• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Бокс 06 Желтоқсан, 2021

Боксшылар Оралда бас қосады

125 рет
көрсетілді

Бокстан ерлер және әйелдер ара­сындағы биылғы ел біріншілігінің өтетін уақыттары белгілі болды. Жі­гіт­тер 14-24 желтоқсан аралығында Оралда жұдырықтасса, әйелдер 7-12 жел­тоқ­сан күндері Ақмола облысының Шу­чинск қаласында шаршы алаңға шығады.

Ерлер арасындағы бәсекелер АИБА-ның жаңа ережесі бойынша 13 салмақ дәрежесінде өтеді. Бұл біріншіліктен жуырда ғана Сербия астанасы – Белградтағы әлем біріншілігінде жүлде алған боксшылар босатылған. Атап айт­қанда, жанкүйерлер Оралдағы шаршы алаңда әлем чемпиондары – Теміртас Жү­сіпов (48 кг) пен Сәкен Бибосынов (51 кг), күміс жүлдегерлер – Сабырхан Махмұд

(54 кг), Серік Темір­жанов (57 кг) және қола ме­даль иегері Абы­лайхан Жүсіповтің өнерін тамаша­лай алмайды.

Сондай-ақ бас бапкер Қайрат Сәтжановтың шешімі бойынша Асланбек Шымбергенов (71 кг) пен Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) та биылғы додаға қатыспайды. Қоңқабаев осы айда кәсіпқой бокстағы кезекті жекпе-жегін өткізетінін де айта кетейік. Ал қалған боксшылардың бәрі ұлттық құрама сапына қосылу үшін ел чемпионатында бақ сынайды.