• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2014

Кәсіпкердің құқын қорғау арқылы бизнестің бағы ашылып, экономиканың өрісі кеңейе түседі

637 рет
көрсетілді

Жеңілдіктер жасалатын болады

Орталық коммуникациялар қызметінде дәстүрлі брифинг өтті. Басқосудың бұл жолғы қонақтары Өңірлік даму министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту коми­тетінің төрайымы Ғалия Жолдыбаева мен Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департа­менті директоры Бауыржан Бекешев болды. Брифингте Өңірлік даму ми­нис­трлігі Кәсіпкерлікті дамыту комитетінің төрайымы Ға­лия Жолдыбаева кейінгі жыл­дар­­дағы кәсіпкерлік субъек­ті­ле­ріне жүргізілген тексеру жұмы­с­­­тарының қорытындысы жайында әңгімеледі. Мемлекеттік органдар 2013 жылы 182 126 тексеру жүргізген. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда, 25 пайызға аз болып отыр. Тек­серулердің негізгі бөлігі шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілерінде орын алған. Бұл тұрғыда жалпы тексерулердегі үлес 92 пайызды құрайды. Сондай-ақ мемлекеттік бақылау бағыты қауіп дәрежесі орташа және төмен тобына жатқызылған субъектілерде болғаны байқалып, олардың үлесі 74 пайызды құраған. 2013 жылдың қорытындысы бойынша әкімшілік жазалаудың жалпы санындағы айыппұл үлесі 98 пайызды құраса, бұл мем­лекеттік органдардың ескертуді әкімшілік жазалау шаралары ретінде қолдануды қаламайтынын білдіреді. Айыппұлдың сомасы (ШОБ-тың үлесі 23 пайыз) 13,8 млрд. теңгені құраған. Айып­пұлдың негізгі үлесі жоспардан тыс тексерулер барысында салынған. Жалпы, тексерулер үле­сінде Төтенше жағдайлар минис­тр­лігі мен Санитарлық-эпиде­мио­логиялық станса органдары алда тұр. Олардың үлесі – 65 пайыз. Бизнесті жүргізу шараларын жетілдіруде қабылданып жатқан шаралар жайын Өңірлік даму министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаментінің директоры Бауыржан Бекешев айтып өтті. Министрлік жақын арада Парламентке «Рұқсаттар және хабарламалар» туралы заң жобасын енгізбек. Аталған заң кәсіпкерлерге ауыртпалық түсі­ретін негізсіз рұқсаттарға тосқауыл қоятын болады. Рұқ­саттар мен хабарламалардың сыныптарға және қауіптілік санаттарына бөлінген толық тізбесі заңның негізгі ерекшелігі болып табылады. Сонымен қатар, 2014 жылдың 1 қыр­күйегіне дейін елімізде Кәсіп­керлік қыз­мет үшін жағдайды түбегейлі жақ­сарту мәселелері жөнінде заң жобасы әзірленетін болады. Аталған заң жобасының аясында кәсіпкерлік субъектілерін жос­парлы тексеруді алып тастауды ескере отырып, тексерулерді тәуекелдерді бағалау негізінде ұйымдастыруға көшу жүзеге асы­рылмақ. Бұл қолданыстағы тәуе­келдерді бағалау жүйесін жоюды және мүлде жаңа тәсіл әзірлеуді білдіреді. Жаңа тәсілге сәйкес, мемлекеттік орган (инс­пектор) бұзушылықтардың орын алу мүмкіндігін бағалау үшін кәсіпкер туралы қолындағы барлық ақпаратты жан-жақты талдауға, одан кейін кәсіпкерді тексеру түріндегі жоғары дәрежелі бақылауды қажет ететін мониторинг жүргізу немесе заңнаманы сақтау қажеттілігі туралы хабарлау жеткілікті болатынын санатқа жатқызуға міндетті болады. Рұқсат беруді автомат­тан­дыруға қатысты 2012 жылы ли­цензиялардың барлық түрін беру электронды пішімге ауыс­ты­рыл­ғанын және 80 рұқсат беру рә­сімінің (құжатының) авто­мат­тан­дырылғанын атап өткен жөн. 2013 жылы тағы 214 рұқсат беру рәсімі (құжаты) авто­маттан­ды­рылған. Жалпы, барлық құжат­тарды электронды пішімге ауыс­тыру 2015 жылы аяқталмақ. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан».

 Тексерудің де тексеруі бар

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биыл Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың бас­ты құралы» деп атап көрсеткен еді. Ұқсату кәсіпорындарынсыз шикізатпен алысқа бармайтынымыз сонау жылдары-ақ белгілі болған. Шағын және орта бизнес экономиканы дамытумен қатар, адамдарға жұмыс орны екенін де білеміз. Дүние жүзіндегі мойыны озық отыз елдің қатарынан көріну үшін экономиканың осы саласын дамыту керектігі уақыт талабына айналып отыр. Елбасының мәлімдегеніндей, үстіміздегі жылдың 2 сәуірінен 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін мораторий жариялауы да шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында қабылданып отырған шараның бірі екенін түсініп отырмыз. Санитарлық-эпидемиоло­­гия­лық­­ тексеру жұмыстары Қазақ­стан Республикасының 2011 жыл­дың 6 қаңтарында жарық көр­ген «Қазақстан Респуб­­­лика­сын­дағы мемлекеттiк бақылау және қадағалау туралы» заңында айтыл­ған талаптар бойынша жүр­гізіліп келді. Біз осы заң шең­берінде жылдық жоспар жасап келдік. Сонда Қостанай қаласындағы кәсіпорындар мен мекемелер жылына бір рет тексерілетін. Ал жаңадан жұмысын бастаған кәсіпорындар үш жылға дейін тексерілмейді. Біздің тарапымыз­дан кәсіпорындарға, жалпы, ша­ғын және орта бизнестің басқа да нысандарына бір ай бұрын са­ни­тарлық-эпидемиологиялық тек­серіс жүргізілетіні жөнінде ха­барлама жіберіледі. Сонан ке­йін ғана тексереміз. Қостанай қала­сының өзінде ғана осындай тек­серістен өтетін 2543 нысан бар. Өткен жылдан бастап жаңа талап бойынша жоспарды әр жарты жыл­ға жасаймыз. Мысалы, 2014 жыл­дың алғашқы жартысында 571 нысан тексеруден өтуі тиіс болатын. Кәсіпорындар мен мекеме­лер­ жұмысына жоспардан тыс са­­ни­­тарлық-эпидемиологиялық тек­­­серулер де жүргізіледі. Олар кәсіп­­керлердің өтініші және тұр­ғын­­дардың арызы бойынша тексе­ріледі. Мысалы, өткен жылы 126 арыз түскен болатын. Оның ішінде 80-нен аса тексеру тағам, азық-түлік түрлерін дайындай­тын кәсіпорындар жұмысына байла­нысты болды. Расында, жұмысы әбден ор­ныққан, қалыптасқан кәсіп­орын­дарға жасалатын жоспарлы тексерулер екі жақтың да бірдей уақытын алады. Тексерістің де тексерісі бар. Мораторий тағам, азық-түлік өндіретін кәсіп­орын­дарға санитарлық-эпид­е­мио­ло­гия­лық тексеру жұмысын алаң­сыз тыйып тастау деген түсінік қа­лып­тастырмаса керек. Адамдар өмі­ріне қауіп төндіретін жағдайда са­нитарлық-эпидемиологиялық жағдайды қадағалау қажеттігі белгілі. Бақылау және қадағалау орган­дарының тексере беруі кәсіпкерді алаңдатып, кәсіпорын жұмысын ақсатары сөзсіз. Бұл кәсіпорынды тексере барған мамандар мәдениетіне де байланыс­ты. Тексеруші де, кәсіпкер де кәсіпорын жұмысының жүруіне мүдделес болғаны жөн. Тексерулер жөніндегі кейбір алып-қашпа теріс пікірлер әркімнің өз жұмысына адалдықпен қарамауынан өріс алған болуы керек. Мораторий күшіне енетін жыл тәулігіне жуық уақытта тексеруші, бақылаушы органдармен қатар, кәсіпкерлердің өз жауапкершілігі де жоғары болуы тиіс. Шағын және орта бизнес кәсіпорындары мен мекемелері санитарлық жағдайын барлық талаптар бойынша сақтап отырса, бұл даму тетіктерінің біріне айналарына еш күмән жоқ. Алдағы уақытта біз Дүниежүзілік сау­да ұйымына, тағы да басқа халықаралық экономикалық ұйымдарға мүше болғалы отырмыз. Сонда осының барлығы да ескеріледі. Оның сыртында ішкі-сыртқы нарықтағы бәсекеде асығымыз алшысынан тұру үшін Елбасы жариялап отырған мораторийге тек қана жауапкершілікпен жауап беруіміз қажет. Бұл – әрі қолдау, әрі сынақ. Руслан ӘБДІХАЛЫҚОВ, қалалық тұтынушылар құқын қорғау жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы. ҚОСТАНАЙ.

Салық салғырттықты қаламайды

Кеше Орталық коммуникациялар қызметіндегі кезекті брифингке Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев қатысып, елімізде мемлекеттік салық жүйесін жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстың жайын баяндап берді. «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы салық­тық әкімшілендіруді ырықтандыру бойынша бірқатар мін­деттер жүктегені белгілі. Осыған орай Салық комитеті бүгінде бірқатар маңызды бағыттарды белгілеп, қарқынды жұмысты қолға алыпты. Комитет төрағасының айтуынша, мемлекет халықпен және бизнес­пен өзара іс-қимыл жасайтын неғұр­лым әлеуметтік сипаттағы сала болғандық­тан, салықтық әкімшілендірудегі кемшілік­тер салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер түсімдерінің төмендеуіне әкеп соқтырады. Ал бұл өз кезегінде ықтимал салықтық құқық бұзушылықтармен бірге еліміздің экономикасына теріс әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты Салық комитетінің төрағасы Ә.Жұмаділдаев салықтық әкімшілендірудің қазіргі технологиясында салық төлеушінің салық базасы мен есептелген салық сомасын өзі дербес декларациялауы, салық органдарының салық төлеушілермен игілікті өзара іс-қимыл ортасын қалыптастыру, салық төлеушілердің салық және басқа да мiндеттi төлемдерді дұрыс есептеуін және уақтылы төлеуін үздіксіз, сенімді және тиімді бақылау қағидаттары ерек­шеленетінін атап өтті. 2013 жылдың қорытындыларында Салық комитетінің құзыретіндегі кірістер бойынша жоспар мемлекеттік бюджетке жалпы 102,3 пайызға немесе жоспардан тыс 76,9 млрд. теңге түсуі қамтамасыз етілді. Шикізаттық емес сектор кәсіпорындарынан республикалық бюджетке түсетін түсімдердің үлесі ұлғайған. Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша берешектер 2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 64,0 млрд. теңгені құраған. 2013 жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда, берешектерді 17,2 млрд. теңгеге немесе 21,2 пайызға төмендетуге қол жеткізілген. Ә.Жұмаділдаев өзі басқарып отырған салада электронды қызмет сапасының да артып келе жатқанын тілге тиек етті. Өткен жылы Салық комитеті қызмет көрсетулер бойынша регламенттер 32 қызметтен 23 қызмет автоматтандырылған, ал 16 қызмет «Электронды үкімет» порталы арқылы қолжетімді болыпты. «2013 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап жаңа норма енгізілді, онда бірінші рет құқықбұзушылық жасаған адамдар айыппұл орнына «ескерту» алады. 2013 жылдың қорытындылары бойынша барлық әкімшілік істердің 95 пайызында ескерту жасалды. Бұл құқық бұзушылықпен күресу емес, іс жүзінде оның алдын алудың пәрменді тетігі болып табылады», деген комитет басшысы салық саласында заң бұзушылықтардың да азайып келе жатқанын алға тартты. Салық комитеті төрағасының қаты­суымен өткен аталмыш брифинг аптаның алғашқы күнінде өтіп отырғандықтан, әдеттегідей брифинг барысында Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкі­лі Алтай Әбибуллаев осы аптаға жос­­­­пар­ланған маңызды шараларды да хабар­лап өтті. Мәселен, бүгін Премьер-Министрдің төр­ағалығымен өтетін Үкімет отырысында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысы талқыланады. Сондай-ақ, бұл аптада елімізге Финляндия Парламенті төрағасы ресми сапармен келді. Осы сапары барысында Финляндия Парламенті төр­ағасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевпен және Сенат пен Мәжіліс төраға­ларымен, Үкіметтің кейбір мү­ше­лерімен кездесулер өткізеді деп жос­парланған. Ал кеше Астанада Премьер-Ми­нис­трдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен Еуразия экономикалық комиссия кеңесі басталды. Бұл 5 наурызға дейін жалғасады. Онда Еуразия экономикалық одағы туралы шарт жобасы қарастырылады. Ақордадағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы ел экономикасына салынатын шетел инвестициясының көлемін барынша арттыру жөнінде нақты міндет жүктеген болатын деп еске алған А.Әбибуллаев осыған байланысты наурыздың 5-6 аралығында Берлинде біздің Үкімет Қазақ-Германия экономикалық форумын және Германия Үкіметі мүшелері мен Қазақстанда жұмыс істеп жатқан және қазақстандық нарыққа қызығушылық танытқан әлеуетті ірі компанияларының басшыларымен, неміс инвесторларымен кездесу өткізетінін хабарлады. Бұл аптада сондай-ақ, Әйелдер мерекесі келе жатқаны белгілі. Осыған орай Назарбаев Орталығында елордалық дарынды суретші қыз-келіншектердің туындыларының көрмесі өтпек және бірқатар қызықты әрі маңызды іс-шаралар ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».

Істі алға бастыратын қадам

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат,бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында жаңарған қоғамымыздың алдына күрделі әрі абыройлы міндеттер қойды. Президентіміз ұсынған «Мәңгілік Ел» жобасы қарышты дәуірдің кемел келбеті ретінде қолдау тапты. Стратегия сындарынан мүдірмей өтіп, ондағы талаптарды мүлтіксіз орындау баршамыздың ортақ парызымыз. Мұнда тәуелсіздік жылдары бой көтеріп, құлашын жайып, қарымын таныта бастаған кәсіпкерлік құрылымдарына да үлкен жауапкершілік жүктелуде. Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасында алдағы жұмыстың ұзақ мерзімді басым­дықтары белгіленді. Елбасы осындағы бас­ты бағыттардың бірі ретінде шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеу­меттік жаңғыртудың басты құралы деп атап көрсетті. Оны мынадай сөздерімен тұжырымдады: «Экономикамызда шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын Қазақстанның дамуы да орнықты бола түседі. Бізде шағын және орта бизнестің 800 мыңнан астам субъектісі бар, онда 2,4 миллионнан астам қазақстандық еңбек етеді. Бұл сектордағы өнім көлемі төрт жылда 1,6 есе өсті және 8,3 млрд. теңгені құрап отыр». Мен мұндай бағаны, 800 мыңның үстіндегі әріптестерімнің бірі ретінде, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей қолдауы және бұл тұрғыдағы мемлекеттік саясаттың тұғырлылығының нәтижесі деп білемін. Бизнес жаһан жұртшылығы арасында ертеден қалыптасқанымен, ТМД елдері бұл қозғалысты өз тәуелсіздігімен байланыстырады. Бізде де осындай үрдіс орын алғаны рас. Ба­лаларымыздың өскенде биз­несмен боламын дейтіні кеше ғана емес пе еді? Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаевтың кәсіпкерлікті қолдау туралы Мәлімдемесі мен арнайы Жарлығын «Егемен Қазақстан» газет төрінде қатар жариялауы біз үшін үлкен қуаныш әрі қызметті еркін дамытуға жасалған қамқорлық деп түсінемін. Бұл, сөз жоқ, істі алға бастыратын қадам. Осы жылдан бастап 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес нысандарына тексеріс жүргізуге мораторий жарияланды. Тіпті, жоспарлы тексеріс тәжірибесінен бас тартамыз деп түйінделді. Мен басшылық жасайтын «Хладо­комбинат» ЖШС бұрын талай игі жоспарларды жарты жолда қалдырған сәттері болды. Өндірісті кеңейту талаптарымыз рұқсатнама алу азабымен, бітпейтін әрі-бері шапқынмен тұйықталды. Қағаз­бас­тылық, ақпараттық есеп беру, салық сал­мағы сияқты қолбөгесіндер де қажытады. Енді тынысымыз кеңейді деп санаймыз. Бұдан былай тексеріс жүргізу форматы кәсіпкерлерге қойылатын барлық артық талаптарды алып тас­­­­тай­тындай етіп, түбегейлі қайта құры­лады. Яғни, талаптардың жалпы саны 30 пайыздан артық мөлшерде азая­тыны көңілден шығады. Мемлекеттік ор­гандардың тиімсіз, қолайсыз және өзектілігін жоғалтқан актілерінің күшін жойылатындығы көптен айтылып жүрген жағдай еді. Рұқсатнамаларды автоматты, электронды жүйеде жүргізу де уақыт үнемдеуге септігін тигізеді. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселесі орынды қозғалып отыр. Елбасының Стратегияның басты міндеттерінің бірі ретінде кәсіпкерлікті дамытуға қажетті жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі нұсқауы баршамызды қанағат сезіміне бөлейді. Аталған шаралар кешені және саланы дамытуға мемлекеттен қаржы бөлу экономикамыздың өсуіне, жұмыс орындарының көбеюіне, отандастарымыздың әл-ауқатының артуына септік жасайтыны сөзсіз. Кеңесбек БЕКТАС, кәсіпкер, Көкшетау қаласының құрметті азаматы. Ақмола облысы.

Қадамымызға қарқын қосады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кәсіпкерлерді қолдау туралы жасаған мәлімдемесі тек қана кәсіпкерлікті дамыту ниетінде жасалған қадам емес, сонымен қатар Қазақстандағы жұмыссыздықты жою және халық­тың күнкөріс әлеуетін арттыру бағы­тында жасалған өкім деп қабылдау керек. Үлкен-кіші демей, кәсіп иесін күн аралатып тексере беруге де бола­ды. Алайда, одан ортақ қазынаның бү­йірі бұлтиып та жатқан жоқ. Соны­мен қатар, жеке кәсіп иелеріне де орасан қиындық туғызады. Мемлекет басшысы осындай көптеген түйткіл­ді мәселелерді білгендіктен де ел алдын­да арнайы мәлімдеме жасап отыр. Алматы қаласы кәсіпкерліктің көзін ашатын бірден-бір эконо­микалық алаң десек, қателеспейміз. Қаланың ғана емес, бүкіл респуб­­ликаның бюджетіне үлкен үлес қосып отырған бір ғана мегаполис­те қаншама кәсіп иелері мыңдаған адамдарды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Міне, қоғамның алға басуына ықпал етіп отырған шағын кәсіп иелеріне Елбасы арнайы көңіл бөліп, барша қазақстандықтарды еңбекке баулудың бір тетігі ретінде кәсіпкерлерімізге барлық жағдайды жасауымыз керек деген жақсы ниетін паш етті. Бұл құптарлық және жүзеге асыруға күллі қоғам болып атсалысатын мәселе. Мемлекет басшысы елдегі кәсіпкерлікті дамыту үшін және көрінбейтін кедергілерге жол бермес үшін бұрнағы күні мәлімдемесінде көптеген нақты тапсырмалар берді. Ішінде қадап тұрып заң аясында қамтылуы міндетті шараларды да нақты жеткізді. Өте орынды әрі бүгінгі заман талабына сай тапсырма дер едім. Мемлекет шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға үлкен жағдай жасағанына қарамастан, жергілікті жерлерде негізсіз тексерулер мен қолбайлау кедергілер әлі де болса баршылық. Әрине, әрбір заңды тұлғаның негізгі қажеттілігін өтеу мақсатында нақты істі алға бас­тыру үшін қоғамдық кеңестер мен кәсіп иелеріне заңды көмек көрсе­ту орталықтары жұмыс істеп тұр. Алайда, басқару орталығынан жасал­ған мұндай зор мүмкіндіктерсіз, кәсіпкер қашанда дәрменсіз. Сол себепті де, Елбасының арнайы берген тапсырмасы отандық жеке кәсіп иелерінің тынысын ашып, қадамына қарқын қосты деуге негіз жетерлік. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау бүгінгі заманның басты талабы деп түсінуіміз керек. Бізде халыққа қызмет көрсету түрлері жеткілікті. Халықтың қажеттілігі үшін заманауи қызмет түрлерін дамытып отырған кәсіпкерлердің өзі кей ретте өз құқығын қорғай алмай жатады. Ол тек заңда керекті нормалардың болмауынан емес, біздегі кей органның заңды белден басуынан туындап жатады. Елбасы кәсіпкерлікті дамыту ісінде оның заңмен толықтай қорғалуын және кәсіпкерлердің заң аясында әрекет ету жобасын да қолмен қойғандай етіп түсіндірді. Келешекте жасақталатын заң жобасы отандық кәсіпкерлердің мүддесі мен құқығын кеңінен қамтып, мәртебесін көтеру құралы ретінде құнды болады деп сенеміз. Виктор ЯМБАЕВ, Алматы қаласы кәсіпкерлер қауымдастығының президенті, қалалық іскерлік кеңес төрағасының орынбасары, Алматы қаласы бойынша Тәртіптік кеңес мүшесі. АЛМАТЫ.

Кедергіден басқа пайдасы жоқ

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың шағын және орта биз­несті тексеруге жариялаған мораторийіне мемлекетіміздегі кәсіпкерлікпен айналысатын әрбір қазақстандық үшін үлкен көмек ретінде қарау керек. «Елбасы қол қойған мораторий мемлекетіміздегі кәсіпкерлікке қатысты әкімшілік кедергілерді азайтады. Жылына бірнеше рет әртүрлі себептермен өткізілетін тексерістер кәсіпкерлердің өз ісін жүргізуге кедергі келтіріп, нәтижесінде көптеген шығындарға да алып келетіні жасырын емес. Ал жүргізілген тексерулер қоры­тындылары көп жағдайда заң бұзушылықтар орын алмайтынын, егер бұзушылықтар анықталған жағдайда да тұтынушыларға тікелей қауіп төндірмейтін тех­никалық сипаттағы бұзушылықтар екендігін көрсетуде. Сонымен қатар, Президент Ұлттық кә­сіпкерлер палатасына мемлекеттік органдармен бір­лесіп кәсіпкерлік қызмет саласын бақылау мен қадағалауға қатысты қолданыстағы заңнамаға қажетті толықтырулар мен өз­гертулер және жаңа заңдар мен жаңа тәсілдемелерді дайын­дау­ды тапсырды. Нұрсұлтан Назарбаев: Жар­лыққа сәйкес, мен 2 сәуірден бас­тап, 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес субъектілеріне тексеру жүргізуге мораторий жариялаймын. Мен қазақстандықтардың бизнес жүргізуі үшін қажетті жағдайды одан әрі жақсарта түсу мақсатында Үкіметке бірқатар нақты шаралар қабылдауды тапсырдым, деді. Президент жоспарлы тексеріс жүргізу тәжірибесі тоқтатылатыны жайлы мәлімдеді. «Мемлекеттік орган­дар менің Әкімшілігіммен келісе отырып, тексерістерді айқындаудың объективті, әлемдік стандарттарға сай жүйесін әзір­лейді. Осы жүйе­ге сәйкес, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап шын мәнінде тек заңнаманы бұзу ықти­мал­дығы жоғары кәсіп­кер­лерге ғана тексеріс жүргізіледі. Егер кәсіп­кер заңның барлық талабын орындайтын болса, тексеруші органдар оған мүлде бармауға тиіс», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Тексеріс жүргізу түрін түбе­гейлі қайта қарастыру нәтижесінде кәсіпкерлерге қойылатын талап­тардың жалпы саны 30 пайыздан артық мөлшерге қысқармақ. Ол үшін Үкімет тексеріс жүргі­зу­дің барлық регламентін қайта қарауы қажет. Нұрсұлтан На­зар­баев тексерістерге балама ретінде үшінші жақ алдында ерікті сақтандыруды заңнамалық тұрғыдан бекіту қажеттігіне де тоқталатынын және 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап елдегі барлық тексерістердің шамамен үштен бірі тиесілі болып отырған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жабу рәсімдері оңайлатылатынын хабарлады. «Мен Үкіметке жер телімдерін беру мен пайдалану мақсатын өзгерту, сондай-ақ, құрылысқа және инженерлік тораптарға қосылуға рұқсат беру рәсімдерін 50 пайызға азайтуды тапсырдым. Жер телімін ресімдеу мерзімі 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап 30 күннен аспауға тиіс», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы бизнес­ке қатысты тексерістер туралы ақпаратты Бас прокуратура Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ұсынып отыратындығын да атап өтті. Сондай-ақ, бұл тексеруші органдар жұмысын айқындай түсіп, қоғамдық мониторингті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, рұқсат беруді автоматтандыру ісі аяқталып, оның ең кемі 140 түрі электронды нұсқаға көшіріліп, бұған қоса құрылыс саласындағы рәсімдер де жеңілдетілуге тиіс. Жалпы алғанда шағын кәсіпкерлікке жиі-жиі тексерудің кедергіден келтіретін басқа пайдасы жоқ. Қайта шағын кәсіпкерлік иесі ешқандай кедер­­гіден, тексеруден қорықпай, батыл қимылдауы қажет. Сонда ғана табысқа кенеледі. Бұл Елбасы Назарбаевтың кәсіпкерлерге жасап отырған тағы бір жеңілдігі. Шағын кәсіпкерлік осылай, Елбасының қамқорлығы арқасында өрістеп жатыр. Нұржан ӘЛТАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпкерлер палатасының төрағасы. Оңтүстік Қазақстан облысы.

Жұмыс жүрсін десек...

Бизнес деген не, кәсіпкерлік деген не? Мүмкін біреулер осыны да сұрақ деп қойып отырсың ба дер. Десе дей берсін. Мен айтар едім – бұлар халықтың өкілдері, өздеріне де, қоғамға да пайдалы іспен айна­лыс­қысы келетін, айналысып та жүр­ген республика азаматтарының қол­дың саласындай қалың тобы деп. Бұлар Үкіметтен қаражат, бас­қа да материалдық көмектер сұра­майды. Тек еңбек еткісі, жұмыс істе­гісі, өзінің шағын өндірісі мен бизне­сін алаңсыз жүргізгісі келеді. Басты мақсаттары тек осы ғана. Солай істейін десе әртүрлі әкімшілік кедер­гілерге ұрынып қала береді. Сөйтіп, күндердің бір күнінде тауы шағылады. Бұл жайт отандық кәсіпкерлердің қабырғасы мен жамбастарына қара тастай батып келгені де анық. Елбасының оларды қолдау туралы мәлімдемесінен кейін осы қара тас алынып қалғандай, түсіп қалғандай жеңілдеп сала бергенімізді қалайша жасырмақпын. Мен өзім ұзақ жылдардан бері құрылыс бизнесі саласында қызмет істеп келе жатқандықтан осы орайда орын алып жүрген кейбір кереғарлықтарды жақсы түйсіне аламын. Соның бірі Елбасы атап көрсеткендей, құрылыс саласында ащы ішектей созылған ұшы-қиыры жоқ ресімдер. Мұның ішінде жер телімдеріне қол жеткізу үшін әріптестеріміз қаншама уақыттарын текке сарп етеді десеңізші. Мұның уақыты тіпті екі-үш айға дейін созылып кететін көріністер жиі кездеседі. Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап жер телімдерін ресімдеу мерзімі отыз күннен аспауы керек деп мәлімдеді Мемлекет басшысы. Бұл қадам елімізде құрылыс алаңдарының тез арада көбеюіне, халыққа қажетті қолжетімді баспаналар мен әлеуметтік тұрмыстық нысандардың тезірек бой көтеруіне әжептәуір көмегі мен септігін тигізетініне ешқандай күмән жоқ. Ашығын айтқанда, бізде осы кезге дейін кәсіпкерлер құқығын табанды түрде қорғай алатын тетіктер мен инс­титуттар құрыла қойған жоқ. Отандық кәсіпкерлерді алаңдататын басты мәселелердің бірі де осы деуге болады. Бұл жайттың да оң шешімін табатын болғаны жанымызға майдай жақты. Яғни Елбасы атап көрсеткендей, ендігі жерде Қазақстанда кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын бизнес-омбудсмен институты құрылмақ. Мұндай дәстүр жоғары дамыған өркениетті елдерде бұрыннан бар. Міне, сондай биік өре мен деңгейге біз де көтеріле алатынымыз ақиқат. Елімізде орта және шағын бизнестің тұтастай ішкі жалпы өнім өндірудегі үлесі айтарлықтай жоғары емес екені де белгілі. Ал Елбасы мәлімдемесінен кейін бұл меже әжептәуір өсетініне, кәсіп­­­керлер еңсесінің де әжептәуір биік­тейтініне сенім мол. Іс пен жұмысты алаң­сыз да тиімді жүргізе білудің жолдары сан алуан. Оның ең басты әрі оңтайлы жолын Мемлекет басшысының өзі соқырға таяқ ұстатқандай айқындап беріп отыр. Жұмысты алаңсыз жүргізуге даңғыл жол ашылып тұр. Ендеше ұрыста тұ­рыс жоқ деген. Тек іске сәт дейміз де. Қайдар ҚОЩАНОВ, Орал қаласындағы «Болашақ» құрылыс компаниясының бас директоры. ОРАЛ.

Керегі де осы еді

Менің кәсіпкерлікпен айналысқаныма біраз уақыт болды. Мен сонау қиыншылығы да, кедергілері де көп кезеңдерді бастан өткердім десем артық айтқандық бол­мас. Біз негізінен ет-сүт өнімдерін қайта өңдеумен айна­лысамыз. Қазір серіктестікте отыз адам еңбек етеді. Сон­дық­тан кәсіпкерліктің қыр-сырын бір адамдай біле­мін деуге болады. Елбасы соңғы жылдары кәсіп­кер­­лікті тексеруге байланысты бірнеше мораторий жария­лаға­ны белгілі. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.На­зар­баевтың кәсіпкерлерді қолдау туралы осы жолғы мәлімдемесін шағын және орта бизнес өкілдері өздері­не көрсетілген айрықша сенім ретінде қабылдады. Соның бірі – өзім. Мұны біз Елбасының кәсіп­­­­керлікті дамыту­ды қолдауға деген шынайы көзқарасы екенін түсіне­міз. Сондай-ақ, өз ісін жүргізіп отырған халыққа деген үл­кен қолдау. Дамыған елдердің экономикасында шағын және орта бизнестің үлес салмағы басым. Әлемдегі дамыған үздік елдің қатарына енуді межелеп отырған біздің Қазақстанның да ұстанымы осы меже. Алай­да, кәсіпкерлікті дамытуға байланысты кедергілер біраз азайға­нымен, әлі де бұрынғыдай болмағанымен ара-тұра кезде­сіп қа­латыны шындық. Бұл әсіресе, өз ісін енді аш­қан ша­ғын және орта бизнес өкілдеріне айқын сезіледі. Олар­­дың кө­бінің бой жаза алмай жабылып қалатыны да сондықтан. Бұл мораторий кәсіпкерліктің тынысын кеңейтетін нақты шара. Облыста 32 мың шағын және орта бизнес нысандары ғана белсенді жұмыс істейді. Мұндай шаралар олардың қатарының бұрынғыдан арта түсуіне алғышарт жасайтыны сөзсіз. Маған Елбасы мәлімдемесінде «Мемлекеттік органдар менің Әкімшілігіммен келісе отырып, объективті, әлемдік талаптарға сай тексерістерді анықтау жүйесін әзірлейді. Бұл жүйе бойынша, 2015 жылдың 1 сәуірінен бастап тек шынымен де заң бұзу ықтималдылығы жоғары кәсіпкерлер тексерілетін болады. Егер кәсіпкер заңның барлық талаптарын орындайтын болса, тексеруші органдар оған мүлдем бармауға тиіс!», деп қадап айтылуы ұнады. Шынында, жылдар бойы заң талаптарына сай жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкерлерді тексерудің қандай қажеттігі бар. Бұл тек кәсіпкерге қолбайлау болады, алтын уақытын алады. Аз ғана уақыт болса да сәл нәрседен ілік іздеудің жолы кесілді. Мәлімдемеде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бірқатар игі шаралар жүзеге асатыны қамтылған. Соның бірі Қазақстанда кәсіпкерлердің құқын қорғайтын бизнес омбудсмен институтының құрылатыны дер едім. Осы шараларды және кәсіпкерлікті дамытуға Үкіметтен қаржы бөлінетіні де айтылған. Мұның бәрі сайып келгенде шағын және орта бизнесті дамытады, өнім өндіруді арттырады деп күтіледі. Әрине, Елбасы атап көрсеткен кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған қадамдардың да қайтарымы болуы тиіс. Ол кәсіпкерлік ортада адал бәсекелестікті қалыптастыра отырып, сапалы өнім өндіру көкжиегін кеңейте түсу болмақ. Міне, бұл бағытта мораторий жарияланды екен деп ауа жайылушылыққа бармау керек. Тексеріс жоқ деп етекті кеңге салуға болмайды. «Адал жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген ұлы Абайдың сөзі көкірегімізде бек ұялауы тиіс. Самат САДУАНОВ, «Алғабас» ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты. Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы.