Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата депутаттары биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасы тауар биржалары қызметінің талаптарын және ашықтығын арттыруға, биржалық сауданы дамыту үшін бәсекелі орта мен жағдайлар жасауға, сондай-ақ биржалық сауда көлемін ұлғайтуға бағытталған. Аталған құжат жөнінде Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов баяндама жасады. «Құжат тауар биржаларының қызметін реттеуді заңнамалық жетілдіру бойынша Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 46-тармағын орындау үшін әзірленді. Заң жобасында заңнамалық базаны халықаралық талаптар мен стандарттарға сәйкес келтіру, сондай-ақ биржалық сауданы дамыту бойынша толықтырулар кешені көзделген. Оларды іске асыру орнықты және бәсекеге қабілетті отандық биржалық саланы қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ұсынылып отырған заң жобасының негізгі бөлімдеріне тоқталып кетейін. Қазіргі уақытта Қазақстанда 19 тауар биржасы лицензияланған. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес биржалық келісімдердің саны 2009 жылы 1 119-дан 2020 жылы 48 000 келісімге дейін, яғни 50 есеге өсті. Бұл ретте, жетекші үш тауар биржасының («Астана», ЕТС, «Каспи» биржалары) биржалық сауда-саттық көлемі 2020 жылы 291,2 млрд теңгені, яғни барлық сауда-саттық көлемінің 30 пайызын құрады. Тұрақты биржалық саланы қалыптастыру мақсатында заң жобасында тауар биржаларының екі деңгейлі жүйесін енгізу ұсынылады», деді Б.Сұлтанов.
Ведомство басшысының айтуынша, бірінші деңгей сауда-саттықты биржалық тауарлармен жүзеге асыратын тауар биржалары үшін жарғылық капиталды 700 мың еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту көзделген. Екінші деңгей стандартталмаған тауарлармен ғана сауда-саттықты жүзеге асыратын тауар биржалары үшін талаптар бұрынғы деңгейде қалады. Яғни жарғылық капиталдың ең аз мөлшері 300 мың еселенген айлық есептік көрсеткішті құрайды. «Биржалардың түрлі тармаққа бөлінуі биржалық сауданы жетілдіруге және дамытуға серпін береді. Яғни тек стандартталмаған тауарлармен сауда-саттықты жүзеге асыратын биржалар басқа қатысушылармен шоғырланып, қызметтер спектрін кеңейтіп, олардың сапасын жақсарту және көлемін ұлғайту арқылы өз потенциалын арттыруға тырысады. Қазіргі уақытта тауар биржалары брокерлер мен дилерлерді аккредиттеуді, сондай-ақ сатып алушылар мен сатушылардың бір биржадан екіншісіне ауысуын қиындататын әртүрлі талаппен өздерінің ішкі биржалық сауда ережелерін белгілейді. Бәсекелестікті және тауар биржасына тең қолжетімділікті арттыру мақсатында заң жобасында биржалық сауданың Бірыңғай қағидаларын бекіту көзделген. Сондай-ақ онда брокерлер мен дилерлер үшін дискриминациялық шарттар мен ережелерді алып тастау жөніндегі нормалар, сатып алушылар мен сатушылар үшін сауда шарттары мен рәсімдерін ауыстырмастан биржаны еркін өзгерту мүмкіндігі қарастырылған», деді Б.Сұлтанов.
Осылайша, Бірыңғай қағидалармен оларға жекелеген талаптар қоя отырып, тауарлар мен сауда-саттықты секциялар бойынша бөлу белгіленеді. Сонымен қатар заң жобасында тауар биржасына брокерлердің жасалған келісімдерінің көлеміне қарай сараланған биржалық алым белгілеу құқығы көзделген. Енгізілетін норма тұрақты сауда жүргізетін сатушылар мен сатып алушыларға биржалық алым ставкаларына жеңілдік алуға мүмкіндік береді. Бұл олардың биржалық сауда көлемін ұлғайтуға мүдделілігін арттырады. «Биржа сауданың маңызды экожүйесі болып саналады. Оның негізгі факторы биржалық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген сенімділік болып отыр. Қолданыстағы тетіктер биржалық саудадағы жеткізушілердің жауапкершілігін көздемейді. Бүгін кепілдік әрі сақтандыру қорлары тауар биржасының және осы тауар биржасында аккредиттелген брокерлердің қаржы ресурстарынан қалыптастырылады. Сондықтан осы заң жобасы аясында биржадағы келісімдерді сақтандыруды енгізу мүмкіндігі қарастырылды. Бұл стандартты және қосарланған қарсы аукцион режімдерінде іске асырылады», деді Сауда және интеграция министрі.
Министрдің айтуынша, келісімдердің жасалуын және шарттардың орындалуын сақтандыру құралын енгізу барлық қатысушының тәуекелдерін азайтады, олардың жауапкершілік деңгейін әрі биржалық сауданың тартымдылығын арттырады. «Сондай-ақ заң жобасында министрлікке ең төменгі қаржылық тұрақтылықтың шегін белгілеу бойынша құзырет беру ұсынылады. Ұсынылған құрал новелла емес. Бұл практика шетелдерде, мәселен, АҚШ, Ұлыбритания, Алмания, Сингапурда, сондай-ақ мемлекеттік сатып алудың ұлттық жүйесінде қолданылады. Бұл шара өткізілетін сауда-саттықтардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді, келісімдер қауіпсіздігінің қосымша құралы болып саналады, потенциалы дәрменсіз өнім берушілер шегеріледі, сондай-ақ биржалық саудаға қатысуға мүдделі тұлғалардың «көлеңкеден» шығуын ынталандырады», деді ведомство басшысы.
Құжатты талқылау барысында депутаттар бірқатар заңнамалық нормаға, атап айтқанда Сауда және интеграция министрлігінің сауда-саттыққа қатысушылардан биржалық алымның ең төменгі мөлшерін шектеу құқығын көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе көтерді. Депутаттардың пікірінше, бұл норма биржалардың кәсіпкер – клиенттеріне теріс әсер етуі мүмкін. Осыған сай отырыста Н.Нығматулин депутаттардың ұсынысын қолдап, егер заң жобасы Үкімет редакциясында қабылданса, баға сұраныс пен ұсыныспен реттелетін кезде бәсекелестіктің негізгі қағидасы бұзылатынын атап өтті.
Палата Спикері атап өткендей, биржалық алым мөлшеріне қатысты демпинг түріндегі биржалардың жауапкершіліктен тыс әрекеттеріне келетін болсақ, онда бұл жерде заң жобасында көрсетілген басқа да тәсілдер жеткілікті.
Сонымен қатар отырыста Нұрлан Нығматулин депутаттарға «көміртегі бірліктерін» сату үшін арнайы биржалардың жеке түрін бөлу туралы ұсыныс айтып, осы жылдың басында Экологиялық кодекс қабылданғанын, онда көміртегі бірліктерін сату мүмкіндігі қарастырылғанын айтты.
Бүгінде барлық ел шамадан тыс шығарындылармен белсенді күрес жүргізе бастады. Н.Нығматулиннің айтуынша, осыған байланысты бізде де өнеркәсіп кәсіпорындарына «тегін» квоталар кезең-кезеңімен қысқаратын болады. Квотадан тыс барлық шығарынды үшін кәсіпорындар төлемек. Яғни олар жаңа төмен көміртекті технологиялар үшін ақы төлеуді немесе қосымша квоталар сатып алуды таңдауы керек. Осы ретте, Мәжіліс Төрағасы «көміртегі бірліктері» саудасы бойынша мамандандырылған биржалар құрып, әлемдік тәжірибені ұстану керектігіне назар аударды.
Н.Нығматулиннің пікірінше, мұндай тәсіл болашақта біздің биржалық қатысушыларға халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік береді. Осыған сәйкес Палата Төрағасы аталған заң жобасы бойынша жұмыс тобына жауапты министрлікпен бірге екінші оқылымға дейін өзгертулер енгізіп, қажет болған жағдайда нормаларды Экологиялық кодекспен сәйкестендіруді ұсынды.
Жалпы, отырыс барысында депутаттар заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерінің стандартты үлгілерін жасау және қолдану жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады. Келісім сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және ынтымақтастықтың өзге салаларындағы техникалық кедергілерді жоюға, сондай-ақ мемлекеттердің заттар мен материалдардың стандартты үлгілеріне қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Құжат осы Келісімге қатысушы мемлекеттерде қосымша сынақтар жүргізбестен, ұлттық және мемлекетаралық стандартты үлгілерді жасау мен қолдануды, сондай-ақ мемлекетаралық стандартты үлгілерді қолдануды көздейді.
Отырыста Палата депутаттары кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу және бюджет заңнамасын жетiлдiру мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.