Биыл Орталық мемлекеттік архивтің құрылғанына 100 жыл толды. XVI-XXI ғасырлар тарихын қамтитын бір жарым миллионға жуық деректер қоры сақталған еліміздегі ең ірі мұрағат қорының мерейтойлық мерекесі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Іс-шара мұрағат қоры орналасқан ғимаратқа ескерткіш тақта орнату рәсімімен басталып, Абай атындағы Опера және балет театрында салтанатты шараға ұласты.
Архив мамандары үшін айтулы мерекеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылды. «100 жылдық тарихында Орталық мемлекеттік архив әлемдегі ең ірі архивтердің біріне айналды, ол ең бай және қайталанбас тарихи құжаттарды біріктіре алды, өзіндік даму жолы мен ішкі дәстүрін қалыптастырды. Осы орайда архив қызметкерлерінің баға жетпес үлесі мен еңбегі лайықты бағалануға тиіс. Бұл бағытта министрлік бірқатар жұмыс атқарды. Қазақстан Рес- публикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай алғаш рет 100-ден астам архив қызметкері «Архив саласының үздігі» ведомстволық наградасына ие болды. Сондай-ақ 22 желтоқсанда алғаш рет кәсіби мереке «Архивші күнін» атап өтеміз», делінген құттықтауда.
Салтанатты шара барысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мұрағат мамандарын осы айтулы күнмен құттықтап, «Кез келген мемлекет үшін архив қызметінің стратегиялық маңызы бар. Ақпараттық технологияларды дамыту нәтижесінде бүгінгі таңда архив көздері ұлттық ресурстардың бірі және ұлттық бірегейлікті тәрбиелеудің маңызды көзі екені анық. Сондай-ақ тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтудің негізгі тұжырымдамасы жыл басында жарық көрген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында жан-жақты атап көрсетілді. Осы орайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев архив саласы туралы: «Архив – қағаз қоймасы емес, нәр беруші кәусар бұлақ», деп атап өткен болатын. Сондықтан да бұл айтулы мереке – барша халқымыздың мерекесі», деді министр. Осы орайда ведомство басшысы бірқатар архив саласының қызметкерін «Архив саласының үздігі» төсбелгісімен және «Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік архивіне-100 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады.
Бүтіндей бір халықтың өткенін құжаттық деректермен жинақтап, ұлттың қазынасы ретінде сақтап отырған тарихи шежіре қоймасының өткені мен бүгіні жайында айтып өткен Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов: «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Ұлттық архивтің 100 жылдығын қатар атап өту еліміз тарихындағы айтулы мереке ғана емес, оның келешек ұрпақ үшін рухани құндылығы жоғары», деп атап өтсе, Орталық мемлекеттік архив директоры Сәбит Шілдебай: «Мемлекеттілігіміздің құжаттық негізі болып табылатын архив құжаттарды сақтап, ғылыми еңбектерді жариялап қана қоймай, болашақта ғылыми орталыққа айналуы керек. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз», деп атап өтті. Ал мұнда сақталған құжаттар тарихи санасы қалыптасқан, бойында ұлттық идеясы бар азаматтар үшін аса құнды.
Мерейтойлық іс-шара барысында шетелдерден алынған архив құжаттарының көшірмелерінен даярланған «Жауһар жәдігерлер» көрмесі мен архивтің 100 жылдық мерейтойына орай жарыққа шыққан ғылыми жинақтар таныстырылды.
АЛМАТЫ