Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Документальная хроника» жинағының IV-Vтомдары көпшілікке таныстырылды, деп жазады Egemen.kz.
Еңбектің алғашқы үш томы да Сенаттың ұйытқы болуымен биылғы мамыр айында Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында жарық көрген еді.
Іс-шара барысында Мәулен Әшімбаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында мұндай еңбек басылып шығуының маңызы зор екеніне назар аударды. Ол өз сөзінде егемендік алғалы еліміз тарихымызды тану жолында толайым табысқа қол жеткізгенін атап өтті.
«Біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық тарихи межесін айтулы жетістіктермен қарсы алып отырмыз. Осы аралықта тарихымызды тану, руханиятымызды дәріптеу және ұлттық құндылықтарымыздың өрісін кеңейту жолында ауқымды жұмыс атқарылды», деді Сенат Төрағасы.
Мәулен Әшімбаев бұл жұмыстарға отандық ғалымдар мен тарихшылар үлкен үлес қосқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы ұлт тарихының жүйелі түрде зерттелуіне баса мән беріп отырғанын айтты.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында зобалаң жылдарды жан-жақты зерттеу, Ашаршылық құрбандарының санын нақтылау, тарихи құжаттарды жинақтап, оларды мұқият зерделеу керектігін айтқан еді. Осыған орай Сенат ғалымдармен бірлесіп, бұл бағытта біраз жұмыс атқарды. Биыл мамыр айында «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Документальная хроника» атты құжаттар жинағының үш томы жарық көрді. Онда Ашаршылыққа қатысты бірегей тарихи құжаттар мен деректер, нәубеттің себебі мен салдары туралы архив материалдары жинақталған», деді Мәулен Әшімбаев.
Бүгін көпшілікке жол тартқан жаңа екі том да ашаршылық туралы тарихи құжаттарды жинау жұмыстарының жалғасы. Еңбектің 4-томында қазақ ауылдарын күштеп ұжымдастыру, тәркілеу саясатына қатысты халықтың наразылығын білдіретін маңызды материалдар жинақталған. Ал, 5-томда куәгерлердің естеліктері қамтылды. Бұл томның негізін ашаршылықтың зардабын тартқан ақын-жазушылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлерінің бастан кешкен оқиғалары құрайды.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы естеліктер мен жазбаларды қысқа уақытта жинақтап, топтастырып, көпшілікке ұсынған редакциялық алқа ұжымына және Парламент депутаты Берік Әбдіғали бастаған құрастырушыларға, еңбектің басылып шығуына қолдау көрсеткен Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығына алғыс білдірді.
«Ашаршылық тақырыбын зерттеу тәуелсіз тарихи сана қалыптастыру үшін қажет. Ал ортақ тарихи таным біртұтас ұлттық сана қалыптастыруға қызмет етеді. Мұның бәрі тәуелсіздігімізді күшейтетін маңызды факторлар екені сөзсіз. Сондықтан еліміздің басына түскен алапат қасіретті терең түсінуге мүмкіндік беретін осы бестомдық тәуелсіздігімізді нығайтуға өз үлесін қосады және осы тақырыпты зерттеп жүрген тарихшы ғалымдардың жұмысына тың серпін береді деп үміттенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері және жинақтың дайындалуына атсалысқан белгілі тарихшы ғалымдар қатысты. Олар өз сөздерінде ұлтымыздың басынан өткен қасіретті жылдардың зардабын терең зерттеп, білу үшін осындай іргелі еңбектің маңызы зор екенін айтты. Сондай-ақ тарихшылар алдағы уақытта да бұл бағыттағы зерттеу жұмыстары жалғаса беретініне сенім білдірді.