Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсетіп жатқан елорданың «Барысы» өз айдынындағы ойындар сериясын екі жеңіс, екі жеңіліспен аяқтады. Жерлестеріміз бейсенбі күні өткен «Барыс Аренадағы» соңғы матчта Мәскеудің «Динамосын» қабылдап, ірі есеппен ұтылып қалды.
ҚХЛ-дің «Батыс» конференциясында үшінші орында келе жатқан «Динамо» бірінші кезеңнің алғашқы сегіз минутында «Барыс» қақпасына жауапсыз үш шайба соғып, есепте алға шығып алды. Шайбаның авторлары – Антон Ведин, Вячеслав Войнов және Оскар Линдберг. Қонақтардың үшінші голынан кейін «Барыс» қақпашы ауыстырды. Мұзайдынға Никита Бояркин шыққан соң, мәскеуліктердің қарқыны біраз бәсеңдегендей болды.
Екінші кезеңде Юрчо мен Дицтің пасынан кейін Коди Куник есеп айырмасын қысқартқанымен, үшінші 20 минуттықта қонақтардың сұрмергені Вадим Шипачёв командасының осы ойындағы төртінші, өзінің 20-шайбасын салды. Соңғы кезеңнің орта тұсында Кертис Волк есепті 2:4-ке жеткізгенімен, жеңісті жұлып алуға «Барыстың» шамасы жетпеді.