Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күні кеше жарық көрген «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласы – бастауында өзі тұрған саяси бетбұрыстар мен өзі құрған егемен еліміздің 30 жылдығы қарсаңында тоқпағы мен соқпағы көп өткен кезеңдерді қайыра бір електен өткізіп, осы жылдарда қалыптасқан жаңа буын, жас ұрпақтың жадында жаңғырып тұруы тиіс аманат ретінде жазылғандай әсер қалдырды.
Идеологиясы сүйегімізге дейін өтіп кеткен Кеңес Одағының құрсауы мен тұсауы – одақтас елдердің қай-қайсысына болса да оңай соққан жоқ, ал ХХ ғасырдың азабын ең көп тартқан, арқасын саяси үскіріктер мен аяз қарыған бодан Қазақстанға тіпті ауыр болғанына тарих куә.
«Жыланды үш кессең де кесірткелік халі бар» дейді, ал сан жылдар бойы басына ас құйып, сабына қарауыл қойған, «одақтас» деп айдар тағып, бір шынжырға байланған жұлыны берік жұмыр жүйенің талшықтары сыр бергенмен, тамыры тым-тым тереңде еді. Саясат сәт сайын сынаптай құбылып, таңда қабылданған шешім кеште теріске шығып жатқан 90-жылдары басында бұғау, аяғында көзір тұрған бүтін бір Республика мен Ұлт жауапкершілігін өз мойнына алған Нұрсұлтан Әбішұлының тәуекелін сезіне беріңіз. Саяси интригалар мен бюрократиялық барьер, көзге бірі көрінсе, бірі көрінбейтін ірілі-ұсақты кедергілер, ұлт мұраты жолында топсасын мүк басып кеткен емен есіктерді ашуға ерік-жігердің жетуі, әріптестермен бірге қабылдайтын ортақ шешімдерден өз елінің есесін жібермей, бәсін биік ұстау, Кремльдің әйдік сағатына құрылған алып таразының басында жатқан «мәжбүрлі» саяси шешімдерден жол тауып шығу үшін саясаткерге қандай амал мен айла, найзағайдың отына нан пісіретіндей сұрапыл қадамдар керек екенін жан-дүниеңмен сезінбеуге шараң жоқ... Тағылымды мақалада Тәуелсіз ұрпақтың ашар есігі мен жатар бесігін қамдау жолындағы Елбасының саяси Тұлғасы мен мемлекет құру жолындағы жанкешті еңбегі анық көрінеді. Даналық пен парасаттылықтың, шешім мен кесімнің, күрескерлік пен кемеңгерліктің, «тар жол, тайғақ кешудің» өткелі мен өткені көз алдымызға келді.
Басынан бақайшағына дейін талдап-бұтарлап жатпай, тәлімі мол екі-ақ мысалды келтірейін.
Бірінші, Елбасы мақаласында 1989 жылы Кремльдің Съездер сарайының мінбесіндегі сөйлеген сөзін қаз-қалпы келтіріпті: «...Қызметтік міндетім бойынша практикалық экономика мәселелерімен айналысып жүрген менің айтарым: біз бүгінде ел экономикасындағы шынайы жағдайды нақты білмейміз. Өздеріңіз ойлап көріңіздер: КСРО Мемлекеттік статистика комитеті деректері бойынша елдегі азық-түлік өндірісі артқан, бірақ сөрелер бос. Жоспарлар орындалуда, ал экономика ахуалы нашарлап барады. Неге? Мұндай «негелер» тым көбейіп кетті. Түптің-түбінде экономикадағы дағдарыстың қаншалықты тереңдеп кеткенін анықтап, оны еңсерудің айқын жолын табуымыз керек.
Он екінші бесжылдық жоспары тоқыраудың ең тозған дәстүрлері негізінде жасалды».
Жолындағысын солқылдатып басып-жаншып келе жатқан составтың, қойын-қонышы тәжірибеден өткен небір әдіс-айла мен қару-жараққа толы саяси эшелонның есігін айқара ашып, «қайта құра алмай жатқан» бас хатшының өзі сеніп отырған «бетбұрысын» нақты деректермен жоққа шығару үшін ең әуелі соңына ерген ел-халқының сенімі мен үмітіне деген ақ-адал тілек, сосын аттың басындай жүрек керек.
Екінші мысал. «Желтоқсанның 12-13 жұлдызында Ашғабадта Орталық Азия республикаларының басшыларымен бас қосып, жағдайды саралай келіп, біз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына тең құқылы мүше болуға әзір екендігіміз жөнінде ортақ мәлімдеме жасадық. Ертеңінде көптен күткен күн туып, Жоғарғы Кеңестің 1991 жылғы 14 желтоқсанында өткен 12-шақырылған 7-сессиясының талқылауына «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң шығарылды».
«Біз кімнен және неден тәуелсіздік алғалы отырмыз?! Өзіміз 70 жыл бойы сөгіп келе жатқан Ресей империясы үлгісімен енді қазақ империясын құруға ұмтылып жатқан жоқпыз ба осы?», «Біз тәуелсіз мемлекет жариялау мәселесін талқылаудамыз. Ертең таңертең 17 миллион халықтың тең жарымы – орыстілді қауым бөтен мемлекеттің азаматтары болып шыға келмек. Жолдастар, бұлай етуге болмайды ғой» немесе «Тек қазақ қана Қазақ КСР-інің немесе Қазақстан Республикасының Президенті бола алатыны жөніндегі ұсынысты маған қатысты алғанда азаматтық теңқұқылыққа жасалған қиянат деуге бола ма, жоқ па?», деген соқтасы қалың, астарына қан-жын ұялаған сауалдарды пейілі түзу, «осы елге бола қойса екен» деген ниеті қалыс жан айтты деуге келе ме? Әй, қайдам...
Тәуекел мен сенімнің, жауапкершілік пен қайсарлықтың жүгін арқалаған бұл мақаланы аға буынның үтір, нүктесіне дейін мұқият оқитынына еш күмән жоқ, бірақ Елбасы мақаласын жаңа буын, әсіресе Тәуелсіздік дәуірінде қалыптасып, елдік істерге араласа бастаған ұрпақ оқыса екен деген тілегім бар.
Жанарбек ӘШІМЖАН,
Парламент Мәжілісінің
депутаты