• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 08 Желтоқсан, 2021

Ұлттық банк теңгенің әлсіреу себебін түсіндірді

289 рет
көрсетілді

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова әлемдік нарықтардағы құбылмалылық және теңгенің әлсіреу себептерін айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ұлттық қордағы валюта активтерінің көлеміне әсер еткен факторлар туралы айтып берді. Алдын ала деректер бойынша қарашаның соңында Ұлттық қордың валюталық активтері 54,9 млрд АҚШ долларын құрап, өткен айда 140 млн АҚШ долларына аздап төмендеген.

«Республикалық бюджетке трансферттер бөлу үшін валюта нарығында баламасы 263 млрд теңге болатын 617 млн АҚШ доллары сомасына активтер сатылды. Қарашада трансферттің көлемі 310 млрд теңгені ғана құрады, оның бір бөлігі Ұлттық қорға түсімдер есебінен қанағаттандырылды. Мұнай секторы ұйымдарының салық төлемдерін жүзеге асыруына байланысты қарашада Ұлттық қорға валюталық түсімдердің өсуі байқалды, ол шамамен 1 млрд АҚШ долларын құрады», деді ол.

Оның айтуныша, жаңа штамға байланысты қаржы нарықтарындағы едәуір құбылмалылық жағдайында Ұлттық қордың инвестициялық кірісі қарашада төмендеп, көбінесе акциялар портфелінің 2.11%-ға төмендеуі есебінен (-)540 млн АҚШ долларын құрады. Дамыған елдердің мемлекеттік бағалы қағаздары кірістілігінің өсуі және монетарлық саясаттың күшеюі аясында доллардың жаһандық нығаюы салдарынан дамыған елдердің облигациялар портфелі де төмендегенін көрсетті және қарашадағы кірістілігі (-)0.64% болды. Ұлттық қордың инвестициялық кірісі жыл басынан бері оң болып қала берді және 1.4 млрд АҚШ доллары немесе 2.52% болды. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Сыртқы нарықтардағы жағдайдың жақын арадағы даму келешегі және олардың теңгеге ықтимал әсері туралы мынадай пікір айтты.

«Жаңа штамның пайда болуы, мұнай бағасының құбылмалылығы, жаһандық инфляцияның өсуі және соның салдарынан көптеген орталық банктердің монетарлық саясатты күшейтуі жақын перспективадағы жаһандық нарықтардағы негізгі сын-қатерлер болып табылады. Дәл осы факторлар дамушы нарықтардың валюталарына, оның ішінде теңгеге де айтарлықтай теріс әсер етті. Коронавирустың жаңа штаммы қазірдің өзінде 38 елде таралды, бұл қолайсыз сценарий болған жағдайда әлемдік экономиканың қалпына келуін баяулатуы мүмкін. Сарапшылар алдыңғы штамдарға қарағанда мутациялардың көбірек болуының белгілі болғанын атап өтуде, бұл вирустың аса жұқпалы болуымен және оның қолда бар вакциналарға төзімділігімен байланысты орын алуы мүмкін», деді ол.

Әлия Молдабекованың айтуынша, алайда, «Омикронның» қауіптілігін растау үшін тестілеудің ресми нәтижелерін күту керек.

«Мәселен, АҚШ президентінің бас медициналық кеңесшісі Э. Фаучи Оңтүстік Африкадан алынған алдын ала деректер жаңа штамм ауруханаға жатқызудың өсуіне алып келеді деген қорытындыға әлі негіз жоқ деп мәлімдеді. Әрине, жаңа штамның таралуы жаңа шектеу шараларының кеңінен енгізілуіне байланысты отынға сұраныстың күрт төмендеу қаупіне байланысты мұнай бағасына қысым көрсетті. Алайда, ОПЕК+ соңғы отырысының қорытындысы бойынша мұнай өнімдеріне сұраныстың төмендеуінің объективті белгілерінің болмауына байланысты мұнай өндіруді арттыру жөніндегі қолданыстағы жоспарды ұстануға шешім қабылдап қана қоймай, әлемдегі эпидемиологиялық жағдай нашарлаған жағдайда мәміле өлшемдерін шұғыл түрде қайта қарауға дайын екенін мәлімдеді. Жаһандық пандемиядан кейінгі қалпына келтіру жағдайында проинфляциялық қысым сақталуда, ірі экономикалардағы инфляция көрсеткіштері таргеттелетін деңгейден асып түседі.

Атап айтқанда, бұл саны бойынша жеңілдету бағдарламасының тезірек қысқару ықтималдығын және 2022 жылы АҚШ ФРЖ мөлшерлемелерінің артуын күшейтеді. Осыған байланысты дамушы елдердің валюталарына жаппай қысым көрсететін АҚШ долларының нығаюы жалғасуда», деді ол.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары пікірінше, негізгі ішкі факторларға тоқталсақ, әдетте жыл соңы барлық деңгейдегі бюджеттердің игерілуі, қабылдау-өткізу актілеріне қол қою, соған сәйкес шетел валютасына сұраныстың, тиісінше теңгеге қысымның ұлғаюы арқылы сипатталады.

«Бірақ, бұл жағдайда қазіргі импорт пен халықтың қажеттіліктері шеңберінде валютаға жаңа жыл алдындағы дәстүрлі сұраныс туралы айтып отырмыз. Менің ойымша, жоғары сұраныс қарашаның соңы мен желтоқсанның басында орын алды», деді ол.