Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен Орталық мешіт мамандары «Адам және қоғам» қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, мешіттердің 100-ге тарта діни қызметкеріне арналған курс өткізді. Бес курстан тұратын сабақ барысында тыңдаушыларға білікті теолог-сарапшылар дәстүрлі құндылықтар және деструктивті діни ағымдардың ұстанушылармен жүргізілетін жұмыстың негізгі әдістері туралы ақпараттар жеткізді.
«Деструктивті діни ағымдарды ұстанушыларды дерадикализациялау», «Заңнамалық нормативтік-құқықтық актілердің үстемдігі», «Дәстүр мен діндердің үйлесуі» тақырыптарына арналған үш күндік курс барысында қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Ерғали Көшеке осы орайда имамдардың біліктілігін ата-бабаларымыздың салт-дәстүрімен ұштастыра отырып көтерудің маңызды екендігіне тоқталды. «Бүгінде теріс ағымдармен күресте мемлекет пен мүфтият бірлесе жұмыс істеуі қажет. Жобаның мақсаты – ғаламтор, әлеуметтік желілер арқылы тараған кейбір ақпараттарға ілесіп, соның арбауында жат ағымдарға кетіп жатқан жастар арасында тәлімді-тағылымды насихат жүргізу. Әлеуметтік желілерде дінге қызығушылық білдіретін жастар көп. Олармен насихат жұмыстарын күшейту мақсатында Орталық мешіт мамандарымен келісе отырып, бұл аудиторияларда жұмыс істеудің тәртібі белгіленді», деп атап өтті Е.Көшеке.
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспанның айтуынша, Алматы орталық мешіті мен Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы «Адам және қоғам» қоғамдық қоры бірлесе отырып, осы жылы мешіт жамағаттары арасында спорттық іс-шаралар мен жат ағыммен күреске бағытталған ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізген.
«Адам және қоғам» қоғамдық қорының жетекшісі Гүлім Нұрғалиеваның айтуынша, іс-шараларды өткізу кезінде Алматы қаласы мешіттерінің имамдарына 400-ден аса дәріс өткізіліп, оған 150 мыңнан астам жамағат қамтылды. Сонымен қатар жамағат үшін 50 «чат» құрылып, осы «чаттар» мен топтарда аптасына екі рет тұрақты негізде деструктивті діни идеологияның зардабы туралы насихат материалдары таратылды. Жоба аясында Instagram, Facebook әлеуметтік желілеріндегі және Youtube видеохостингіндегі ҚМДБ Алматы филиалының ресми парақшаларында тұрақты түрде насихаттық мазмұндағы материалдар жариялау жалғасын тауып келеді.
АЛМАТЫ