба. Былтырғы жылдың аяғына таман пайда­лануға берілген өндірістік қуаты 450 мың тонналық ұсақ сұрыпты прокат өндірісі зауыты назар аударарлық. Ол ағымдағы жылдың өзінде құны 25 миллиард теңгеден астам 200 мың тоннадай өнім шығаратын болады. Индустрияландыру картасын іске асыру кезеңінде барлығы құны 101,2 миллиард теңге болатын 69 нысан пайдалануға берілді. Оларда 4,3 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Соның ішінде 11 инвестициялық жоба өткен жылы жүзеге асып, нәтижесінде 844 жұмыс орны ашылды. Өткен жылы өңір экономикасына 180 миллиард теңгедей инвестиция берілді, соның 70 пайызы кәсіпорындардың өз қаражаты. Ал шағын және орта бизнес саласы бойынша «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 26,9 миллиард теңге болатын 90 жоба мақұлданды, олардың жүзеге асуына мемлекет тарапынан көмек берілді. Нәтижесінде олар өндірген тауарлар, жұмыстар, қызметтер көлемі 336-дан 385 миллиард теңгеге дейін өсті. Бұл облыс бойынша өндірістің жалпы көлемінің 26 пайызын құрайды. Алайда, облыста шағын және орта бизнесті дамытуда әркелкілік орын алып отыр. Мысалы, Қостанай қаласында 130 жоба, Қостанай ауданында 17 жоба жүзеге асса, Науырзым ауданында осы кезге дейін бірде-бір жоба қолға алынбаған. Әкім мұнан әрі сыртқы-ішкі сауда айналымы, салық түсімін күшейту, бюджетті нығайта түсу, егін шаруашылығын әртараптандыру, озық технологиямен өңделетін жер көлемін арттыру, жерді дұрыс пайдалану секілді көптеген мәселелерге тоқталды. Облыстағы әлеуметтік сала әңгіме болғанда әкім алдымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының, яғни қалада да, ауылда да адамдар тұрмысының маңызды мәселелерінің шешіміне тоқталды. Тұрмыстың жақсаруы елді мекендерді газдандыру, ауызсумен қамтамасыз ету және жолдарды жақсарту баспана мәселесіне тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда елді мекендерді газдандыру мен ауызсумен қамтамасыз етудің қарқыны күшті деп айта алмаймыз. Мысалы, ауызсумен қамтамасыз ететін «Ақ бұлақ» бағдарламасы шеңберінде 215,7 шақырым сумен жабдықтау желілері мен 16,7 шақырым су қашыртқы желілері салынған. Халықтың 78 пайызы орталықтандырылып сумен жабдықталған елді мекендерде тұрғанмен, мұндай желіге қосылу баяу өсуде. Өткен жылы ол 1,1 пайызға ғана өскен. 400-ге жуық ауылдар әлі құдықтар мен ұңғылардан су ішеді. Өткен жылы жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарын, сондай-ақ қалалардың, аудандар мен елді мекендер көшелерін қосқанда, барлығы 295,3 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Былтырғы есеп беруінде әкім «Қолжетімді тұрғын үй-2020 бағдарламасы бойынша 207 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызуды міндет етіп қойған еді, осы меже артығымен орындалып, 232 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді. Әкімге залдан қойылған балабақша, мектептерді жөндеу жұмыстары, жастардың баспанасы, жол қатынасы, ауыл емханаларын кадрмен қамтамасыз ету, электр энергиясының қымбаттығы мен тапшылығы, жабық спорт алаңдарының қажеттілігі секілді әр алуан сұрақтар есепті кездесуде айтылар әңгіменің мазмұнын толықтыра түсті. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы.