«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин Қытайға жұмыс сапарында Ляньюньган қалалық компартиясы Халық үкіметінің хатшысы Ли Цьян мен Басқарма төрағасы-Ляньюньган портының президенті Бай Лицунь мырзалармен кездесті. Кездесу барысында транзит пен логистика жайы талқыланды. Басқосуға Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Ермекбаев қатысты.
«Болашақта Қазақстан теңізге шығу мүмкіндігі бар елдерде логистикалық орталықтар құруды инвестициялауды бастайды», деген еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында. ҚТЖ-ның Қытайдың ірі порты Ляньюньганда логистикалық терминал құрылысына кірісуі – осы тапсырмаға іспен жауап беруінің нақты көрінісі.
Өткен жылы қыркүйекте ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары аясында «Қазақстан темір жолы» президенті мен Ляньюньган қалалық компартиясы Халық үкіметінің хатшысымен терминал құрылысының жобасы жөнінде келісімге қол қойған болатын. ҚТЖ-дағы тасымалдау үдерісіндегі инновациялық жаңалықтар өткен жылы ел аумағы арқылы тәулігіне 900 шақырымдық халықаралық контейнерлік пойызды өткізуге мүмкіндік берді. Қазақстан мен Қытайдың ірі портының арасындағы логистикалық тізбек құруы жүк жөнелтушілерге үлкен жеңілдік жасайды.
Басқосу барысында тараптар «Ляньюнган портындағы логистикалық терминалдың құрылысы» бірлескен жобасын талқылады. Үстіміздегі жылы тараптар Ляньюнган портындағы Қазақстан-Қытай терминалы құрылысының негізгі бөлігін іске қосуды жоспарлап отыр. Ол арқылы Оңтүстік Шығыс Азия елдерінен экспорттық және транзиттік жүк айналымын өсіруге мүмкіндік ашылады. 2015 жылы осы бағдардағы транзиттік және экспорттық контейнерлік тасымалдау көлемі 250 мың 20 футтық эквивалент болса, 2020 жылдары екі есеге артып, тасымал толастамай үдей түседі.
Сапар барысында «KTZ Express» АҚ мен «Ляньюнган порты» ААҚ арасында бірлескен кәсіпорын құрудың құрылтайшылық келісімі мен жарғысына қол қойылды.
«Егемен-ақпарат».