Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігімізді нығайтып, ел тұтастығын сақтап, отбасылық құндылықтарды қолдап, ұлттық мәдениетімізді насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қою арқылы жасампаз ел болатынымызды атап көрсете отырып, халыққа «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығын ұсынғаны белгілі. Бүгінде осы қағидаттар жиынтығын қоғам жылы қабылдап отыр. Осы орайда көптеген отандасымыз редакциямызға аталған «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттарына қатысты ыстық ықыласын білдіре келіп, өз ой-пікірлерін жолдауда.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің отырысында «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығын ұсынды. Бұл қағидаттарда бірінші құндылық ретінде Тәуелсіздік айтылады. Шынымен, сан ғасыр бойы халқымыз елінің азаттығын, бостандығын аңсап келді. Осыдан отыз жыл бұрын осы ұлы арман шындыққа айналып, Егемен еліміздің уығы қадалып, шаңырағы көтерілді. Күн мен қыран, аспан бейнесіндегі көк Туымыз көкте самғады. Елбасы осы сындарлы сәттерде өзі бастамашы болып, Тәуелсіз елдің ертеңі мен халқының үмітін ақтау жолында аянбай еңбек етті. Отыз жылдағы табыстарымыз – біз үшін мақтаныш. Кешегі қиын-қыстау кезде ел басшысы, оның халқы тізе қоса отырып, еңселі мемлекет құрды. Енді біз осы мемлекеттің отыз жылдық мерейлі сәтінде өткен жылдардағы табыстарымызды ертеңгі дамуымыздың бастауы деп ұғынғанымыз абзал. Әр қазақстандық үшін Тәуелсіз еліміздің өркендеуі, өзге мемлекеттермен иық тіресе отырып, ертеңгі болашаққа қадам басуы маңызды болмақ. Елбасы айтқандай, «Тәуелсіздікті нығайту – экономиканы нығайтудың негізі». «Жеті тұғырдағы» алғашқы құндылық деп аталған Тәуелсіздік ұғымы – біздің мәңгілік құндылықтарымыздың бірі.
Ал «Елдіктің жеті тұғырында» «Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры» делінген. Бұл да – біздің қазіргі қоғам үшін айтылуға тиісті сөздің бірі. Әрине, бірлігі болмаған елдің дамуы да, экономикасы да, ішкі ынтымағы да кері кетеді. Елбасының сарабдал саясаты осы құндылықты басты назарда ұстап келеді. Дүниежүзіндегі дамыған елдердің тәжірибесіне көз салсақ, бәрі де ішкі ынтымақты алдыңғы орынға қойған. Осы ұстаным олардың күн санап дамуына, елдік пен ынтымақтың алтын шежіресін жазуында маңызды рөл ойнады. Ұзақ болашақты көздеген Елбасы осы тұрғыдан мемлекетіміздің мәңгілік ел болуындағы дара жолына береке-бірлік арқылы жетуге үндеп отыр. Бұл – біз үшін дер кезінде айтылған ой-толғам.
Келесі құндылық – жер туралы. Елбасы бұл жөнінде «Жерден қасиетті ешнәрсе жоқ» деп ашық айтты. Бұл әрбір ашық ойлы қазақстандықтың санасына терең ұялайтын сөз болуға тиіс. Біздің бабаларымыз «ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» қорғап, ұрпақтарына аманаттаған қасиетті жерімізді қорғау, оны келесі ұрпаққа табыстау да – біз үшін үлкен жауапкершілік. Егемен еліміздегі әр жас салмақпен ойлайтын мәселенің бірі де – осы жер мәселесі. Елбасы біздің еліміздің шекарасын шегендеп, көршілермен басын ашып, құжат жүзінде бекітті. Бұл да – Тәуелсіз еліміздің отыз жылындағы маңызды табыстардың бірі де бірегейі.
Отбасы, ата-баба дәстүрі де – осы үндеудің ішіндегі ең түйінді мәселе. Қоғамдағы әр отбасы алдымен отбасын, сосын Отанына деген сүйіспеншілігін тереңдету үшін өзін дамыту керек деп ойлаймын. Отбасы тыныш адамның Отанға деген махаббаты да шексіз. Қазақ халқының далалық мәдениетіндегі отбасы тәрбиесінің ғылыми негізді тұстары өте көп. Оны бүгінгі қоғамдық жағдайлармен бірлестіре отырып, саналы ұрпақ тәрбиелеуге атсалысуымыз керек.
Ал мәдениет туралы көп айтуға болады. Жаһандағы халықтардың көбі мәдениет пен өркениетке көңіл бөлуді басты мәселе ретінде қарайды. ХХІ ғасырдағы біз үшін мәдениет ауадай қажет. Қазақтың ұлттық мәдениеті ешкімнен кем емес. Оның қайнары кешегі ата-бабалар жасаған еркін заман, тынысты қоғам. Біз солардың асыл мәдениетін жалғастырушыларымыз. Ендігі ұрпақ үшін мәдениетті болу – заманға сай тұлға болудың, білімді адам болудың алғышарты.
Білім туралы да Елбасы өз ойын хәкім Абайдың даналығымен жеткізді. Біз қазіргідей ғылым мен техника, білім қарыштап дамыған заманда жасап отырмыз. «Білегі жуан бірді жығады, білімі жуан мыңды жығады» деп дана халқымыз айтқандай, білім әрқашан қарудың ең озығы болған. Біздің ұлтымыздың тарихындағы данышпандар, ел тұтқасын ұстаған тұлғалар заманға сай білім алып, оны елінің, жерінің қажетіне жұмсаған. Ендігі өскелең ұрпақтың да өзіне, ұлтына деген жауапкершілігі білімді болудан басталады.
Бәсекеге қабілеттілік көркею жолына нықтап кіріскен Қазақстан үшін аса маңызды. Жер шарында жасап жатқан елдердің бәрі заманауи бәсекелікке сай жұмыстар атқарып, өз елінің дамуына мүмкіндіктер қарастырды. Бұл тәжірибелер бізге үлгі болуы тиіс. Мемлекет үшін де, жеке тұлға үшін де бәсекеге қабілетті болудың пайдасы зор. Сынақтан кейін әрине жеңіс күтіп тұрады. Елбасы өз үндеуінде осы күлтелі мәселелерді елдің игілігі үшін, еліміз бен жеріміздің алға қадам тастауы үшін айтқанын анық түсінеміз. Үндеуге негіз болған «Елдіктің жеті тұғыры» ел болашағына арналған ой-толғамдар екені даусыз.
Мақпал ТӘЖМАҒАМБЕТОВА,
Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі