• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Ақпан, 2014

Үлкен істер үдесі

254 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-тың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев баспасөз мәслихатын өткізді. Ол өткен жылғы жұмыстардың қорытындылары туралы баяндап, қордың алға қойған мақсаттары жөнінде әңгімеледі. «Самұрық-Қазына» қоры елі­міз­дің ең үлкен компания­сы. Мұнда мемлекетіміздің стратегиялық маңызы бар барлық активтері шоғырландырылған. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарымен мүмкіндігінше жиі-жиі баспасөз мәслихаттарын өткізіп, қордағы жағдаймен халықты хабардар етіп отыру негізгі міндетіміздің бірі. Ал енді қордың қазіргі қаржылық жағдайына тоқталсам, дәл бүгін оның активтері 14 трлн. 543 млрд. теңгені құрайды. Қорда 340 мың­нан астам адам еңбек етеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша таза пайдасы 641,2 млрд. тең­геге шықты. Қор жылына 4 трлн. теңгеден астам тауарлар мен қыз­меттерді сатып алады. Осының 70 пайыздан астамы отандық өнім өндірушілердің үлесіне тиеді, деді басқарма төрағасы. «Эйр Қа­зақстан» жаңа әуе компаниясы келер жылы жұмысын бастайды екен. «Біз мамыр айына дейін компанияны тіркеп, опе­ратор тартуымыз қажет. Ал жыл соңына дейін ұшақтар сатып ала­мыз. Бұйыртса, келесі жылдың басынан әуе компаниясы ашылады деп жоспарлап отырмыз», деді Ө.Шөкеев. Бүгінде әуе компанияларына қауіпсіздік талаптар күшейтіліп отырғанына қатысты да өз пікірін білдірді. «Елімізде бұл салада монополия болмауы тиіс. Сол себепті Президент тапсырмасы бойынша екінші отандық әуе компаниясын ашуды жөн санадық. Жоспар бойынша осы жылы 10 ұшақ жеткізіледі. Олар облысаралық әуе желілерінде қызмет етеді. Екі әуе компаниясы әріптестік қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Біз екеуіне де акционерміз, олардың мүд­делерін өзіміз үйлестіріп оты­руға әрекет етеміз. Десек те, бұл салада бәсекелестік болуы тиіс деп ойлаймыз», деді қор жетекшісі. Елдегі бірқатар банктердің қыз­меті де әңгіме арқауына айнал­ды. Дағдарыс кезінде екінші дең­гей­лі бес банктің капиталына құйыл­ған қаржының 200 млрд. тең­ге­ден астамы қайтарылыпты. «Қор «Альянс Банк», «Темірбанк» және «БТА Банк» АҚ-тың капита­лы­нан шығып жатыр. Бүгінде олар жекешелендірілді. Соңғы құжаттар әзірленіп, қол қойылуда. Өте сәт­ті болған операция деп айта ала­мын. Өйткені, экономикада жеке­меншік басқару мемлекеттік бас­қарудан тиімді болып саналады», деді Ө.Шөкеев. Басқарма төра­ғасы кезінде Ұлттық қордан банк­тердің капиталына 332 млрд. теңге құйылғанын да назардан тыс қалдырмады. «Бес банк – «Альянс Банк», «Темірбанк», «БТА Банк», «Қазкоммерцбанк» және «Халық Банкі» АҚ-тың капиталына қаржы құйылды. Соңғысына бөлінген қаржы толығымен қайтарылды. Үш банктен қайтарылған ақша қазір 200 млрд. теңгеден асты. «Қаз­ком­мерцбанкте» қалған үлесімізді сат­қан кезде қалған қаражат қай­та­рылады, деді бұл жөнінде Ө.Шөкеев. Сала басшысы Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмалары туралы да айтты. «Бірінші, қордың бүкіл қызметкерлерінің айлық жалақысы сәуірден бастап 10 пайыз өсірілді. Бұған 47 млрд. теңге бөлінді. Екінші, кәсіпорындарды жекешелендіру ісі. Ол жұмыстар атқарылып жатыр. Үшінші, мүгедек жандарға жұмыс беру шарасы. Біздің жүргізген зерт­теулерге қарасақ, қорда 1092 мүм­кіндігі шектеулі жандар қызмет ете­ді екен. Бұйыртса, биыл бұл көр­сет­кішті екі есеге өсіреміз деген ниет, жоспарымыз бар», деп қоры­тындылады сөзін Ө.Шөкеев. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».