«Жас қазақ»! Ән өнерінің жауһары саналатын бұл туындының даңқы ел ішінде қаншалықты мәшһүр болса, туу тарихы соншалықты мұңды. Ал майдан даласынан халық ортасына жету тағдыры жүрек тебірентерлік.
«Жас қазақ» – композитор Рамазан Елебаевтың Кеңес Одағының Батыры, жау тылында асқан ерлікпен қаза тапқан майдандас серігі Төлеген Тоқтаровқа қойған мәңгілік ескерткіші.
...1942 жылы ақпан айының ішінде Бородино қыстағында кескілескен соғыс жүріп жатты. Жау әскері алты рет қайта-қайта шабуылға шығады. Аса ауыр өткен алты шабуылдың бесеуін көптеген шығынмен тойтарып, енді соңғы қиян-кескі ұрыстың ортасына түскенде жалындап тұрған жас батыр Төлегенге зеңбіректің жарықшағы тиіп, ауыр жараланады. Енді қайтып өмір қызығын көре алмайтынын білген Төлеген жарық дүниемен қоштасу ниетімен көзін ашып, жан-жағына қарайды. Дәл сол кезде немістің жаралы офицері біреуді атқалы жатқанын көреді. Төлеген ақтық демін жиып, немісті жоюға бет алады. Жарылған ішін сол қолымен басып алып, ең соңғы күшін жинап, жауға жолбарысша бір-ақ атылады. Мылтықтың дүмімен басынан ұрып немісті өлтіреді де, өзі де сол жерде көз жұмады.
Майдан даласында жүрген композитор Рамазан Елебаевқа жас батырдың өлімі қатты әсер етеді. Ішін кернеген қайғы мен өкініш арада біраз уақыт өткенде сыртқа ән болып шығады. Алғашында «Жас қабірдің басында» деп аталған туынды атауы кейін әнші Жүсіпбек Елебеков пен жазушы Ғабиден Мұстафиннің ұсынысымен «Жас қазақ» болып өзгереді. Сол атпен ел арасына таралып, танылады.
Бұл туралы кезінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі – Жүсіпбек Елебековтің жары, ғасыр жасаған ғибратты ғұмыр иесі Хабиба Елебекованың аузынан оқиғаны қаз-қалпында жазып алу мүмкіндігі туған еді. «Жас қазақ» жайлы актриса былай деген еді сонда:
«Сұрапыл ажал сағатын төндіріп тұрған майдан шебін көзімен көрген Жүсіпбек ғаламат қиыншылықтарды өз басынан өткізгендей сезінетін. 1942 жылдың қарашасынан бастап 1943 жылдың қаңтарының аяғына дейін үш ай бойы жауынгерлерге берген концерті саналы ғұмырының мағыналы бөлшегіндей болғаны рас. Майданнан елге жүргелі тұрғанда, аяғында шаңғы, арқасында аккордеон, өне бойын тер жауып кеткен Рамазан Елебаев ентігін баса алмай: «Үлгердім-ау әйтеуір, Жүсаға, үйрене көріңіз. Осы әнімді елге жеткізіңіз! Ел есінде қаларлықтай артымда ескерткіш болып осы ән қалса арманым жоқ!» деп әлі сиясы да кеуіп үлгермеген әйгілі әнін Жүсекеңнің қолына табыстап, аманаттайды. Сөйтіп, Жүсекең өзімен бірге майдан даласынан «Жас қазақты» да ала келген еді», деп еске алады актриса.
Әнді алып, аманат жүгін арқалаған әнші қайтар жолда отарбада өзімен бірге келе жатқан жазушы ағасы Ғабиден Мұстафинге қолқалап отырып әлгі әнге сөз жазғызады. Майдан даласындағы күйді көзбен көріп, ішпен де сезініп келген қаламгер аз ғана ойланып отырып:
...Қар жамылған кең дала
қанға бөгіп,
Гүрілдейді сұм аспан өлім төгіп.
Жас қазақ,
Мұрттай ұшты уралап.
Алтын шапақ, ақ иек атқанда таң,
Қалғанынша денеде бір қасық қан.
Жас қазақ,
Жатты жауын жаныштап.
Сол бетінде жан берді ол,
тұрмады,
Ары үшін елінің боп құрбаны.
Жас қазақ,
Бәрің соған ұқсап бақ!
деген өлең жолдарын төгіп-төгіп жібереді. Сөз әуенге құйып қойғандай бірден үйлесе кетеді.
«Рамазанға берген уәдем ақталса, от кешіп жүрген асыл азаматтың алдында борышымды өтегенім» деп өзіне өзі серт берген Жүсіпбек Елебеков елге келген соң әнді алғаш рет өзі орындап, көпшілікке таныстырады. Есті әншінің орындауындағы «Жас қазақ» халықтың жүргенінен бірден орын алады. Ел арасында ауыздан ауызға өтіп, тез таралады.
Жүсіпбек Елебеков соғыс даласынан әкелген бұл батырлық ән шын мәнінде өнерге қосылған жаңалық болды. Өйткені «Жас қазақ» бүкіл майдан көрінісін суреттеген, соғыс даласында қыршыннан қиылған боздақтардың арманын жеткізген жауынгер сәлемдемесі еді.
Поэзияда жыр жолбарысы Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім!» деген өлеңі майдандағы жауынгерлерге рухани күш беріп, жауға шабуыл жасарда алдына ұстаған жалаудай әсер етсе, «Жас қазақ» әні де арттағы елге солай әсер етті. Ел жүрегін тербетер зарлы үнмен қоса, бойына күш, қуат беріп, жауға деген өшпенділік өрши түсті. «Жас қазақ» әні өзінің ызалы, зарлы, кекті, қажырлы күшімен сол уақытта шын мәнінде бүкіл қазақ даласының, бейібіт күнді аңсаған жалынды жастардың айбынды әнұранындай еді.
Алайда... алайда ең өкініштісі, «Жас қазағын» ерекше аманаттаған жалынды жас Рамазан әнін үлкен сахнадан бір тыңдап үлгермеген күйі майдан даласында қыршыннан қиылып, үзіліп кете барды...