Тәуелсіздік алғалы бері, он бес мың қазақ баласы шетте білім алып қайтыпты. Бұл жастар сыртта жүріп академиялық білімнен бөлек, мәдени құндылықтарды бойына сіңіріп қайтты. Өзгеше өмір сүру қалпын көрді, өзгелердің білім жолындағы жанкештілігін, өзгелердің бойындағы төзімділікті, көрегендікті көрді.
Тәуелсіздігінің отыз жылдық тарихы бар елдің ұландарының, үш жүз жылдық тарихы бар мемлекеттерден үйренері әрине көп. Бүгінде жастары интеллектуалдық вакуумда тәрбиеленіп жатқан мемлекеттер де бар. Ондай елдер болашақта да переферияда қала бермек.
Мен «Болашақ» бағдарламасы арқылы АҚШ-та білім алдым. Сондықтан көзі қырағы жасқа «мықтылардың мықтысы менмін» деп ұрандататын елдегі интеллектуалдық әрі саяси элитаның пиғылын түсіну қиынға соқпайды. Оның үстіне Вашингтонда коммуникациядан бөлек, АҚШ-тың сыртқы дипломатиясы жөнінде алған білімнен кейін, ондағы академиялық ортаның «жұмсақ күш» тақырыбына ерекше ден қоятынын баса айтқым келеді.
Қай елмен болса да коммуникацияны жұмсарту, өзгелерді тереңнен тани түсу, біле түсуге үздіксіз талпыныс АҚШ қаржыландыратын білім бағдарламаларынан анық көрініп тұрады. Тек АҚШ қана емес, халықаралық білім бағдарламаларына талдау жасап көрсеңіз, Канада, Қытай және Еуропаның өзге де алыптары алдымен жастарын шетке оқуға жіберуге жіті мән беретінін көресіз. Империялық пиғылы бар қай мемлекет те білім саласындағы халықаралық байланыстарды берік етуге күш салады. Оның астарында өз жастарының білім көкжиегін кеңейту идеясы ғана емес, жастары барған елдерді терең тани түсу ниеті де жатыр.
Меніңше, Елбасының еңбегі қазақ жастарының бір парасының кеңестік дәуірден қалған интеллектуалдық вакуумды бұзып шығып, кең перспективаны көруіне, түйсінуіне мүмкіндік берді. Отыз жылда бірде Батыстан, бірде Шығыстан соққан экономикалық дағдарыстар кезінде де, тоқсаныншы жылдардағы тоқыраулар тұсында да бағдарлама тоқтап қалмады. Қазақ жастары оқуын жалғастыра берді. Он бес мың жас өзге елдің білімін алды, мәдениетін көрді, халықаралық коммуникациялық көпір қалыптасты. Сол көпір арқылы елге үздіксіз білім келіп жатыр және сол жастар арқылы білім жаңара бермек.
Жайнагүл ТӨЛЕМІС,
Джордж Вашингтон университетінің түлегі,
Медиа және стратегиялық коммуникация магистрі