Орта салмақтағы WBO Global және WBC Continental белбеулерінің иегері қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы Бүкіләлемдік бокс ұйымының (WBO) чемпионына міндетті қарсылас атанды.
Отандасымыз 21 қарашада Францияның экс-әлем чемпионы Хассан Н’Дам Н’Жикамды техникалық нокаутпен жеңгеннен кейін оның менеджері Эгис Климас WBO ұйымына хат жазып, Әлімханұлын осы тұжырымның қазіргі чемпионы Деметриус Андраденің міндетті қарсыласы етіп тағайындауды сұраған еді.
Арада 10 күн өткенде WBO ұйымы Климастың өтінішін қанағаттандырып, екі боксшының промоутерлеріне жекпе-жекті ұйымдастыруға ресми хат жолдады. WBO-ның ресми сайтында жарияланған мәліметте: «Орта салмақтағы WBO чемпионы америкалық Деметриус Андраде мен қазақстандық боксшының командасына жекпе-жекті ұйымдастыруға 20 күн уақыт береміз. Егер промоутерлер ортақ шешімге келе алмаса, кездесуді өткізу құқығы промоутерлік бәссаудаға шығарылады», делінген.