• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Желтоқсан, 2021

Аймақтағы ахуалмен танысты

180 рет
көрсетілді

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болып, өңірдегі әлеуметтік және туристік нысандардың ахуалымен танысты. Әулиеата жеріне жұмыс сапары барысында Қ.Көшербаев Тараз қаласындағы «Арбат» жаяу жүргіншілер аймағын, «Көне Тараз» және «Тектұрмас» тарихи-этномәдени, үстел теннисі және көркем гимнастика спорт кешендерін аралап көрді.

Өңірге жұмыс сапары барысында Қырымбек Елеуұлы жуырда ғана бой көтерген «Анаға тағзым» тәрбие орта­лығында болып, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздікке тәубе» салтанатты шарасына қатысты. Іс-шара аясында қазақ, өзбек, орыс, дүнген, тәжік, башқұрт сияқты этнос өкілдері әзірлеген ұлттық тағамдардың фестивалі өтіп, көпбалалы аналардың қатысуымен мерекелік дастарқан жайылды. Сонымен қатар «Асыл әжелер» ансамблінің мүшелері және Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық Мәдениет үйінің өнер шеберлері өз өнер­лерін ортаға салды. Кездесу барысында «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали мекеменің қызметі қоғамдағы әйелдердің мәртебесін арттыруға, халқымыздың салт-дәстүрлерін ескере отырып, болашақ аналарды тәр­биелеуге бағытталғанын айтты. Осы орайда, Мемлекеттік хатшы Қырым­бек Көшербаев ана мен баланы қолдау мем­лекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. «Ел болашағы бесіктен басталады. Ана мен бала ден­саулығын қорғау Мемлекетіміздің стра­тегиялық дамуының негізгі басым бағыты болып табылады. Көпбалалы аналарға   жан-жақты қолдау көрсету шаралары жалғаса береді», деді Қырымбек Елеуұлы.

Өңірге жұмыс сапары аясында еліміздің Мемлекеттік хатшысы Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында өткен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Мерекелік жиында Қырымбек Көшербаев жамбылдықтарды мерейлі мерекемен құт­тықтады. Нұрсұлтан Әбішұлының бола­­шақты болжап, келешекті көре біл­ген көреген сая­сатының арқасында тәуел­сіздікпен бірге қоғамның тұтастай жа­ңаша ойлау жүйесі қалыптасты. Тәуелсіз Қазақстанның туын тіктеп, шекарасын ше­гендеп, әлемдік аренада өз орнын ойып тұрып алуына Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ерен еңбек сіңірді. Талай сындарлы сәтте елімізді заманның дауылы мен жауынына ұрындырмай, аман алып шықты. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Елбасы қалыптастырған даңғыл жолды «Сабақтастық. Әділет. Өрлеу» принциптерімен лайықты жалғастырып келеді. Осылайша, біз ғасырға пара-пар қысқа мерзімде жасампаздық жолына түсе білдік», деді Қырымбек Көшербаев өз сөзінде. Сондай-ақ Мемлекеттік хатшы өз сөзінде барша қазақстандықтың тәу етер тұғыры – тәуелсіздіктің құндылығын бүгінгі өскелең ұрпақ жете түсініп, баға­лауы керектігін баса айтты. Сонымен қатар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын­а Жамбыл облысының да ерекше үлес қосып келе жатқанын атап өтті. «Бүгінгі ұрпақ тәуелсіздік киесін қастерлеп, мәр­тебемізді асқақтатқан азаттықтың қадірін бағалай білуге, сол арқылы ұлт пен тарих алдындағы жауапкершілігін жете сезінуге тиіс. Біздің алдымызда тәуел­сіздік сыйлаған даңғыл жол жатыр. Сол жолда жаңа асуларды бағындыру міндеті тұр. Тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау – біздің бас­ты мақсатымыз», деді Мем­лекеттік хатшы жұртшылықпен жүз­десуінде.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңір халқын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесімен құттықтап, облыстың жетістіктерін атап өтті. «Отыз жылдың әр сәті – біз үшін жеңіс, әр жылы – тұтас дәуір. Осы тәуелсіздік дәуірінде еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі зор. Сол себепті де «Тәуелсіздік пен Елбасы» сөзі үнемі қатар жүреді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел үшін де, ер үшін де оңай бол­ған жоқ. Осындай қиын-қыстау кезеңде, елі үшін ері тарихи шешімдер қабылдап, болашақты болжай білді. Сындарлы саясат пен нақты шешімдердің арқасында Қазақстанды қиындықтардан алып шықты. Тұңғыш Президентіміздің сындарлы саясатының арқасында әлемдік саясатта дамудың «Қазақстан жолы» атты моделі қалыптасты. Бүгінде осы дамудың «Қазақ­стандық жолы» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағда­рында ұтымды сабақтаса отырып, ел тарихы­ның өрлеуінде әрі қарай жалғасын табуда», деді Б.Сапарбаев. Өз сөзінде облыс әкімі Тәуел­сіздіктің 30 жылында Әулиеата халқының саны 1 миллион 150 мыңға көбейгенін, халықтың өмір сүруінің орташа жасы 63,5 жас­тан 71 жасқа ұзарғанын, осы жылдары облыс бюджеті 222 есеге өсіп, 2,2 миллиард теңгеден 481 миллиард теңгеге жеткенін және өзге де әлеуметтік-экономикалық жетіс­тіктерді атап өтті.

Салтанатты іс-шарада Мемлекеттік хат­шы Қ.Көшербаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен берілген мемле­кеттік наградаларды өз иелеріне тапсырды.

 

Жамбыл облысы