Биыл ғылымның қара шаңырағы – Ұлттық ғылым академиясының құрылғанына 75 жыл толды. Осы жылдарда академия кеңестік басқару жүйесінен Батыс Еуропа үлгісіне көшіп, қоғамдық қор ретінде жұмысын жалғастырып келеді. Алпыс жылдан астам еңбек жолын білім мен ғылымды дамытуға арнаған ғалым, елімізге және шетелдерге танымал академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА президенті Мұрат Жұрыновпен әңгімемізде отандық ғылымның дамуына қатысты мәселелер айтылды.
– Мұрат Жұрынұлы, Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар еліміздегі ең ірі зияткерлік орталық – Ұлттық ғылым академиясының құрылғанына 75 жыл толып отыр. Сіздің бұл мекемені басқарғаныңызға да жиырма жылға жуықтап қалыпты. Осы жылдарда ғылыми қауымдастық қандай жетістікке жетті?
– Пандемиядан кейінгі кезеңде әлем елдері үшін геосаяси кеңістіктегі тұрақтылықпен қатар адамзаттың денсаулығын сақтау бірінші кезекке шықты. Қиындықпен бетпе-бет келе отырып, ғылымды, білімді дамытуда ғылыми-инновациялық бағыттың маңызына көз жеткіздік. Ғылым саласына мемлекет тарапынан көңіл бөліне бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін ғылымға бөлінетін қаржының ІЖӨ үлесін 1 пайызға жеткізуді тапсырды. Мұның өзі үлкен көрсеткіш. Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтың басшылығымен осы мәселелердің дұрыс шешімін тауып, заңнамалармен бекіту жұмыстарымен және оған қоса жетекші ғалымдарға стипендия тағайындау туралы заң жобасын әзірлеу, іргелі ғылыммен айналысатын институттарды тұрақты қаржыландыру жүйесіне өту мәселесімен де шұғылданып жатыр. Айта кететін мәселе, Ресей, Украина елдерінде мұнай, газ, металл кенін өндірумен айналысатын компаниялар жылына тапқан табысының 1 пайызын ғылым саласына аударып отыруды дәстүрге айналдырып келеді. Осы үрдісті бізде де қолдану қажеттігі бес жылдай бұрын Тұңғыш Президент – Елбасы тарапынан айтылған болатын. Оны жылдам жүзеге асыру жөнінде жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нақты тапсырма берді. Келер жылдан бастап өндіруші компаниялар тапқан табысынан ғылымға арнайы қаржы бөліп отырады. Бұл – ғылымды дамытуға бағытталған ірі іс-шара.
– Кеңестік басқару жүйесінен бірден Батыс Еуропа үлгісіне көшу Ғылым академияның келешегіне қандай мүмкіндіктер берді?
– 2003 жылы қоғамдық бірлестік мәртебесіне көшкен академияны ТМД елдерінде бірінші болып КСРО моделінен нарықтық экономикаға бейім Батысеуропалық моделге көшіре отырып, ары қарай дамыту қажеттігі туды. Бұл моделді қабылдамас бұрын Франция академиясының жұмысымен танысып, зерттеп қайтуға тура келді. Франция академиясы – қоғамдағы ең жоғары мәртебелі мекемелердің бірі. Кез келген министрліктен беделі жоғары. Жылдық бюджеті 79 млн еуро көлемінде. Жалпы, шетелдерде мемлекеттік, жекеменшік мәртебесіне қарамастан, ғылым академиялары бюджеттен қаржыландырылады. Францияда, Америкада да сондай. Кембридж, Стенфорд, Гарвард сияқты әлемнің жетекші университеттерін жекеменшік болғанына қарамастан, мемлекет қаржыландырады. Өйткені олар Америка үшін маман даярлайды, ғылымды дамытып, жаңа технологиялар жасайды. Бүгінде жұмысын қоғамдық бірлестік ретінде жалғастырып отырған академия тек бір баппен – Ғылым жөніндегі Ұлттық баяндаманы дайындау үшін мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Одақ тұсында ҰҒА құрамында 45 институт жұмыс істеп келсе, кейіннен олар басқа министрліктердің құрамына, бірқатары акционерлік қоғамдарға бөлініп кетті. Дегенмен де, сол жылдары Мемлекет басшысының алдында академия үшін маңызды деген үш мәселені шешіп алдық. Бірінші ғимарат мәселесі, оны тегін аренда тәсілімен пайдалану. Екіншіден, 1946 жылдан бері шығып келе жатқан 73 мемлекетке тарайтын 8 журналды жарыққа шығару. Егер бұл басылымдардың шығуын тоқтатып алсақ, әлемдік ғылыми қауымдастық алдындағы беделімізге нұқсан келетін еді.
– Білім министрі болып тұрған кезде тегін білім алу мәселесін көтеріп, оның заң тарапынан бекуіне ықпал еткеніңіз белгілі. Бүгінде осы мәселелер қаншалықты жемісін беріп келеді?
– Кеңес Одағы тұсында Қазақстан ғылымының базасы мықты болды. Біз Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынды иелендік. Ал КСРО болса Америкамен тең дәрежеде тұрды. Міне, қазақстандық ғалымдардың осы беделі бізге әлі күнге азық болып келеді. Бүгінде қазақ ғалымдарына Ресей, Қытай, Еуропа елдері, тағы да басқа көптеген елдерде құрметпен қарайды. Міне, осы құрметті жоғалтып алмай, отандық ғылымға және барлық жетекші ғалымдардың бас қосқан орталығы – Ұлттық ғылым академиясына көп көңіл бөлу керек. Егемендікке қол жеткізер тұста депутат болған ғалымдарымыз ел үшін маңызды заңдардың қабылдануына мұрындық болды. Олардың қатарында С.Зиманов, С.Сартаев, М.Қозыбаев сынды ғалымдар болды. Солардың арқасында Конституциямыз, Президенттік Республика және Тіл туралы заңдар қабылданды. Олар Үкімет алдында мәселенің дұрыс-бұрыстығын айтып, төтесінен қоя білді. Стратегиялық маңызды істердің басы-қасында жүрді. Осы жылдарда бизнесмендер тарапынан тіптен Қазақстанға іргелі ғылым керек емес деген түсінік пайда болды. Ал тығырықтан шығудың жолы тек ғалымдарға ғана байланысты еді. Сол жылдары тәуелсіз Қазақстанның Ата Заңы қабылданды. Ал Конституцияның білім туралы 30-бабының бірінші жобасын өз қолыммен жаздым. Сондағы ең маңызды екі ауыз сөз нағыз күреске айналды. «Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі». Қаржы саласындағылар «ақысыз» оқытуға және «міндетті» деген екі сөзге қарсы болды. Менің ұсынысымды сол кездегі Қаржы министрінің орынбасары Р.Тоқсейтов пен Үкімет аппаратынан Ә.Құсайынов қолдап отырды. Ұсыныстарымыз Үкімет басшысынан қолдау таппады. Бірақ бір қадам артқа шегінбей, Тұңғыш Президент – Елбасының алдына дейін барып, ел болашағы үшін өте маңызды мәселені сақтап қалдық.
– Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев рухани астанамыз – көне Түркістанды жандандыру мақсатында университет ашып, Сізді Түркістанға ректор етіп жіберді. Қиын-қыстау кезеңде университет ашу, оған білікті мамандарды тарту оңайға соқпағаны белгілі. Бұл түркі әлемі жастарын біріктіруге бағытталған игі қадамның бірі болды ғой?
– 1989 жылы Батыс Германияға іссапар барысында Гейдельберг университетіне бардым. Білімге жағдай жасау деген осы болар. Қаланың ішіндегі ғажайып қала. Университет қақпасынан бастап оқимын деген адамға жағдайдың бәрі жасалған. Осыны көріп Батыс Еуропа үлгісінде университет қалашығын салмақ болған арманымыз алыстады. Қомақты қаржысыз оны жүзеге асыру мүмкін емес. Содан АҚШ елшісі У.Кортни мырзаны Түркістанға ертіп келіп, АҚШ-Қазақстан университетін құрмақ болдық. Мәскеуге іссапармен келген АҚШ президентінің ТМД елдері бойынша кеңесшісі Вильямс мырзаға жолықтық. Бірақ мәселе шешілмеді. Содан Түркияға барып жүріп, Қазақ-Түрік халықаралық университетінің қалашығын салуға қол жеткіздік. Осы оқу орнына 10 жыл ректор болдым. Сол уақыт ішінде Түркия 100 млн доллар көлемінде қайтарымсыз демеушілік жасады. Соның нәтижесінде университеттің материалдық базасы жақсарды. Ауылдағы қазақ жастарының білім алуына үлкен мүмкіндік туды. Сонымен қатар бүкіл түркі әлемінен студент жастарды жинап басын қосып, келешекте олардың түркі әлемінде достық, бірлік орнатуына ықпал жасадық. Дәріс беруге Алматыдан, Шымкенттен, Ташкенттен, Қарағандыдан, әрине және Түркиядан ірі ғалым-профессорларды шақырдық. Бұл Елбасының арманы – қасиетті Түркістан топырағын гүлдендіруге, түркі дүниесін біріктіруге, достық ұйым құруға қосылған бір ірі үлес болды.
– Әлемдегі ахуалға байланысты отандық ғылым сын-тегеуріндер кезеңінде тұр. Бүгінде ғылым араласпайтын сала жоқ. Білім, медицина, әлеуметтік сала, тіптен экономикалық тұрғыдан өркендеуде ғылымның үлесі зор. Салада шешімін таппаған мәселелерді ғылыми қауымдастық жиі көтеріп жүр. Отандық ғылымның алдында нақты қандай маңызды міндеттер бар?
– Бүгінде отандық ғылымда шешімін табуға тиісті негізгі екі мәселе бар. Кез келген ел осы мәселені шеше алмаса, онда ғылым дамымайды. Оның бірі, елімізде қалыптасқан ғылыми мектептерді сақтап, келесі буындағы ғалымдардың құрамын жасарту болса, екіншісі, зерттеліп біткен жұмыстарды өндіріске енгізу. Оны дер кезінде қолданысқа енгізбесек, жаңалық ескіріп, оны басқалар пайдаланып кетуі мүмкін. Бүгінде ғалымдарымыздың қаншама еңбектері шетелдерге кетіп жатқанын жоққа шығара алмаймын. Өйткені оларды қаржыландыратын халықаралық ұйымдар бар. Бұлар қазақстандық ғалымдарға там-тұмдап қаржы беріп қойып, пайдасын өздері көреді. Сондықтан ғалымдарға мейлінше жағдай жасау уақыт күттірмейді. Жаңалықты өндіріске енгізу жағына келетін болсақ, көптеген зауытымыз шетелдіктерге тиесілі болғандықтан, олар өз ғалымдарының зерттеулерін қаржыландырады. Олардың назарын аудару үшін қомақты мөлшердегі зерттеулер қажет, ал ол үшін заманауи зертханалар, жартылай өндірістік жабдықтар, технологиялар қажет. Кезінде жобалау институттары, конструкторлық бюролар, алпауыт зауыттардың жанында сынақ учаскелері, цехтар жұмыс істейтін. Сондықтан да жартылай өндірістік эксперименттік цехтар құру бірінші кезекте тұр. Яғни мемлекетті байытудың бірден-бір тиімді жолы – ауыр индустрияны дамыта отырып, инновация жетістіктерін тиімді пайдалану. Батыс елдерінде өндіріске ғылыми тұрғыдан қолдау міндетті түрде көрсетіледі. Ғылымның жылдам дамуына байланысты ең жаңа деген технология бес жылда тиімді болмай ескіріп қалады. Сондықтан кез келген зауыт-фабриканы ғылыми тұрғыдан үздіксіз қолдау арқылы алғы шепте ұстап тұра аламыз. Мысалы, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттерде өңдеу, тауар шығару өндірісі осылайша жолға қойылған. Ал Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері ауыл шаруашылығы дақылдарынан жыл сайын 4-5 рет өнім алатынына қарамастан, кедейшілікте өмір сүруде. Себебі ол елдерде индустрия дамымаған, жоғары техникалық білім мен ғылым жетілмеген. Табиғи байлықты шикізат күйінде сата беру қаржы әкелгенімен, мемлекетті дамытпайды. Оны өз елімізде өңдеп, тауарға айналдырып, Елбасы бұрыннан айтып келе жатқан орта және шағын бизнесті дамытпасақ, Африканың шикізат қана өндіретін кедей мемлекеттерінің деңгейінде қалып қоюымыз мүмкін.
– Ғылыми мектептерді дамыту мәселесіне қаншалықты көңіл бөлініп келеді?
– Ғылыми мектептердің бұзылуы әр саладағы көшбасшылықтан айырылумен пара-пар, сондықтан оны сақтау керек. Ғылыми мектептерге болашағын ойлаған елдер үлкен қамқорлық жасайды. Өйткені оның құрамы жетекші ғалымдардан ғана құрылады. Бұл ұзақ жылғы еңбек әрі қомақты қаржы қажет жоба. Сондықтан көп қиындықпен құрылған ғылыми мектептерді жоғалтып алмай, дамыту уақыт күттірмейді. ТМД аумағында қазір Қазақстанда ғана Ұлттық ғылым академиясы қоғамдық бірлестік ретінде жұмыс жүргізуде. Рас, әлемнің дамыған елдерінің бәрінде ҰҒА мемлекетке қарамайды. Осыған қарамастан мемлекет олардан қаржы аямайды. Мәселен, АҚШ-та ғылымның да, ғалымдардың да абыройы мен беделі өте жоғары. Олардың ұлттық академиясының жылдық бюджеті 64 млн доллар. Бізге жер көлемі жағынан жақын Аустралияда ҰҒА бюджеті 6,1 млн доллар. Қазақстан – табиғи байлығы мол, халқы білімді, ғылымы дамыған мемлекет. Мұнай қоры жағынан біз әлемде 9-орындамыз, уран, хром, көмірден қорынан ТМД-да 2-орында келеміз. Сирек кездесетін металдар мен химиялық элементтер қоры жеткілікті. Қазақстанға АҚШ және Батыс Еуропа, сондай-ақ Түркия, Иран, Жапония және Қытай секілді елдер қызығушылық танытуда. Бұл алғашқы кезекте республиканың стратегиялық шикізаттық ресурстар бойынша жоғары әлеуетіне байланысты. Осы қорларды игеріп, ғылыми-технологиялық өндірістер құрып, шикізатты жаңа технологиялар арқылы тауарға айналдырып экспортқа шығарғанда ғана оның мол игілігін көре аламыз.
– Отандық ғалымдар ғылымның қай саласында да жоғары беделге ие. Бірақ соңғы жылдары «ғылым қартайып барады» дегенді жиі естиміз. Елімізде ғалымдардың мәртебесі қалай анықталады? Оның арнайы бір талаптары бар ма?
– Франция моделінің үздік үлгілерін елімізде енгізу мәселесіне қатысты айттым. Бұл елде әрбір академиктің штаттық көмекшісі бар, мемлекет тарапынан қолдау жолға қойылған. Алайда біздің 1995 жылға дейін академик мәртебесін алғандар ғана стипендиясын алып келеді. Бұл мәселе Үкімет алдында жиі айтылып жүр. Жасы жетіп, қартайған ғалымдар, яғни академиктер барлық елде бар. Елімізде 2003 жылы 200 академик болса, қазір олардың саны 120 шамасында. Осы тұста айта кететін мәселе, дамыған елдер тәжірибесінде «өмірлік академик» деген мәртебе қолданыста. Бұл жерде мәселенің тағы бір жағына назар аудара кеткен жөн. Мысалы, дүниеден өткен академик А.Жанғалиев 94 жасында Американың конкурсына қатысып, ғылыми грант ұтып алды. Еңбегі жоғары бағаланып, Америка ғалымдары мойындады. С.Зиманов ағамыз 90-ға таяп қалғанда құнды еңбектерін жазды. Ә.Қайдар ағамыз дүниежүзі мойындайтын еңбектерін 75-80-інде жазды. Ғылымның нәтижесі көп жылғы еңбекпен өлшенеді. Ғалымның да өмірі өлшеулі, сондықтан да олар бастаған ісін осы саланы жанымен түсінетін жас буынға табыстап кеткісі келеді. Өкініштісі, біз өтпелі кезеңде орта буын ғалымдарымызды жоғалтып алдық. Тек кафедра меңгерушісі, топ жетекшісі болып жүрген ірі ғалымдар ғана ғылымнан алыстамады. Осы орайда ізбасар жастарды тәрбиелеу, оларды ғылымға тартып, жағдай жасау уақыт күттірмейді. Ал ғалымдардың дәрежесі ғылымға сіңірген еңбегі мен ашқан жаңалықтар арқылы белгіленеді. Оны шенеуніктер емес, ғалымдар қауымы анықтай алады.
– Сіз 39 жасыңызда ғылым докторы атағын алған ғалымсыз. Есіміңіз әлемдік өнертапқыштар тізімінде тұр. 100-ден астам ғылыми жаңалығыңыз патенттелген. Бүгінде оның бірқатары өндіріске енді. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай жалғасын табуда?
– Мен оқуға тапсырған жылдары ең мықты оқитын, өзіне сенетін балалар ғана химик болуды таңдады. Кезінде химия факультетіне оқуға түсу үшін бір орынға он-он бес адамнан келетін. Институтты бітіріп, жолдамамен зауытқа бармақ болғанымда нағыз ғалым, кафедра меңгерушісі, профессор Равиль Вахидов ағайымыз ғылымға келуімді қалады. Әкеммен ақылдасып көріп едім, келісімін білдіріп, батасын берді. Содан кейін Мәскеуге аспирантураға түсіп, Менделеев атындағы Мәскеу химия-технология институтына барғанымда, органикалық электрохимия саласында дүниежүзіне әйгілі ғалым М.Фиошиннің зертханасына түстім. Ғалым болып қалыптасуыма осы екі адамның еңбегі ерекше екенін айта кеткім келеді. Одан кейін жаңа қызметтер ұсына бастады. Мәскеуге ғылыми-зерттеу институтына жұмысқа шақырды. Ташкентке Одақ деңгейіндегі академик А.Садықов жұмысқа шақырды. Ол кезде бүкіл Кеңес Одағы бойынша Орта Азиядан 3 қана академик бар еді. Абид Садықов – сол үшеудің бірі болды, қалған екеуі Қазақстаннан – Қ.Сәтбаев пен А.Қонаев. Бүгінде елімізде жаратылыстану саласында үздіксіз зерттеулер жүргізіліп келеді. Жер бетінде қоқыс ретінде сақталып келген миллиардтаған тонна титанның қалдықтарын ерітіп жіберетін мүмкіндіктерін қазақстандық ғалымдар ойлап тапты. Менің жетекшілігіммен «Титанның қышқыл су ерітінділеріндегі постэлектролиздік химиялық еру құбылысы» жобасы отандық ғалымдардың жетістігі. Титанды пост-электролиздік тәсілмен қышқыл суда ерітіп, одан әртүрлі құнды заттар алу технологиясы Қытайдың Боади титан зауыты басшыларының қызығушылығын туғызды. Бұл жұмысымызды дүние жүзі ғалымдары мойындап, бүгінге дейін адамзатқа белгісіз болып келген құбылыс ретінде «Ғылыми жаңалық» болып тіркелді және бізге арнайы дипломдар мен медальдар тапсырылды. Бүгінде елімізде химия өндірісі жақсы дамыған, зауыттар көп. Металлургия өндірісі химиямен тығыз байланысты. Руданы алған соң, оны тазартып, байыту химияға тәуелді. Республикада мұнай өңдейтін үш өндіріс және он шақты металлургия зауыты бар. Оған қоса химия саласындағы ғылыми-зерттеу институттарында және бірнеше университетте ғалымдар дайындалады. Сондықтан да химия ғылымының еліміздегі әлеуеті жоғары. Ал оны елдің игілігіне жарата білу – мемлекеттің міндеті.
– Бүгінде халықаралық ғылыми журналдардағы жарияланымдарға қарап, қазақ ғалымдары әлеуетінің жоғары екенін көреміз. Бірақ зерттеулерін арнайы форумдарда қорғап әрі демеуші іздеп жүрген ғалымдардың да бар екені рас. Осы мәселеге тиісті орындар қалай назар аударып отыр?
– Тәуелсіз Қазақстанда өндіріс тарапынан ғылымға Кеңес өкіметі кезіндегідей сұраныс жоқ екенін жоғарыда айтып өттім. Ірі өндіріс орындары шетелдік инвесторлар қолында. Ол компаниялардың өз елдерінде көптеген ғылыми-зерттеу институттары бар, ғылымға бөлінетін шығындары сонда кетеді. Ал одан төмендеу өндіріс орындарын иеленген монополистер қандай тауар шығарса да өтімді, арасында бәсекелестік жоқ. Ғылымсыз-ақ табысты күреп табады, қоршаған ортаны да аямай бүлдіріп жатыр. Екінші себебі – ғылыми лаборатория мен өндіріс цехтарының арасын жалғап тұратын көпірдің рөлін атқаратын ірі эксперименталдық қондырғылар мен цехтар жоқ. Жартылай өндірістік сынақсыз зауыттар ғалымдардың жасаған технологияларын қабылдай алмайды. Қазір осы мәселелерді шешу үшін тиісті заң жобалары дайындалып жатыр. Жаңадан өріс алып келе жатқан мемлекет-жекеменшік серіктестігін құру арқылы бұл мәселені толық шешуге болады. Ондай игі бастамалар да жоқ емес, кен өндірісі, металлургия, химия, одан кейін ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау салаларында. Ал іргелі ғылымда: физика, химия, биология, математика. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласын көтеру де басты басымдықтардың бірі. Өйткені Қазақстан аграрлы ел әрі қазақтың қырық пайызы әлі ауылда тұрады. Дегенмен ел экономикасын көтеруде негізінен техникалық ғылымдардың қолға алынғаны абзал.
Сөз соңында айтарым, Қазақстан білімі мен ғылымы, мәдениеті, дәстүрі дамыған мемлекет. Оған қоса ұшан-теңіз жерасты байлығымызды есепке алсақ, еліміздің жарқын болашағына, Қазақстанның гүлдене беретініне сеніміміз арта түседі.
Әңгімелескен
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»