• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 16 Желтоқсан, 2021

Тәуелсіздік тудырған туындылар

943 рет
көрсетілді

Арайлап атқан азаттық таңы – ол Алаш баласы аңсап жеткен ең асыл аманат. Тәуелсіздікке жету бар да, оны тұрақты ету бар. Сол жолда қазақ баласы қаншама қиын өткелді өршілдікпен өтті, қаншама қиын сынақты қайыспас иықпен көтере білді. Жалпы, Ұлы даланы мыңдаған жыл бойы мекен еткен көшпелі қазақ ұлысы үшін тәуелсіздіктен қымбат құндылық болған емес. Тәуелсіздік дегеніміз ол – тарлан тарих. Егемендік дегеніміз ол – ертеңгі бостан болашақ.

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Бүгінді түсі­ніп-түйсіну үшін де, болашақтың дида­рын көзге елестету үшін де, кешегі кезең­ге көз жіберуіміз керек» деп бәрі­мізді тым бай тарихымызға терең бой­лауға, алтын тамырымызға айқын үңілуге шақырады.

Әрине, төл мәдениетімізді, ұлттық әдебиетіміз бен ата шежіремізді жиі насихаттауда өнердің қай түрі болсын, үлкен маңызға ие. Соның ішінде жаңа заман талабына сәйкес жас ұрпақтың бойындағы патриоттық сезімді үнемі оятып тұруда отандық кино саласының атқарар рөлі ерекше. Әлбетте, барлық фильм біздің тарихи санамызды жаң­ғыртып, ұлттық кодымызға қозғау салды деу өтірік болар. Дегенмен егемендікке қол жеткізген осынау отыз жыл ішінде өр рухымызды жанып, ерлік намысымызды атқа қондырған тарихи фильмдер легі ұлтты өз деңгейінде шын мәнінде оята алды. Бір сөзбен айтқанда, ұлт бет-бейнесін қалыптастыруда, тарихи сананы жаңғыртуда ең басты құралдардың бірі – кино болды.

 «Қазақфильм» – қазақтың рух ордасы

Тәуелсіздік таңымен бірге ұлттық киномыз да жаңа кезеңге аяқ басты. Ел тарихын еркін баяндауға мүмкіндік әперген егемендік кино саласын да жаңа белеске көтерді. Бір ғана Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы тәуелсіздік алған күннен бастап бүгінге дейін 600-ге жуық кинотуынды шығарып үлгеріпті. Әрине, бір қарағанда бұл көрсеткішке көңілі толмайтындар да табылуы мүмкін. Бірақ 600 фильм емес, бір ғана кинокартинаның өзі тұтас ұлттың рухын оятып жібере алатын мүмкіндігін ескерсек, егемендікпен бірге ел назарына ұсынылған бұл көркем фильмдердің жас ұрпаққа берері мол.

Сол 600-ден астам көркем фильмнің ішіндегі 147-сі толықметражды көркем фильм екен. Ал алтауы телевизиялық көр­кем фильм, 86-сы қысқаметражды фильм, 287-сі деректі фильм (оның ішінде 8 деректі сериал), 76-сы анимация­лық фильм (оның ішінде 1 анимациялық сериал, 3 толықметражды анимациялық лента) түсірілген.

Иә, тек цифрларды сөйлете берсек ой сөреміз онша қанағаттана қоймайтыны рас. Сондықтан жоғарыда атап кеткен көп фильмнің ішінен бөліп алып бір­неше кинокартинаға ғана азырақ тоқталғанымыз дұрыс.

«Батыр Баян»

Тәуелсіздікті енді алған алғашқы жыл­дары қазақтың қаншама ғасыр бойы тапталып, езгіден көз ашпаған еңкіш рухы «Батыр Баянмен» бірге қайта ат­қа қонғандай болды. Иә, Абайдан кейінгі қазақ жырының алыбы маңғаз Мағ­жан­ның «Батыр Баян» поэмасы желісімен көгілдір экран арқылы қалың қазаққа жол тартқан «Батыр Баян» фильмі

тә­уел­­сіздіктің туын жел­біреткен алғашқы қар­лығаштардың бірі. Қазір айтуға оңай болғанмен ол кезде, еге­мендікті енді алған, тәуел­сіздіктің тұғыры толық бе­кімеген жас мем­лекет үшін «Ба­тыр Баян­дай» кесек туындыны кенет кино­ға айналдыру қай жағынан болсын асқан ерлік болатын. Олай дейтініміз, тәуелсіздік алмай тұрып Мағжанның шы­ғармасын киноға пайдаланбақ тұр­мақ, оның атын атаудың өзі мұң еді ғой.

Айтпағымызды айналсоқтап ке­туіміз мүмкін, дегенмен «Батыр Баян» дегенде бірер әңгіме еріксіз еске түседі. Кеше ғана торқалы тоқсан жасқа аяқ басқан облыстық «Орталық Қазақстан» газеті Мағжан Жұмабаев ақталмай тұрған кездің өзінде ақынның «Батыр Баян» поэ­масын ешкімнен тайсақтамай рес­публикада бірінші болып жариялап жіберген екен. Шығармасы тұрмақ, ақын­ның атын атаудың өзі ол кезде оңай шаруа емес. Мұны аталған газет ре­дакторларының бірі, марқұм Ма­ғауия Сембай: «Алашорданың анық мұрагерлерінің бірі – Жайық Бектұров әлгі поэманы көзінің қарашығындай сақтап жүріп, сол кездегі газет редакторы Нұрмахан Оразбековке әкеліп көр­сеткенде, батыр редакторымыз «Ор­та­лыққа» жариялап жіберіп, айды аспаннан шығарған», деп нақтылап жазады.

Сөйткен «Батыр Баян» 1993 жылы режиссер Сламбек Тәуекелдің қолтаң­басымен көпшілікке көгілдір экран ар­қылы жол тартады. Заманның қат кезінің өзінде асқан шеберлікпен түсі­рілген тарихи драма қазақтың өр рухын жұлқып оятқандай болды. Абылайдың ақ туын ұстаушы баһадүр Баян арқылы ұлық ұлыстың берік ұстынын көрсеткен кинокартина тәуелсіздігіміздің тұңғыш табыстарының бірі еді. Киноның желісін ежіктеп баяндау керек болмас. Дегенмен басты рөлдерді сомдаған белгілі актерлер, Баян рөлін мүлтіксіз мүсіндеген Жұмахан Әбдіқадірді, Баянның інісі Ноянның рөлін шебер ойнаған Кеңес Нұрлановты ел есіне қайта салып қойсақ артық етпейді. Себебі сонау тоқсаныншы жылдардың басында, бүгінгідей жарқ-жұрқ спецэффектілерсіз-ақ ел рухын асқақтата білген ондай таланттарды біз әрдайым ұмытпауымыз керек. Бұл қос актерді әлі де болашақта түсірілетін жаңа кино туындыларға арнайы шақыр­тып, экран арқылы халықпен жиі қауыш­тырып тұрған жөн. Фильмнің сценарийін жазған белгілі жазушы Смағұл Елубай. Егемендігіміздің елең-алаң шағының өзінде ұлттық сананы оятып, қазақ халқын рух төріне шығарған шығарма ел жадынан ешқашан өшпейді.

«Көшпенділер»

Бүгінде отандық кино саласы айтар­лықтай табыстарға жетіп үлгерді. Әрине, жоғарыда айтып кеткен «Батыр Баян» сияқты тарихи фильмдер құр тақырдан өсіп шыға салды дей алмаймыз. Кешегі Кеңес өкіметі тұсының өзінде «Қыз Жібек» сынды классикалық кино туындылар біздің ұлттық киномыздың сара жолын салмақты сала білді. Сол алтын желі үзілмей бү­гінге жетті. Біздің фильмдер қазірдің өзін­де халықаралық беделді кинофестиваль­дарға үнемі қатысып, жүлделер мен ха­лықаралық сыншылардың оң пікірлерін алып жүргенін зор мақтанышпен айта аламыз.

Соңғы 30 жылда «Қазақфильм» кино­студиясының 200-ден астам картинасы әлемнің 60 елінде 220-дан астам халық­аралық фестивальға қатысып, 300-ден астам түрлі жүлдені, оның ішінде 51 Гран-приді жеңіп алыпты.

Соңғы бірнеше жылда қазақ­стан­дық режиссерлердің картиналары Ве­не­циядағы, Канндағы, Сан-Фран­цис­кодағы, Брауншвейктегі, Туриндегі, Париждегі, Мәскеудегі «А» санатындағы халықаралық беделді фестивальдарға және әлемнің басқа да көптеген қала­сында көрсетіліп, жүлделерге ие болып келеді.

Солардың ішінде әлем назарын ерек­ше аударған фильмнің бірі – «Көш­пенділер». 2006 жылы жарыққа шыққан тарихи драма да ел тәуелсіздігінің арқа­сында экранға ертемен жол алған ұлт­тық жоба болатын. Қалай десек те аталған кинотуынды ХХІ ғасырдағы қазақ киносының озық жетістігін әлемге паш етті. Заманауи тех­нологияларды ба­рынша батыл қолданып түсірілген көркем фильм қазақ хандығының тарихи кезеңдерін, ұлты­мыздың XVIIІ ғасыр­дағы мемлекеттік санасы­ның қалып­тасуы туралы жағ­даяттарын жар­қын көр­сете білді. Үш жүздің басын қосқан хан Абылай тарихы арқылы көшпелі Ұлы дала мәдениетін, олардың салт-дәс­тү­рін, әдет-ғұрпын, тілін, ділін дүние жүзіне жар­қы­­ратып алып шықты. «Көш­пен­ділер» фильмі ар­қылы біз ұлт­тық киномызды жаңа сатыға биік­теттік. Отан­дық актерлеріміз шет­ел­дік мамандар­мен бірлесіп жұмыс істей алатындықтарын байқатты. Тіпті әлемдік кино жұлдыздардан да асырып, шебер ойнай алатын­дық­тарын осы «Көш­пен­ді­лер» арқылы көп ак­теріміз дә­лел­деп шықты. «Көш­пенділер» кинотуындысы қазақтардың азаттыққа деген асыл аңсарын айшықтаған тарихи драма болатын. Тарихи эпикалық лентаның режиссерлері Талғат Теменов, Сергей Бодров, Иван Пассер болса, фильмді тү­сіруде бас кеңесшілердің бірі болған жазушы, этнограф Ақселеу Сейдімбек еді.

Фильмнің кейбір тегеурінді тіркес­тері әлі де жадымызда жаттаулы, санамызда сақтаулы келеді. Айталық, «Біз Мансұр екеуміз қазақпыз!», «Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-ғайыр алқап көшпенді қазақ жұртының бағзыдан бері ірге тепкен атақонысы» деген тіркестер жай ғана кинодағы кезекші сөйлемдер емес, біздің жадымызды жаңғыртқан жалынды жазбалар-тұғын. Себебі сол бастапқы бір ғана сөйлем арқылы біз бүгінде иелік етіп отырған осынау кең саха­раның ежелден қазақ ұлысына тиесілі ұлы байсын екенін әлемге еркін айттық. Сол арқылы дүние жүзіне кең сахара төсіндегі қазақ жұртының күрескер ерлік даңқын асқақтаттық. Жоғарыда да айтып кеткеніміздей, кейде ұлттың рухын бір ғана сөз оятып жататын кездер болады. Иә, Алтай мен Атырау арасындағы ұлан-байтақ даланың қазақ еншісіндегі жер екеніне ешкім дау айта қоймас. Дегенмен ол сөздің жас ұрпақ санасына мәңгілікке жатталып, жазылып қалуына қай-қай­сымыз да осындай штрихтар арқылы үлес­кер бола беруіміз керек. Біз­дің ру­хымыз қасиетті қара жерге, атақонысқа бай­ланған. «Көшпенділер» фильмі­нің басталған беттегі осынау бір ғана сөйлемі, демек біздің ұлттық кодымыз­ды сонау екі мы­ңыншы жылдардың басында-ақ оятқан рухани жаршы болатын.

 «Жаужүрек мың бала»

Қазақ тарихының қаншама ғасырлық жолын бір ғана мақалада бес-алты фильм­ге шолу жасай отырып жүріп өтем деу бекершілік. Дегенмен тәуелсіздік таңымен бірге таласа жүріп түсірілген тарихи драмалар арқылы біз біршама тарихымызды тасқа басып, таспаға таңбалап үлгердік. Сол сүбелі еңбектердің қата­рында режиссер Ақан Сатаевтың «Жау жүрек мың баласын» да атап кеткеніміз жөн. Себебі еркін ойлы, азат елдің аң­сарлы ұл-қыздарының жігерін қайрап, қазақтың рухын тірілткен бұл тарихи драма шетелдік актерлерге күнімізді түсір­мей-ақ күрделі жобаны өзіміз еңсе­ре алып шығатынымызды шын дәлелдеп берген шығарма болатын.

Қазақ жастарының ұлттық рухын оятуға, батыр бабалардың қасиетті аруақ­­тарын құрметтеуге шақырған тарихи көркем фильм «Көшпенділерден» кейін араға алты жыл салып, 2012 жылы тұсауы кесілді. Отандық кино әлеміне жарқ етіп шыққан жақсы туынды ә дегеннен елдің ыстық ықыласына бөленіп үлгерді.

Елбасының «Біз тәуелсіз еліміздің бүгінгі биігінде тұрып, осы күнді арман­даған бабаларымыздың биік мұраттары алдында, жан алысып, жан беріскен алмағайып замандарда азат­тық үшін күрескен аталарымыздың әз аманаты алдында, ел бостандығы жолында құрбан болған есіл ерлеріміздің мәңгі өшпес рухы алдында басымызды иіп, тағ­зым етеміз», деген тағылымды сөзімен шымылдығын түрген ол кино кар­тина әлі де өзектілігін жойған жоқ. Себебі біздің күшіміз бір­лікте десек, ымырасыздығымыз ынты­ма­ғымызға кесел. Аталған фильм осы тұрғыдан алған­да Алаш баласын әрқашан береке мен ынтымаққа үндер үздік картина.

 «Қазақ хандығы»

Біздің тарих – еркіндікке ұмтылған ұлы шайқастардағы қылыштың жүзімен, тұлпарлардың болат тұяқтарымен жазыл­ған қатпары қалың аса күрделі тарих. Оны келешек ұрпақтың зердесіне тоқу­да бір ғана әдебиеттің, не болмаса білім, мәдениет салаларының күші аздық етеді. Сол себепті де мемлекет өнердің әртүрлі саласына қаржы бөліп төл тарихымызды кеңінен насихаттауда үлкен жобаларды қолға алды.

«Қазақ елі» жобасының «Алмас қы­лыш», «Алтын тақ» кино дастандары Қазақ хандығының 550 жылдық мерей­тойы қарсаңында жарық көрген жар­қын жобалардың алды болды. Бұл ауқымды тарихи жобаның да авторы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екенін айта кетуіміз керек. Тарихи туындының сценарийі жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогия­сының «Ал­мас қылыш» романының негізінде жа­­зыл­ғанын көп­шілік жақ­сы біледі. Тарихи кино­дастанның қоюшы режис­сері Рүс­тем Әбдіраш болса, аталған ұлт­тық жо­ба­ның сәтті жү­зеге асуына кино саласында жүрген небір майталман актер, өз ісінің жетік мамандары жұмылды.

Әрине, қазақта талантты актерлер өте көп. Дегенмен солардың ішінде ре­жис­серлігімен де, актерлік ше­бер­­лігімен де, ісімен де, сөзімен де ел егемендігі жолында аянбай тер төк­кен тұлғалардың бірі – Досхан Жол­жақсынов болды. Біз жоғарыда атап кеткен түгелге дерлік фильмде түрлі образды әр қырынан шебер сомдап шыққан корифейді қазақ киносының қажырлы қайраткері десек қателеспеген болар едік.

Ол «Құнанбай» тарихи көркем фильмі үшін Мем­лекет­тік сыйлық­тың лауреаты атанды. Бұл әл­бетте, тәуел­сіз­діктің тәтті жемісі болатын. Әйтпесе, сонау Кеңес заманында бір ғана «Қыз Жібектің» үш түрлі нұсқасы түсіріліп, қырағы көз цен­зурадан өтпей қалған қаншама еңбек желге ұшқан жоқ па? Кино сала­сындағы бұл түйткіл әлі де шешімін таппай отыр. Біздің Кеңес өкіметі тұсында түсірілген көп фильміміздің негативтері әлі күнге дейін Мәскеудегі кино мұрағаттарда жатыр. Яғни біз әлі күнге тамсанып көріп келе жатқан классикалық туындылардың барлығы дерлік дубликат картиналар. Осы тұр­ғыдан алғанда тәуелсіздікпен бірге кино саласына берілген зор мүмкіндіктер – ол шын өнерге көрсетілген үлкен қолдау.

Біз көбіне мемлекет маған не бер­ді деп шетін ойлап шамырқанып жататынымыз бар. Шындығында біз мемлекетке не бердік деп қарар болсақ, тәуелсіздікті бойтұмар еткен небір дара есімдердің ерекше өнер һәм өмір жолы алдымыздан шамшырақ ұстап шыққандай әсерге бөлер еді.

Біз шынымен де, бұл егемендікті бізге берілген сый деп емес, ертеңгі болашаққа аман сақтап апаруымыз керек аманат деп қабылдар болсақ, оның салмағының қаншалықты ауыр екенін аңғарар едік.

Кино саласы сол тәуелсіздікті кейінгі ордалы отыз жыл мұғдарында белгілі бір деңгейде жан-жақты насихаттай алды.

Экранға еркін ойлы жас қазақ шық­ты. Еркіндіктің бөрілі байрағын биік көтеріп, асқақ рухты айбынды жырлай алды.

«Қазақ хандығы» кинодастаны көрсет­кендей, біздің азаттығымыз ол – «Алмас қылыштың» айбынымен жеткен қайырлы «Алтын тақ»!

«Томирис»

Жалпы, егемен еліміздің тәуелсіз жас буыны Ұлы дала төсінде көшпелі ғұмыр кешіп, ат үстінде алып сахараға иелік еткен сақ, ғұн, түрк қағанаттарының заңды мұрагерлері ретінде асқақ рухқа шомып өсті. Бір ғана Тұмар патшайымның пар­сылармен соғысындағы ерлікті істе­рін жаттап өскен жас ұрпақ егемен­діктің ерекше құбылыс екенін еркін сезінді.

Бұл ретте де «Қазақфильм» ұлы та­рих­­тың осы бір маңызды мезетін келешек жастарға керемет кинокартина ретінде рухани азық етіп ұсына білді. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген «Томирис» фильмінің жетістіктері туралы тіпті көп айтуға болады. Режиссер Ақан Сатаев тү­сірген туынды былтыр Парижде өт­кен франциялық L’Étrange Festival кино­фестивалінің Гран-приін жеңіп алды. Осыған орай Франциядағы ең ірі ақылы телеарналардың бірі Canal+ арнасы фильмді көрсету құқығын сатып алып, прайм-тайм уақытында көрсетті. Сонымен қатар Жайдарбек Күнғожинов бастаған қазақстандық Nomad Stunts каскадерлер тобы «Томирис» фильмінде трюктерді қойғаны үшін Дүниежүзілік Каскадерлер академиясының (АҚШ) беделді Taurus сыйлығын алды.

Ұлы дала патшайымы туралы отан­дық туындыны Arclight Films компа­ниясымен ынтымақтастықтың арқа­сында Америка, Ұлыбритания, Түр­кия, Италия, Испания, Жапония, Таяу Шығыс, Оңтүстік Корея, ТМД, Син­га­пур, Румыния және Францияның дис­трибьюторлары фильмнің көрсету құқығын сатып алды.

Түйін

Қорыта айтқанда, тәуелсіздікке жетіп, ел егемендігін алғаннан бергі уақытта таспаға түсіп, талабы да, талғамы да жо­ғары көрерменге жол тартқан әрбір кино картина – бұл сөзсіз тәуелсіздік тартуы.

Біз ел егемендігінің ордалы отыз жылында қаншама жетістікке қол жеткіздік. Бай мұрамызды түгендедік, байтақ шека­рамызды бекіттік. Көк туымызды ең­селене көтердік, Әнұранымызды асқақ­тата шырқадық. Осы қастерлі құбы­лыс­тардың барлығы біз жоғарыда атап кеткен, көбісі айтылмай қалған көркем фильмнің түгелінде дерлік айқын бейнеленген.

Біз бодандықтың бұғауынан босаған бетте арыстарымыз жүрегімізге жаққан жігерлі отқа жылындық, біз Алаш идеясынан нәр алған жасампаз ұрпақты дүниеге әкелдік, біз Тұран рухын мойнына тұмар еткен текті бабалардың жолын жалғадық.

Бұл асқақ рух пен айбынды жігердің барлығы – ертеңгі жас ұрпаққа жол-бағдар болуға тиіс.

Біз тарих арқылы тамырымызды танимыз.

Егемендікпен жеткен жетістік­терімізді еселей беруіміз керек.

Отыз жылда атқарылған орнықты іс­терді орайлы жалғастыра білсек, алынбас асу, бағынбас бекініс қалмайды.

Өнердің қай түрі болсын, алдымен, ұлт­қа қызмет еткені дұрыс. Бұл рет­те ұлттық ки­но­мыздың ұстыны берік, ұлағаты зор.