• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2014

Әлемдік білім кеңістігіне енудің сәтті қадамы

689 рет
көрсетілді

Назарбаев зияткерлік мектептерінен көрініп отыр

Елбасының «20 зияткерлік мектеп» жобасы аясында 2010 жылы Талдықорғанда да физика-математикалық бағыттағы «Назарбаев зияткерлік мектебі» ашылған еді. Негізгі мақсаты жасөспірімдердің зияткерлік әлеуетін көтеріп, көшбасшылық қадамын қалыптастыру, адами құндылығы жоғары зиялы тұлға тәрбиелеуге ықпал ету болып табылады. Осы бағытта Пенсильвания UPENN, Филадельфия (АҚШ) және Sussex, Брайтон (Ұлыбритания) университеттерінде кәсіби біліктілігін көтерген, Елбасының Құрмет грамотасымен марапатталған Жетісудың кіндік қаласындағы зияткерлік мектеп филиалын басқарып отырған педагогика ғылымдарының кандидаты Гүлайым Байжикенованы әңгімеге тартқан едік. – Гүлайым Қабидолдақызы, зияткерлік мектептің көп мүм­кіндігінің бірі – жалпы орта мектепке тән бағдарламамен ше­ктелмей, уақыт талабына сай заманда тың серпінмен бі­лім беретіндігі туралы соны ой қозғасаңыз? – Елбасы биылғы Жолдауында бірегей білім беру, білім берудің ұлттық жүйесін қалыптастыруды тапсырып отыр. Оның үстіне жалпы білім беретін мектептерді «Назарбаев зияткерлік мектеп­теріндегі оқыту деңгейіне жет­кізу керек» деді. Бұл бізге біл­дірген сенім, сонымен бірге зор жауапкершілік жүктеуде. Иә, біріншіден, зияткерлік мек­тептің ерекшелігі қандай дегенге тоқталайын. Білім ордасында орта білім берумен қатар, әр оқушының ойлау қабілетін дамытуды негізгі ұстанымына айналдырған. Қарапайым ғана мысал келтірсем, математика пә­нінің мұғалімі оқушыға есеп шы­ғартқан кезде тақтаны, иә болмаса қа­ғазды шимайлап тұрмай (калькуляторды мүлде ұмытып) ой­ша көбейтіп, бөліп дұрыс жау­а­­­­­бын жазуға машықтандырады. Сан рет сүзгіден өткен мұндай тәсілдер әр пәнде ретіне орай пайдаланылады. Оқушылар мұғалімімен бірлесе жүргізетін ғылыми-зерттеуінде ережемен шектелмей, өзіндік ойын іс жүзіне асыруына мүмкіндік молынан жасалған. Сөйтіп, әлем­дік білім кеңістігіне ену мақсатында баланың алғырлығын анықтауға, ұшқырлығын ұштауға қадам жасалады. Уақыт талабына сай білім беру үшін 59 оқу кабинеті, роботты техникалық, нанотехнологиялық 13 зертхана, электрондық абонемент орнатылған кітапхана, жоғары жылдамдықты желілі, желісіз Wi-Fi интернет жүйесі бар. Осы­ны ұтымды пайдалана білу үшін кәсіби мамандарға тән біліктіліктері сыналып, іріктелген педагогика ғылымдарының кандидаттары және жоғары санатты 124 мұғаліммен бірге шетелдік 21 оқытушы жұмыс істеуде. Былтырғы жылы аттестат­таудың бірінші кезеңі валидациядан сүрінбей өткенімізді айт­қым келеді. Бұл түлектеріміз мек­тепті бітірген соң, әлемнің беделді жоғары оқу орындарына оқуға түсуге мүмкіндік беретін халық­аралық маңызы бар құжатқа ие болатындығын аңғартады. – Аз ғана уақытта өңірде өзін­дік орнын айшықтаған зият­кер­лік мектеп екі жыл­да қандай жетістіктерге қол жеткізді? – Барлық көрсеткіштер бойынша республикадағы «Ең үздік олимпиадалық мектеп» деп танылды. 2012 жылы мектебімізді тәмамдаған 66 түлектің 9-ы «Алтын белгі», 6-уы «үздік аттестат» иегері болды, 11 түле­гіміз сындардан сүрінбей өтіп, Назарбаев Университетінің сту­денті атанды. Былтырғы жылы да сол биіктен түспей шә­кірт­теріміздің алтын, күміс медальдары еселеніп, 20 оқушымыз Назарбаев Университетінде бі­лім­дерін жалғастырса, Түр­кия, Ұлыбритания, Ресей мем­лекет­терінің жоғары оқу орындарына таңдаған мамандықтары бойынша оқуға түскен оқушыларымыз бар. Бірқатар ұстаздарымыз жекелеген пәндер бойынша бағдарламалар құрастырып, оқулықтар жазуға өз үлестерін қосуда. Сөйтіп, кәсіби біліктіліктерін әріптестеріне мойындатумен қатар, зияткерлік мектеп мерейін көтере түсуде. – Зияткерлік мектептің өзге мектептерден қандай ерекшелігі бар? – Білім беру бағдарламасының заманауи моделін әзірлеу, енгізу және жүзеге асыру балабақшадан бастау алып, бастауыш сыныпта жалғасып, негізгі және жоғары сыныптарда оң нәтижеге қол жеткізуді көздейді. «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы ретінде академиялық еркіндік пен дербестік құқығына ие. Бұл мәртебе оқу бағдарламаларын дербес бекітуге, қабылдау емтихандарына қойылатын талаптарды белгілеуге, оқу үлгерімін бақылауға, аралық және қорытынды аттестаттауға құқықты білдіреді. Академиялық еркіндікке орай біздің мектепте көшбасшылықты қалыптастыруға арналған жеке бағдарлама құрастырылды. Осы бағдарлама арқылы әр мұға­лімнің, әр оқушының өзіндік «мені» қалыптасып, сенімі артады. Жас көшбасшыны анықтау балабақшадан бастау алады. Негізгі мектепте «Көшбасшылықты дамыту» элективті курсы жүргізіледі, ал жоғары сынып оқушылары жас лидерлер ассоциациясына тартылған. Мектептегі тағы бір өзгешелік, оқушыларымыз таңғы 8.15-тен бас­тап 40 минуттан оқиды. Жоспарға сәйкес, қосымша дайындық және үйірме сабақтары да күн тәртібіне енгізілген. Оқушылар күніне 3 рет мектеп асханасында тамақтанады. Сондай-ақ, зияткерлік мектептердің оқушылары арнайы тігілген мектеп және спорт киімдерімен жыл сайын тегін қамтамасыз етіледі. Мектебімізде көптілділікті қалыптастыру мақсатында шетел­дік оқытушыларды жасақтау халықаралық білім ұйымдарының педагог мамандарды жалдау бойынша өткізетін халықаралық жәрмеңкелері мен жоғары оқу орындарымен серіктестігі арқылы іске асады. Стратегиялық серіктесіміз Кембридж университеті мамандарымен халықаралық үздік тәжірибелерге сүйене отырып жасалып, кіріктірілген бағдарлама бойынша жекелеген сыныптар оқытылады. Ұжымда өз ісіне берілген жоғары білікті тәжірибелі ұстаздармен қатар, болашағынан зор үміт күттіретін: Малайзия, Канада, АҚШ, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Филиппиндік жас мұғалімдер ортақ мақсатқа жұмылдырылған. Жекелеген пәндер «team teacher» жүйесі бойынша жүргізіледі, яғни бір пән бойынша екі педагог қатар тұрып (қазақстандық-шетелдік) дәріс береді. Мектебімізде белгіленген талапқа сай оқушы білімін ба­ғалаудың критериалды формасы қолданылады. Алғашқы күннен «Жасыл мектеп» жобасы жұмыс істейді. Мақсаты – оқушыларды еңбекқорлыққа, мейірімділікке, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуға тәрбиелеу. Қоғам және мектеп, Табиғат-ана игілігіне қамқорлықпен ұқыпты қарау негізгі ұстанымы болып саналады. 2012 жылдың қыркүйегінен «Қамқорлық» жобасы аясында оқушыларымыз аптасына екі рет Талдықорғандағы «Айналайын» балалар үйіне барып қамкөңіл балалардың жүректеріне жылылық шуағын құюды әдетке айналдырды. Бір нәтижесі қамқорлыққа алынған 3-7 жас аралығындағы балалар біздің оқушыларымызға бауыр басып кетті. – «Қазақстан-2050» Стра­тегиясынан бастау алған Елба­сының биылғы Жолдауына сәйкес қандай жұмыс атқарылды, атқарылуда? – «Қазақстан-2050» Стра­тегиясында «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауат­тылығы жоғары елге айналуы­мыз керек» деді Президент. Жаңа Жолдау бәрімізді жігерлендіріп отыр. Елбасы зияткерлік мектептер орта білім беру жүйесін реформалау жөніндегі стратегиясының бір бөлігі болып табылатын зияткерлік мектептердің мәртебесін, әлеуетін арттыруды атап өтті. Зияткерлік мектептердің басты міндеті, бәсекеге қабілетті түлектерді даяр­лау ғана емес, сонымен бірге, өзінің тәжірибесін дәйектеу арқылы Қазақстанның орта білім беру жүйесін дамытуға ықпал ету, барлық жас ұрпаққа сапалы орта білім алуға тең қолже­тімділікті қамту болып табылады. Біз осыны іске асыру үс­тіндеміз. Патриоттық тәрбиені жоғары деңгейде жүргізумен қа­тар, мектебімізде қалыптасқан үш­­­тілділік оқушылардың әле­у­­­етін жоғарылатуда. Сын, шы­ғармашылық ойлау қа­білеті, мәдениетаралық қызмет­тес­­­тік­ке бейімділігі, өзіне жә­не айна­ласындағыларға деген құр­­мет, сыйластық, басқа тілді үй­ре­нуге деген ниеттері оң бағытта қалыптасуда. Бүгінгі мектеп – оқушыны білім мен ғылымға үйретіп қана қоймай, өз бетімен білім алуға, талдау жасауға, сыни тұрғыда ойлауға, рухани бай, шыншыл, белсенді болуға үйрететін институт. Рухы биік, бәсекеге қабілетті, еліміздің өркендеуі мен дамуына құлшына қатысуға бейім көшбасшыларды дайындауға қабілетті барлық компоненттер біздің мектепте бар десем артық айтқандық емес. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан».  Алматы облысы.