• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Желтоқсан, 2021

Қарағанды мен Теміртау газ желісіне қосылды

550 рет
көрсетілді

Қарағанды облысының тұрғындары Тұңғыш Президент күні мерекесі мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Сарыарқа» магистралды газ құбыры арқылы көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізді. Орталықтандырылған газ желісіне алғашқы болып Қарағанды мен Теміртау қалалары қосылды.

Металлургтер қаласының тұрғыны Вячеслав Бражников өзінің қуанышында шек жоқ екенін айтады.

– Көмір тасу, күл шығарудың азабы қандай екенін көп адам біле бермейді. Қазір ауыр жұмысқа шамам да келмейді. Енді көмір тасып, азаптанудың қажеті жоқ. Қосып қойып, арасында бақылап тұрамын. «ҚазТрансГаз» қыз­мет­керлеріне алғысым шексіз, – дейді ол қуанышын жасыра алмай.

Вячеслав Бражниковтың үйіне газ арқылы жылытуға қажетті бар­лық техника орнатылған. Тіп­ті иіс тиюдің алдын алатын қауіп­сіздік құрылғысы да бар.

Қазіргі таңда Теміртау қала­сы бойынша 500-ге жуық үй газ­ға қосылуға дайын. 2025 жыл­ға қарай қаладағы 5 мыңға тарта тұрғын үйге орталықтан­дырылған газ тартылады. Сон­дай-ақ алдағы уақытта өңір­дегі ірі кә­сіпорындарды да бір­тіндеп газға қо­су жұмыс­тары жүр­гізіледі. Бұл ауаға шыға­рылатын зиянды қал­дықтардың көлемін азайтып, экологиялық мәсе­ле­лерді оңтай­лы шешуге мүм­кіндік бере- ді.

Жалпы, Қарағанды қаласында екі қосу кешені салынып, 64 шақырымнан астам газ құбыры тартылды. Жобаның бірінші кезе­ңінде 3 мыңға жуық үйді газдандыруға мүм­кіндік берсе, алдағы уақытта тағы 13 мың­ға жуық тұтынушы көгілдір отынға қол жет­кізеді.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарса­ңын­да өткен іс-шараны үлкен жетістік деп са­най­тынын мәлімдеді.

– Үш жыл бұрын «Сарыарқа» газ құбы­рын салу жобасы бас­тал­ған болатын. Магистрал­ды желілерді тарту өткен жылы аяқ­талды. Биыл үйлерге тарату желілері жүргізіліп, жұмыстар сәтті аяқталды. Бұл халықтың тұр­мыс жағдайын жақсартуға және көптеген экологиялық мә­селені оңтайлы шешуге мүм­кіндік береді, – деді облыс бас­шысы.

Қарағандыдағы газдың келуін қала тұр­ғын­дары зор қуанышпен қарсы алды. Әсіресе Михайлов шағын ауданында тұратын Же­ңісбек Сүйіндікұлы есімді қа­рия­ның қуанышы ерекше болды.

– Біз үшін бүгін армандар­дың орындалған күні. Өзім жер үйде тұрғандықтан от жағудың қиындығын бір кісідей білемін. Газ бен көмір арасындағы айыр­машылықты да білесіздер. Кө­мірдің шаңымен үнемі дем алу ағзаға зиянды. Барлық қа­ла тұр­ғындарын бүгінгі қуаныш­тарымен құттықтаймын. Осы іске бас­тамашыл болған адамдарға алғысым шексіз, – дейді қала тұрғыны.

Қарағанды облысының ірі үш қаласында газ құбырларын тар­ту жобасының бірінші кезеңі аяқталды. Нысандар «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ басқаруына берілді. Оның міндеттеріне газды тарату, тасымалдау кіреді. Алдағы күндері Жезқазған қаласындағы үйлер газға қосылады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар Елбасының еңбек жолы басталған Теміртау қаласында Тұңғыш Президент күні ерекше атап өтілді. Осыған орай металлургтер қаласында көптеген ұлт пен ұлыстың басын біріктіретін «Достық үйі» ашылды. Жаңа әлеуметтік нысанды Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасым­бек аралап, қоғам белсенділерін қонысто­йымен құттықтады. Кәсіптік-техникалық учи­­лищенің бос тұрған ғимараты қайта тү­леп, «Достық үйіне» айналды. Ғимаратта этно­мәдени бір­лестіктер, ҮЕҰ, жастар және волонтер ұйымдарына арналған 57 кабинет жаб­­дық­талған. Тіпті шығармашыл жастар үшін ар­найы медиа студиясы да бар. Сондай-ақ мұнда түрлі ұлт өкілдері мемлекеттік тіл­ді үйреніп, жетілдіре алатын тіл клубы жұ­мыс істейді. Алдағы уақытта «Рухани жаң­ғы­ру» бағдарламасы аясында медиация каби­­нет­терін ашу жоспарланған.

Игі іс-шаралардың соңы Темір­тау­да­ғы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәде­ни орта­лығында салтанатты іс-шараға ұлас­ты. Оған Елбасының еңбек жолындағы әріп­тестері мен Тәуелсіздіктің құрдастары қа­тыс­ты. Орта­лықта сөз сөйлеген Жеңіс Қасым­бек Тәуел­сіздік жылдары қол жеткі­зген табыс­тарға қысқаша шолу жасады.

– Биыл Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығын қо­ры­тындылай келе, біз­дің еліміз Тұңғыш Пре­зиденттің басшылығымен жаһандық тарих үшін қысқа мерзім ішінде экономикалық, саяси және мәдени серпіліс жасағанын айқын көруге болады. Жоспарлы құрылған қолай­лы инвестициялық ахуалдың нәтижесінде, айма­ғымызда жаңа технологияларды қолдана отырып, 100-ге жуық ірі жаңа кәсіпорын пайда болды. Шикізат өңірінен дамыған кәсіпкерлік кластерге дейін өстік. Бүгінде облыстың әрбір үшінші тұрғыны шағын және орта бизнес­­ке тартылған, – деп атап өтті ол өз сөзінде.

Облыс басшысы шараға қа­тысқан Елба­сының еңбек жо­лындағы серіктестеріне ал­ғыс сезі­мін жеткізді. Ал Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевпен бірге жұ­мыс істеген арда­герлер Тұңғыш Пре­зиденттің жастық шағы мен Темір­тауға сапары туралы құнды есте­­лік­терімен бөлісті. Сонымен бірге Тәуел­сіздік құрдастары өздерінің түрлі сала­дағы жетістіктері туралы айтып, аға буын өкіл­дерінің ықыласына бөленді.

 

Қарағанды облысы