Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыс атқарылды. Еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылды. Бірақ бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжат, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Сондықтан ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағат дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив-2025» жетіжылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын», деген болатын.
Құнды кітаптар қоры толықты
Осы орайда, Елбасы тапсырмасы негізінде 2017 жылы елорда төрінде Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы құрылған еді. Бұл орталықтың негізгі қызметі – Отанымыздағы және шетелдердегі Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты қолжазбалар мен сирек кітаптар және құжаттардың көшірмелерін жинау, сақтау, оларды қалпына келтіру, арнайы зерттеу арқылы ғылыми айналымға енгізу, қажет еткен жағдайда көпшілік ортаға ұсыну болатын.
Жоғарыда атап өтілген мақсат-мұрат үрдісін қанағаттандыру һәм орталықтың мұрағат қорын толықтыру мақсатында бұрынғы Құжаттану және архив ісі жөніндегі ғылыми техникалық ақпараттық орталықтың бай қоры жаңадан құрылған Ұлттық орталықтың қазынасына айналса, Ұлттық академиялық кітапхана қорынан да сирек кітаптар алыныпты. Бүгінде орталық қорында – еліміздің тарихы мен мәдениетіне қатысты тың деректерге толы 10 мыңнан астам мұра жинақталса, бұлардың 300-ден астамы араб, парсы, түркі тілдеріндегі қолжазбалар мен сирек кітаптар екен.
Осылардың ішіндегі ең көнесі – Қожа Ахмет Ясауидің араб тілінде жазылған «Диуани хикмет» қолжазбасы және Махмұт Қашқаридің «Диуани луғат ат-түрік» кітабы. Сонымен қатар ортағасырлық ақын-ғұламалар Ниджами мен Бедилдің қолжазба өлеңдері, түркі халықтарының ежелгі шежіресін жазған ғұлама-тарихшы Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресі», 1928 жылы Ташкентте басылған Алтын Орда тарихына қатысты «Шайбани хан дастаны», Шәкәрім Құдайбердіұлының 1924 жылы Семейде жарық көрген А.С.Пушкиннен аударған «Дубровский әңгімесі», оның сыртында ХІХ-ХХ ғасырларға тән Құран, Ислам ақидалары, фикх мәселелері, хадистер, хикмет сөздер мен тарих, әдебиет, география, этнография, логика саласын қамтитын қолжазбалар мен сирек кітаптар бар.
Кеңес дәуірін қамтитын 1929-1940 жылдар аралығында латын графикасымен жарық көрген кітаптар, физика, математика, химия, геометрия секілді мектеп оқулықтары, 1912-1929 жылдар аралығында төте жазумен басылған қазақ және орыс классиктерінің еңбектері, қазақ оқымыстылары – Ш.Уәлиханов, Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынұлы, Ы.Алтынсарин, Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Тынышбаев, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, т.б. ағартушылардың еңбектері, орыс және шетел ғалымдары А.Левшин, Г.Потанин, Г.Миллер, Н.Рычков, В.Радлов, В.Бартольд, т.б зерттеулері, әл-Фарабидің әр жылдары баспадан шыққан кітаптары, Абай Құнанбайұлының шығармалары, Петр І мен Екатерина ІІ кезінде жазылған Ресей империясы заңдар жинағының 600-ге жуық данасы сақталуда. Бұл құжаттар қазіргі кезде заң және құқық саласын зерттеушілердің үлкен қызығушылығын тудыруда.
Сондай-ақ 1890 жылдан басталатын Ақмола, Торғай, Сырдария, Орал, Семей облысы, Жетісу өңірі бойынша ауыл шаруашылығы, демография, мал шаруашылығы, т.б. саланы қамтитын мәліметтер жинағы сирек кітаптар қорын толықтырса, төте жазумен жазылып, әлі зерттелмеген энциклопедиялық еңбектер де баршылық. Бұл жерден латын, қытай, орыс тілінде шыққан оқулықтарды да табуға болады. Сирек кездесетін кітаптың алты мың жарымы негізгі залда орналасса, қалған үш мың жарымы қоймада тұр. Ондағы қолжазбалар жеке-жеке қапталып, стандартқа сай сақталған. Кейбір деректердің электронды варианты да жасалған. Бір кемшін тұсы – бұл мұраларға цифрландыру әлі жасалмапты.
Шетте жатқан шедеврлер
Сөз басында айтап өткеніміздей, Ұлттық орталық Елбасы тарапынан тапсырылған «Архив-2025» бағдарламасын толығымен жүзеге асыру үшін шекарадан тыс жерлерде жатқан еліміз тарихына қатысты құжаттарды зерттеп, жинаумен тыңғылықты шұғылдануда. Осы мақсатта – араб және парсытанушы ғалымдар тобын құрып, жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде, халықаралық деңгейде ғылыми-мәдени бағытта: Сауд Арабиясы Корольдігіндегі орыс-араб зерттеулері ақпарат қорымен, Ыстанбұл қаласында орналасқан Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері, мәдениетін зерттеу орталығымен, Мешхад қаласындағы Астан Кудс Разави кітапханалар, музейлер, құжаттар орталығы ұйымымен, Өзбекстан Республикасы Әл-Бируни атындағы Шығыстану институтымен, Халықаралық Ислам академиясымен, Армения Республикасының Месроп Мештоц атындағы «Матенадаран» көне қолжазбалар ғылыми-зерттеу институтымен ынтымақтастық байланыс орнатылыпты.
Нәтижесінде, шетел мұрағаттарында сақталған сирек мұралардың бірқатар тізімдемесі жасақталып, оларға түсініктеме, аңдатпа аннотациясы әзірленіпті. Атап айтқанда, Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» дастаны ХІ ғ. (Әл-Беруни атындағы Шығыстану институты мен Вена Ұлттық кітапханасы), Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» кітабы ХІІ ғ. (Санкт-Петербург Шығыстану институты), Насреддин ибн Бурханаддин Рабғузидің «Қысас ул-әнбия» кітабы ХІV ғ. (Санкт-Петербург Шығыстану институты), Құтыбтың «Хұсрау Шырын» дастаны ХІV ғ. (Париждің Ұлттық кітапханасында сақтаулы), Қадырғали Жалайридің «Жамиат-тауарих» жинағы («Жылнамалар жинағы») ХVІІ ғ. (Санкт-Петербург университеті кітапханасы) және т.б құнды туындылардың көшірме-факсимилесі әкелініп, олар көпшілік көзайымына айналды.
Оның сыртында, Түркиядағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының қызметкері, профессор Ә.Мүминовпен бірлескен жоба негізінде Түркия елінен мұсылман әлемінің үшінші халифасы хазірет Османның кезінде жазылған Құранның көшірмесі әкелінсе, Сауд Арабиясы орталыққа 500 мың кітап жинақталған хард диск тарту етіпті.
Жоғарыдағы құнды жазба деректердің мазмұнын талдап, жан-жақты сипаттама жасау үшін бірқатар ғылыми-практикалық жұмыс атқарылып, араб және парсы тілі мамандарының атсалысуымен қордағы 300-ден аса араб, парсы, көне түркі тілдеріндегі қолжазбалар мен сирек кітаптарға ғылыми аннотация беріліп, нәтижесінде «Книжное собрание Национального центра рукописей и редких книг» атты ғылыми каталог дайындалғаны құптарлық. «Алдағы уақытта қолжазбалар және сирек кітаптарды қолдану және зерттеу бойынша әдістемелік жасау, жүйелеу және классификациялау бойынша әдістемелік материалдар әзірлеуді жоспарлап отырмыз», дейді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы директорының орынбасары Қайыржан Күзембаев мырза.
Реставрациялау ісі жолға қойылды
Қандай да бір көне мұра қорын сақтаушы мекеме ішінде реставрациялау жұмысы жүргізілуге тиіс. Бұл – өте қажеттілік. Осы орайда, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы ішінде жинақталған көне мұраларды мұртын бұзбай сақтау үшін арнайы «Реставрация зертханасы» жұмыс істеп тұр. Бұл зертханада көне қолжазбалар мен сирек кітаптарды тазалау, дезинфекция және дезинсекциялау арқылы қалпына келтіру жұмыстары, түптеу, консервация жұмыстары жасалуда.
Мұндағы мамандар реставрациялау арқылы көне қолжазбаны бастапқы деңгейіне келтірмесе де, кітапты зиянды заттардан тазалап, оның сақталуына жағдай жасау арқылы құрып кетуден сақтау қажеттігін өтеп отыр. Көне жазбаларды қайта қалпына келтіру жұмыстары ұзақ процесс екені белгілі. Жұмыстың маман денсаулығына зиянды жақтары да жеткілікті. Кітаптағы шаң, әртүрлі бактерия мен саңырауқұлақ арнайы қорғанысты қажет етеді. Осыған қарамай реставраторлар соңғы бір-екі жылда 76 көне кітаптың жаңғыртпасын жасап үлгеріпті. Бұл мақтарлық һәм мақтанарлық дүние.
Бұл – басы. Болашақта бұл жерде жаңғыртуды қажет ететін мұра көп. Кейбір он шақты ғасырдың жүзін көрген кітаптарды жаңаламаса әсте болмайды. Халықаралық статистикаға сенсек, АҚШ-та 20 пайыз көне құжат құрып кетудің алдында тұрса, Ресейде бұл көрсеткіш 40 пайызға дейін жетуі мүмкін екені айтылуда. Ал Қазақстанда бұл дерек белгісіз. Себебі қандай да бір көне жазба, сирек құжат һәм кітаптың реставрацияны қажет ету-етпеуін маман ғана айта алады. Кітап реставрациясы – өз алдына үлкен ғылым. Оған химия, физика, экологияның да қатысы бар. Өйткені кітаптың дұрыс сақталуы қоршаған ортаның ылғалдылығына, температурасына, жарықтың түсуіне де байланысты.
Бір айта кетерлігі, елімізде реставратор мамандарға арналған қазақша оқулық әлі күнге жоқ. «Бұл олқылықтың орнын болашақта толтырамыз», дейді Ұлттық орталық мамандары. Дәл қазір әлемде реставратор мамандарды кәсіби деңгейде Иран, Түркия, Ресей даярлайды. Атаған елдермен орнатқан ынтымақтастық шеңберінде орталық мамандары Армения, Оңтүстік Корея, Түркия, Иран елдеріне барып, біліктілік деңгейін жетілдіруде.
Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап өткендей, «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» екенін ескерсек, ұлттық санамызды жаңғыртатын құрал осындағы көне жазбалар мен құнды мұралар екені анық.