Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынап жүрген Нұр-Сұлтанның «Барысы» кезекті тур ойынын сырт айдында Қазанның азулы «Ак Барсымен» өткізіп, маңызды екі ұпайына қол жеткізді.
Елордалық хоккейшілер бірер күн бұрын Нижнекамскіде «Нефтехимикті» 4:2 есебімен жеңіп, екі матчқа созылған жеңілісіне нүкте қойған еді. Бұл ойында да жерлестеріміздің мерейі үстем болды.
«Татнефть Арена» спорт кешеніне жиналған жанкүйерлер бәсекенің бірінші кезеңінде гол көре алмады. Алғашқы 20-минутта айдын иелері басымдық танытқанымен, Ортио қорғаған қақпадан саңылау таба алмады. Үзілістен кейін матч тізгінін «Барыс» ойыншылары өз қолдарына алды. Ойынның 21-минутында Якоб Лилья Егор Шалаповтың нәтижелі пасынан кейін қақпашы Тимур Биляловтан айласын асырып, кездесудің есебін ашса, үшінші кезеңнің орта тұсында Аркадий Шестаков елордалық команданың басымдығын нығайта түсті – 2:0. Кездесудің 58-минутында «Ак Барс» сапынан Дмитрий Воронков есеп айырмасын қысқартқанымен, командасын жеңіске жетелей алмады. Осылайша, Юрий Михайлис шәкірттері Татарстандағы екі ойынды да жеңіспен түйіндеді.