Кеңестік тоталитарлық идеологияның қатаң қыспағына қарамастан Қазақстан тарихының айшықты беттерін ашық жазып кеткен академик Манаш Қозыбаевтың еңбектері бүгінде отандық ғылым үшін аса құнды. Қозыбаев феноменінің ерекшелігі тәуелсіз Қазақстан халқының жаңа тарихи кезеңдегі дүниетанымы мен көзқарастарының қалыптасуына идеялық тұрғыдан ықпал етуімен тығыз байланысты.
Ұлттық Ғылым академиясы және Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен Манаш Қозыбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай өткен «Академик М.Қозыбаев және отандық тарих ғылымының заманауи тұжырымдалуы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда ғалым еңбектерінің маңызы мен отан тарихының өзекті мәселелері талқыланды.
Кеңестік кезеңнің ауыртпалығын халқымен бірге көтерген академик Манаш Қозыбаев қоғамдық-саяси оқиғаларды басынан өткере отырып, тұлғалық тұрғыдан қалыптасты. Тарихшы мамандар осы оқиғалардың барлығы ғалымның еңбектерінде терең зерттелгендігін айтады. Ғалымның жазбаларында әкесі мен анасына, туыстары және ұстаздарына деген зор ілтипат байқалады. Қаншама дарынды жолдастарының жоқшылықтың тауқыметіне ұшырап, өмірден ерте өтіп кеткендігіне қатты күйзеледі. Манаш Қозыбаев тарихшы ғана емес, ардақты адамдардың жақсылығын еңбектеріне арқау ете отырып, жалынды публицист, жанкешті қайраткер ретінде танылды. Ұлт ұлағатының жаршысы ретінде, тарихтың ақиқатын ақ қағаз бетіне түсіріп, ұғынықты тілмен жеткізе білген ғылыми стилі арқылы оқырманын жақын тарта білді.
Алқалы жиын барысында Тарихнама, деректану және заманауи методология кабинетіне академик М.Қозыбаевтың есімі берілді. Кабинеттің ашылуына еліміздің белгілі тарихшылары, сонымен бірге академик Досмұхамед Кішібеков, тарих ғылымдарының докторы Сағымбай Қозыбаев, ҰҒА корреспондент-мүшесі Ерден Қажыбек, тарих ғылымдарының докторы Ілияс Қозыбаев және институт қызметкерлері қатысты.
Іс-шараға Израильден тарих ғылымдарының кандидаты И.Маляр, Өзбекстаннан тарих ғылымдарының докторы Д.Алимова, Германияның Штутгарт қаласындағы Steinbeis университетінде дуалды білім беру жобасының жетекшісі Ә.Балапанова, академик Б.Көмеков, Мемлекет тарихы институтының директоры Е.Әбіл, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Қ.Алдажұманов, академик Х.Әбжанов, ҰҒА корреспондент-мүшесі М.Әбусейітова, тағы басқа ғалымдар қатысып, ғалымның өмір жолы, зерттеулері хақында ой қозғады.
Еңбек жолын Қостанай педагогикалық институтынан бастаған ғалым Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында директорлық қызметте болды. Саналы ғұмырын ғылымға арнаған академик кеңестік кезеңде ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан тарихын зерттеді. Осы орайда ғалымның «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан Компартиясы», «Қазақстан – майдан арсеналы» еңбектерін ғылыми қауымдастық жоғары бағалағаны белгілі.
Социалистік жүйенің жойылуына байланысты қазақстандық тарих ғылымының теориялық-методологиялық мәселелерін қайта қарап, жаңа тарихи таным қалыптастыру қажеттілігі туындаған кезеңде тарихты жазуда, зерттеуде өзекті мәселелерге жаңа көзқарастар тұрғысынан қарап, дербес, тың ой-пікірлер мен тұжырымдар түйіндеу міндеті тұрды. Алайда тәуелсіз, соны тұжырымдар жасау көптеген қиындыққа соқтырды. Жаңа бағытта төл тарихымызды жазу, тәуелсіз әдістемені қалыптастыру ұзақ уақытқа созылды. Осы тұста тарихшыларға ой салып, ғылыми арнаның ағысын объективті жолға бұруға ұмтылған бірлі-жарым ғалымдардың қатарында тыңнан жол салғандардың бірі академик Манаш Қозыбаев болатын.
Қазақстан өзінің тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін бұрын ғылымда біршама күдік тудырып келген мәселелер қайта зерттеліп, зерделене бастады. Мәселені тарихнамалық тұрғыда талдаған зерттеулер дүниеге келді. Қазақстанның Ресей империясы құрамына енуі негізінен тарихи оқиғалар мен үрдістер ауқымында зерттеу құбылысы ғылымнан көрініс тапты. Қазақстанның Ресей бодандығын қабылдауы шынайы түрде, тарихи оқиғалардың сабақтастығы тұрғысында талданды. Сонымен қатар жаңа тарихи таным мен шындық негізінде қайта қарап, жарияланған зерттеулерде көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын отырықшылыққа көшіру күшпен іс-жүзіне асырылғандығы, оның барысында көптеген қателік пен бұрмалаушылыққа, асыра сілтеуге жол берілгендігі, салдары ашаршылық пен жат өлкеге қоныс аударуға әкеліп тірегендігі ашық айтылды. Кеңес дәуірінде бандиттік, қарақшылық деп айдар тағылып, таңба басылып келген халықтық бас көтерулер мен «бүліктердің» шынайы сипаты анықталды.
Ғалымның табанды еңбегінің нәтижесінде тарих ғылымында тың тақырыптар ашылып, зерттеулер жасалды. Бұл еңбектер бүгінде ел тәуелсіздігіне арналған тарихи һәм рухани мұра ретінде құнды. Саналы ғұмырын ұлттың қамы мен болашағына арнаған академиктің артында 800-ден астам сүбелі еңбек қалды. Бүгінде жеке ғылыми мектебі қалыптасқан ғалымның елімізбен қатар Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресейде жүзге жуық шәкірті жемісті еңбек етіп жүр.
АЛМАТЫ